9.10.2026, 17:00
Оқылды: 19

Кәсіпкерлер арнайы салық режіміне көшуде

Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласында 115,1 мың адам жұмыс істейді. Бизнес 649,5 млн теңгенің өнімін өндірген.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы  басшысының  орынбасары Бауыржан Сатқалиев баяндады. 

бауыржан саткалиев

Бүгінде бизнеске қолдау көрсететін бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Мәселен, кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялайды және грант қаражатын береді. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Оның 2,0 млрд теңгесі субсидияға, 156 млн теңгесі грантқа бағытталмақ. «Өрлеу» жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге 25,5 млрд теңгеге 188 кредит берілді. Ал кепілдік қоры шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалы 4,4 млрд теңгеге 29 кепілдік ұсынды. «Шағын және орта кәсіпкер-лік субъектілерін қаржыландырудың өңірлік бағдарламасы» шеңберінде бизнес өкілдеріне 50,0 млн теңгеге дейін 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру көзделген. Осы мақсатта былтыр жергілікті бюджеттен 200,0 млн теңге бөлінді. Серіктес банк ретінде «Forte-Bank» АҚ айқындалды. Қазір-гі уақытта 93,0 млн теңгеге екі кредит берілді. Биылдан бастап ұсақ және шағын кәсіпкерлік субъектілері кредиттерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялайтын «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Жыл басынан бері жалпы несие сомасы 596,0 млн теңгені құрайтын 17  жобаға  қолдау  көрсетілді.

– Гранттар беру қағидаларына өзгерістер  енгізілді. Соған сәйкес 2024 жылдан бастап қайтарымсыз гранттар конкурсына тек әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері қатыса алады. Оларға 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру көзделген. 2026 жылы бұл бағыт бойынша 156 млн теңге бөлінді, – деді Бауыржан Табиғатұлы. Облыста 175 әлеуметтік кәсіпкерлік тіркелген. Былтыр 33 кәсіпкерге 147 млн теңгенің гранты берілген.

Биыл 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енді. Қоғамда «Жаңа талаптардың әсерінен бизнестер жабылып жатыр» деген мәселе жиі талқыланып жатыр.  Осыған орай басқарма басшысының орынбасарына «Облыста жұмысын тоқтатқан кәсіпкерлік нысандары бар ма? Жыл басынан бері нешеуі жабылды? Олар бизнестің қай салалары?» деген сауал қойдық.

– Жыл басында өңірде жұмыс істеп тұрған 57 мың кәсіпкерлік нысаны болса, бүгіндері 53 мыңға азайды. Яғни түрлі бизнес нысандары 7 мыңға қысқарды. Соның ішінде ең көбі сауда қызметі  (3 мыңдай), көлік саласы (2 мыңдай) болып отыр. Жүргізілген талдаудың нәтижесіне қарасақ, қысқартылғандардың 90 пайызы – жеке кәсіпкерлер. Жаңа Салық кодексіне сәйкес салық салу тәртібі мен негізгі талаптар өзгерді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режімі (АСР) қолданысқа енгізілді. Бұрын жеке кәсіпкер болып, патентпен немесе арнайы мобильді қосымшамен жұмыс істегендер жеке кәсіпкер есебінен шығарылып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына көшіп, АСР-ге өтті. Бұл бизнес нысандарының жабылып қалғанын білдірмейді. Сондай-ақ қосымша құн салығының мөлшерлемесі 16 пайызға көтерілуіне байланысты кәсіпкерліктер заңды тұлғаларға ауысып жатыр, – деп жауап берді Бауыржан Сатқалиев. Қазақстан заңнамасына сәйкес, жеке кәсіпкер – кәсіпкерлік қызметті жеке тұлғаның өзі жүзеге асыратын нысан. Ал заңды тұлға – жеке мүлкі бар, өз міндеттемелері бойынша сол мүлкімен жауап беретін, өз атынан құқықтар мен міндеттерге ие болатын дербес ұйым (мысалы, ЖШС, АҚ). Брифингте бизнеске қажет инфрақұрылым (ток, су, газ, жол) желілерін тартуға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні жөнінде сұрадық.

– ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысымен бекітілген «Инженерлік инфрақұрылым жүргізу  қағидалары» бар. Соған сәйкес бизнес нысандарының инженерлік инфрақұрылымы республикалық және жергілікті бюджеттердің, сондай-ақ ҚР Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады. Бөлінген қаражат сумен жабдықтау (ұңғыма бұрғылау), газдандыру, су таратқыштар, бу құбырлары, жылумен жабдықтау, су құбырлары, теміржол тұйықтары, кірме теміржолдар, телефон желілері, қосалқы электр стансалары, электр беру желілері, септиктер, бугаз қондырғылары инфрақұрылымын салуға (реконструкциялауға) бағытталады. Инженерлік инфрақұрылым шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің объектілері аумағының шекарасына дейін жүзеге асырылады. Бұл ретте кәсіпкерлік объектісі-нің аумағының ішінде инженерлік инфрақұрылым жүргізуге қаражат бөлінбейді. Қағида талабына сәйкес, мұндай көмекті алу үшін кәсіпкердің жобаға салатын инвестициясының көлемі 200 миллион теңгеден асуы тиіс.

Ал жоба құрылысының әзір-лік дәрежесі 30%-дан кем болмауы керек, – деді басқарма басшысының орынбасары.

 

Ясипа Рахимқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале