Құрбан айт күндері Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департамент мамандары арнаулы алаңдарда кезекшілік атқармақ. Осылайша санитария талаптары сақталуы, аумақ тазалығы, қалдық уақтылы шығарылуы бақыланбақ. Бұл туралы ӨКҚ-да Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Қаткенова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Сурет: istockphoto.com
Гаухар Қаткенова тұрғын үйлердің аулаларында, қоғамдық орындарда, көше мен рұқсат етілмеген басқа да аумақта мал сою қоршаған ортаны ластап, жұқпалы аурулар тарауына әкеп соғуы мүмкін екенін айтты. Талап бойынша мал соятын жерде қалдыққа арналған контейнер, ет сақтайтын тоңазытқыш, су жүйесі, өңдейтін және мал терісін сақтайтын орын болуға тиіс. Сонымен қатар, қасапшылар қолғап киіп, бетперде тағып, алжапқышпен, резеңке етікпен қамтамасыз етілуге тиіс.
Департамент өкілінің айтуынша, талаптар сақталмаған жағдайда қауіпті жұқпалы аурулар мен паразит жұқтыру қаупі артады. Соның ішінде бруцеллез, сібір жарасы, эхинококкоз, пастереллез бен адамға ауру малдан зооноз инфекциялар да жұғуы мүмкін екені де айтылды. Маман қала тұрғындарын тазалық сақтап, арнайы белгіленген жерде ғана құрбандық шалуға шақырды.
Құрбан айт - 2026
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) күнтізбесіне сәйкес 2026 жылы Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді. Құрбан айттың алғашқы күні - 27 мамыр, бұл күн - Қазақстанда ресми демалыс күні.