30.10.2026, 15:45
Оқылды: 8

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйледі

Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы түркі әлемінің тұтастығын нығайтып келе жатқан бірегей құрылым екеніне назар аударды, - деп жазады akorda.kz.

kz1-7863-2_mediumThumb

– Бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мызғымас қағидатымыз. Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай бірлесіп, алға нық қадам жасауда. «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» атты бүгінгі басқосу тақырыбының мән-мағынасы өте терең. Бұл жиын Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас өтіп жатыр. Мұның символдық мәні де ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани тұтастығымызды нығайту үшін ортақ мүдде жолында Баку қаласында үлкен жиын ұйымдастырып, күш біріктірген болатын. Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы орайда Режеп Тайип Ердоғанның бастамасымен Түркі мемлекеттері ұйымы аллеясының ашылғанын ерекше атап өтті.

– Бұл аллея мызғымас бауырластығымыздың символына айналады деп сенемін. Баршаңызға мәлім, қазір әлемдегі геосаяси ахуал ушығып барады. Таяу Шығыстағы жағдай, әсіресе, Ормуз бұғазы төңірегіндегі текетірес күрделене түсті. Мұның бәрі жаһан елдерінің, әсіресе, шекаралас түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланысына кері әсерін тигізуде. Қазақстан бір белгілі, яғни хусит деген әскери қозғалыстың бауырлас Сауд Арабиясына қарсы негізсіз шабуыл жасағанына наразылық білдірді. Осындай жөнсіз әрекеттерді тоқтату керек деген мәлімдемелерге қосыламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМҰ аясындағы экономикалық ықпалдастық айрықша рөл атқаратынына сенім артатынын айтты.

– Біздің еліміздің Ұйымға мүше елдермен алыс-берісі биыл 10 миллиард долларға жуықтады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға артып отыр. Осы қарқынды сақтап қалу үшін әлі де бірқатар шараларды іске асыруымыз керек. Ең алдымен, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Осы тұста Түркі мемлекеттері ұйымының 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет. Біз бұл құжаттың жобасында көрсетілген сауда, инвестиция, қаржы, өндіріс, ауыл шаруашылығы, цифрлық технология, білім-ғылым және басқа да салаларды дамытуға қатысты шараларды қолдаймыз. Ең бастысы, бес жылға арналған стратегияда нақты жобалар көрініс табуы керек. Сондықтан Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін барынша қолдану қажет. Оның әлеуеті зор. Бұл қаржылық институттың толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап берсек, жөн болар. Бұған қоса, экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндігін пайдаланған абзал. Қазақстан бұл құрылымға төрағалық еткен кезеңде бірқатар шаралар өткізіп, маңызды құжаттар әзірледі. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатымен келесі жылы Қазақстанда Іскерлік форумын өткізуді ұсынамыз. Біздің ойымызша, Ұйымымыздың аясындағы Ақсақалдар кеңесінің жұмысы да өте маңызды. Осы құрылымға қаржылай және басқа да түрлі көмегімізді көрсетуіміз қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты нығайту жолында «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын қолданудың маңызы зор екеніне мән берді.

– Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе Ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің Ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті тереңдету басым міндеттің бірі деп санайды.

– Түркі әлемін өзара байланыстыру ісінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының алатын орны ерекше. Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі де 20 пайызға көбейіп, 6,5 миллион тоннаға жетті. Осы орайда, біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түсу үшін елімізде басымдық ретінде арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын болдық. Жалпы, еліміз үшін Орта дәліз бойындағы логистика инфрақұрылымын және теңіз порттарын жаңғырту жұмысының маңыздылығы өзгермейді. Алайда басқа көлік-логистика бағдарлары, яғни, Солтүстік-Оңтүстік дәлізі, «Бір белдеу, бір жол» жобасы және өзге де жолдар Қазақстан үшін өте пайдалы әрі тиімді болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту – бүгінгі күннің талабы.

– Елдеріміз жаппай цифрландыру мәселесімен белсенді түрде айналысып жатыр. Қазақстан цифрлық ел болуды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта ауқымды жұмыс істелуде. Биыл елімізде – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылды. Жасанды интеллект саласына қажетті мамандар даярлайтын Qazaq AI Research университеті ашылды. Қуаттылығы 1 ГигаВатт болатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылып жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Таяу арада үшінші өте қуатты суперкомпьютер өз жұмысын бастайды. Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды. Қажет болса, осы тәжірибемізді бауырлас елдермен бөлісуге дайынбыз. Өздеріңізге жақсы белгілі, биыл мамыр айында Түркістанда өткен басқосуда жасанды интеллект және цифрлық даму мәселесін талқыладық. Қазір сол жиында көтерілген бірқатар маңызды бастаманы жүзеге асырып жатырмыз. Бұдан бөлек, жақында Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Осы бірегей жобаның игілігін түркі мемлекеттері де көре алады. Бұдан бөлек, әлі де жедел атқарылуға тиіс жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, Киберқауіпсіздік кеңесін, Цифрлық мониторинг және инновациялар орталықтарын құру бастамасын жүзеге асыруды тездеткен жөн. Бұл жобалар елдеріміздің цифрлық саладағы ынтымақтастығын нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі дамыту мәселесі де әріптестіктің маңызды бағытының бірі екенін айтты.

– Қазақстан түркі халықтарының тарихи мұрасын зерделеу, сақтау және дәріптеу ісіне айрықша көңіл бөледі. Мен биыл Түркістанда өткен басқосуда Түркі өркениеті орталығын және дала өркениетін дәріптеуге арналған «Мәңгілік ел» орталығын құруды ұсындым. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда, Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенцияны тездетіп қабылдаған жөн деп санаймыз. Сонымен қатар елімізде «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық ауқымды еңбек әзірленіп жатыр. Осы жұмысқа белсене қатысқан түркі елдерінің ғалымдарына шынайы алғыс білдіреміз. Академиялық еңбек тарихи оқиғаларға ғылыми тұрғыдан кең ауқымда, шынайы және әділ көзқараспен қарауға көмектеседі, – деді ол.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға қарасты құрылымдар да іргелі істер атқарып жатқанын атап өтті.

– Түркі академиясының бастамасымен ортақ тарихи және мәдени ескерткіштерге арналған бірқатар еңбектер жарық көрді. Атап айтқанда, «Түркі әлемінің киелі географиясы» үш томдығы, «Көне түркі жазбаларының» бес томдық каталогі дайындалды. Сондай-ақ «Қазіргі түркі тілдері сөздігінің» 25 томдығы басылып шықты. Бұл еңбектер – түркі ғалымдары жұмысының үлкен нәтижесі. Сонымен қатар Түркі мәдениеті және мұрасы қоры «Turkic Heritage» халықаралық цифрлық платформасын дайындады. Бұл бірегей цифрлық өнім түркі халықтарының тарихын, әдебиетін, мәдениетін танып-білуге мүмкіндік береді. Түркі әлемінің тарихында Алтайдың алатын орны ерекше. Биыл Қазақстанда «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі жоғары деңгейде өтті. ИСЕСКО ұйымының шешімімен киелі Түркістан шаһары келесі жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атанбақ. Біз осы бастама аясында түркі өркениетінің рухани үндестігі мен сабақтастығын сақтауға ықпал ететін ауқымды шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, әдебиет пен тіл мәселесіне арналған Қожа Ахмет Ясауи халықаралық форумын, сондай-ақ Түркі және ислам әлемі мұражай ісі мамандарының жиынын өткіземіз. Ғалымдарымызды осы іс-шараларға белсене атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымын институционалдық тұрғыдан дамытуға айрықша назар аударуға шақырды.

– Соңғы жылдары Ұйым қызметінің аясы кеңейді, бұл құрылым 60 түрлі бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Дегенмен олардың кейбірі бір-бірін қайталайтыны жасырын емес. Сондықтан ортақ істе басымдық берілуге тиіс салаларды анықтап алуымыз керек. Жалпы, алдымызда тұрған міндеттер мен басымдықтарды айқындау қажет. Сонымен қатар Ұйымымыздың ең жоғары деңгейінде қол қойылған шарттардың ережелерін бұзуға болмайды деп санаймыз. Сондай-ақ Ұйым жанындағы Тұрақты өкілдер кеңесін құру маңызды екенін тағы да айта кеткен жөн. Биыл мамыр айында Түркістанда өткен ең жоғары жиында мен Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек деп айтқан едім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз соңында қазақта «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» деген мақал бар екенін еске салып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет ету керектігін айтты. Сонда түбі бір түркі жұрты да өсіп-өркендей береді.

– Бүгінгі басқосу Ұйым жұмысына жаңа серпін беріп, ықпалдастығымызды нығайта түседі деп сенемін. Осы орайда, Әзербайжан мемлекеті Ұйымға былтырдан бері төрағалық етіп, оның абырой-беделінің артуына мол үлес қосқанын баса айтқым келеді. Мен Әзербайжан тарапына ризашылығымды білдіремін. Енді төрағалық ету міндеті Түркияға жүктеледі. Алдағы уақытта да Ұйым аясында тың бастамалар жүзеге асырылады деп сенемін. Сондай-ақ Кубанычбек Омуралиев мырзаға табанды қызметі үшін алғыс айтамын. Ал жаңа Бас хатшы Мирвохид Азимовқа мырзаға сәттілік тілеймін. Алқалы жиынды жоғары дәрежеде өткізгені үшін Түркия Республикасының Президентіне тағы да ризашылығымды білдіремін, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ саммитте Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйледі.

Түркі мемлекеттері ұйымы 13-ші саммитінің қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды.

1793351618_KZ4_7604_2

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале