18.03.2024, 12:00
Оқылды: 41

Қазақ пен қырғыз кимешегінде айырмашылық бар

Елімізде ұлттық киім күні тойлана бастады. Қай заманда болмасын қазақ әйелдерінің басынан шәлі орамалы мен кимешек түспеген. Кимешектің тарихы тым тереңде. Үлкендердің айтуынша, қызының отау құрып, көп ұзамай құрсақ көтеріп, ана болуын тілеген аналар кимешекті алдын ала тіктіріп, сақтап қоятын болған. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі кимешек тігетін Гүлзат Рахымжанқызымен сұхбаттасқан еді.

d54fcb09-963e-42bc-8ae6-2b4a83c6ce8f

Фото: кейіпкердің мұрағатынан

– Кимешек тігуді қай уақыттан бері бастадыңыз? 

– Көзімді алғаш ашқаннан бері ең алғаш кимешекті әжемнен көрдім. Ол кісінің даналығын, даралығын бұл бас киім ерекше етіп көрсетіп, өзіне өң беретін. Бұрындары әжеміздің ақылын сұрап ауыл адамдары жиі келетін. Ол кісінің тәрбиесін көріп өскен мен қазақилықты бойыма сіңіріп өстім. Кейіннен әжеміз о дүниеге кеткеннен кейін кимешек киген адамды көрмедім. Іштей құлазыдым. Өзім орыс мектебінде оқып, университетті орыс тілінде бітірсем де, ұлттық салт-дәстүрді бойыма сіңірдім, қазақилықты жаным сүйді. Кейіннен өсе келе, Наурыз мейрамын тойлай бастаған кезде аяқ астынан кимешек қажет болды. Сол кезде базарларды табаным тозып қарап шықтым. Бірі кірленіп кетсе, енді бірі қолапайсыздау болды. Шыны керек, өзіме мүлдем ұнамады. Содан не керек, өзіме ыңғайлап бір түннің ішінде әжемдікіндей аппақ, мойыншақ тастармен оюланған кимешекті тігіп алдым. Жұмыстағы әріптестерім қызыға қарап, өздеріне де тігіп беруін өтінді. Осылайша кимешектің түр-түрін тігуді бастап кеттім.

– Тігіншілік кәсібіңіз бе, хоббиіңіз бе?

– Кимешек тігуді кәсіп ретінде бастай қоймадым. Әзірге сүйікті хоббиім. Көңілім құлази кетсе, түнімен отырып кимешек тігуді бастап кетемін. Қазір кимешек тігумен айналысқаныма 4 жылдың жүзі болыпты. Бастапқыда жора-жолдастарым тапсырыс берсе, бүгінде әлеуметтік желі арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен хабарласып, тігіп беруімді өтініп жатады. Ондай кезде қуанып қаламын. Себебі, менің ойға алған дүнием де осы еді. Кимешегімізді қайта жаңғыртып, сұранысын көбейту. Күнделікті күйбең тіршілікте де пайдаланып, оның қадір-қасиетін ұғынса екен деймін. Осы ретте тағы бір айта кететін жайт, кимешекке жеткенше әйел баласы бірнеше кезеңнен өтіп, әртүрлі баскиім киіп, бастың өзін «бастықтыруы» қажет. Айталық, сәби қыз дүниеге келгеннен бастап – сылау тақия, сырма тақия, көз моншақты тақия, балауса қыздар маңдайын кестелеген шыт байлама, бойжеткендер маржандаған кепеш, топы, үкілі тақия немесе қалыңдықтар қарқаралы бөрік, сораба және сәукеле, қасаба киген. Келін болып түскенде үстіне салы (шәлі) жамылған. Бір балалы болғанша салы, байлауыш байлап жүрген.

– Бас киімнің пішінін, көлемін қалай аңғаруға болады?

– Кимешектің күрделі пішімі – басқа киілетін бөлігі. Ол – «төбелдірік», «шықшыт», «желке», маңдай», «алқым», «иін» деп аталатын бедер қиындылардан құралады. Кимешек ұзындығына қарай – арқа жабар, бел жабар (түйе кимешек), қылта шалғай, өкше қағар болып төрт өлшемге бөлінеді. Кимешектің киюге де, күтуге де ыңғайлы түрі – тоқыма кимешек.
Тоқыма кимешек «киім-кешек» деген түбірге лайық төбесінен етегіне қарай ілмек (қармақ) бізбен тоқылып, иықтан төмен түскенде кәдімгі желбегей жамылғыға жалғасып, түрлі бүршіктермен шашақтап, шілтерлеуге, әрлеуге мүмкіндік береді. Күндік, қасаба, сәлденің түрлері сияқты тоқыма кимешектер де жаздық, қыстық болып бөлінеді. Арқа жабар көбіне ғибадат құлшылық жасау, намаз оқуға ыңғайлы. Түйе-кимешек – үлгінің ертеден қалыптасқан түрі. Аты айтып тұрғандай түйеге, басқа да көлікке отырғанда бүктелмейді, ұзындығы құйымшақтың ұшымен тұйықталады. «Күндігін қарқарадай қоқитып, түйенің үстінде келе жатыр» деген сөз тіркестері бар. Шалғайы қылтасын, қапталы бөксесін жауып киілетін кимешек – тойға да, «қойға да» ыңғайлы, күнделікті тұрмысқа қолайлы болған.

– Бүгінгі кимешектердің жоғары жағында орналасқан қорап жайында айта кетсеңіз. 

– Кейінгі кездері базарларда кимешектің бас жағына қорапты салып қоятындар көбейіпті. «Заманына қарай амалы» дегеннің кейіпі болар. Алайда бұл дұрыс емес, бұрынғы әжелеріміз кимешектің жоғары жағын киізден жасаған, суық өтпесін деген. Кардоннан жасалған кимешек дөңгеленіп қолапайсыздау болып тұрады. Қазіргі таңда қарап отырсам, көбісі қырғыздың кимешегімен қазақтың кимешегін шатастырып тіге береді. Әрине, онда тұрған ешнәрсе жоқ, алайда бір туған болсақ та, екі елдің екі түрлі салт-санасы, таным-түйсігі барын естен шығармағанымыз абзал. Қырғыз әйелдері «элечек» деп атаған бас киім киген. Олардың тігісі мен матасы қалың әрі биіктеу көрінетін. Ал қазақ әйелдерінің кимешегі екі бөлімнен тұрады. Үстіңгі тюрбан мен астыңғы ақ орамал. Екі елдің бас киімінде де негізгі бөлімдері мен пішіндері ұқсас келеді. Әлгіндей кішігірім климаттық жағдайға қарай өзгерген.

Мен кимешек тігумен айналысқалы бері жасы біразға келген әжелерімізге, аналарымызға осынау киелі бас киімді сыйға тарта бастадым. Алдағы уақытта шәкірттер дайындап, оларды осы кәсіпке баулып, киелі кимешек киетін аналардың санын көбейтсем деймін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале