11.03.2021, 20:09
Оқылды: 559

«Қазақавтожолға» 88,5 миллион теңге айыппұл салынды

Ақпан айының қош айтысқанына екі апта өткенімен, жаяу бұрқасын басылмай, жолаушыларды әбден әбігерге салуда. Ақ түтек боран кезінде республикалық маңызы бар Атырау-Орал автокөлік жолында қайғылы жол-көлік оқиғалары көбейді. Жолды күтіп ұстауға міндетті мердігер басшылығы автожолды тазалау жеткілікті дәрежеде жүргізу қиын екенін мойындап отыр. Бейсенбі күні «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі облыстық департаменті мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК және «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның БҚО-дағы филиалдарының өкілдері жол тазалаушы кәсіпорын қызметін тексерді.

жоллл

Орал-Атырау автожолы учаскесінде БАҚ өкілдері сұрағына жауап берген «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Ельдар Садықтың айтуынша, республикалық автожолдар желісінің 1414 шақырымы облыстық филиал қарауында. Қазіргі кезде осы автожолдың 248 шақырым бөлігі күрделі жөнделуде. Қалған 1176 шақырым автожолды күтіп ұстауды мердігер – «Қазақавтожол» ЖШС-на міндеттеген.

эльдар

Ельдар Садық Орал-Атырау автожолына 15 жылдан бері оңалту жұмысы жүргізілмегенін айтты. Содан бері көлік ағыны әлдеқайда ұлғайғаны мәлім. Қазіргі уақытта жаңғырту жұмысына байланысты жобалық-сметалық құжаттама дайындау үшін конкурс рәсімі жарияланған. 2022 жылы Орал-Атырау автожолының 189-492 шақырым аралығындағы учаскесін, яғни 303 шақырым бойынша құрылыс-монтаждау жұмысын бастау жоспарға енгізілді.

Наурыздың алғашқы онкүндігі өтсе де, «Қазақавтожол» ЖШС-на қарасты сегіз жұмысшы мен оншақты техника тәулік бойы жолға бораған қарды аршумен жүр. «Былтырғы желтоқсан айының 28-інен бері күн райы күрт өзгерді, аяз күшейді, боран соқты, автожолдар қайта-қайта жабылумен болды. Егер елу метр қашықтан көз аштырмайтын ақ түтек боран соқса, «Қазавтожол» АҚ филиалы және «Қазақавтожол» ЖШС, жергілікті полиция құрылымдары және төтенше жағдай департаменті бірлесіп арнайы қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында шешім қабылдайды. Ақпан айының 22-сі және 26-сы күндері бірнеше адам өліміне соқтырған көлік апаты болды. Соған байланысты ведомствоаралық комиссия құрылып, оқиға орнын тексердік. Тексеріс барысында жолдың уақтылы аршылғаны мәлім болды. Біздің филиал қызметкерлері мердігер жұмысын тұрақты тексеріп отырады, жол учаскелерін қадағалайтын куратордың сын-ескертпесін орындамаса, айыппұл салуға ұйғарым шығарады», - деді Ельдар Ерсайынұлы.

«Қазақавтожол» ЖШС облыстық филиалы бас инженерінің міндетін атқарушы Аңсар Рахматуллин қар аралас жаңбыр жауып, қатты аяздан көктайғақ болуынан, енді бір күні ұйытқып соққан боран салдарынан қарқынды жұмыс істей алмағандарын айтты.

«Жұмыс сапасына қатысты кемшіліктер болып жатқаны рас. Нормативке сай жол аршу, қарды күреп тастау, құм-тұз қоспасын себуді уақтылы үлгертуге тырысып жатырмыз. Бірақ қалың қар түскенде, жол талғамай жүретін КДМ-көліктер күші жетіспей жатыр. Басқа кәсіпорындардан жалға алуға келіскенімізбен, қолайсыз ауа райынан олардың техникалары қауырт жұмыстан босамады. Биыл біздің кәсіпорынға 84 техника қажет болып еді. «Қазақавтожол» базасында 50 техника бар. Қазіргі кезде оған қоса 16 техниканы жалға алып отырмыз. Боран ұйытқып соққанда, қар аршу, мұздақты алып тастауға жұмысшыларымыз шыға алмайды. Себебі жолдың тазаланған тұсына лезде қар толып қалады», - деп түсіндірді Аңсар Рахматуллин.

аңсар

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚО филиалының инженері Зауырбек Қыпшақбаевтің мәліметіне сүйенсек, орталық мамандары облыс бойынша автожолдар құрылысы материалдарының сапасын тексеруде. Жыл басынан бері жүргізіліп жатқан бақылау жұмысы нәтижесінде жол құрылысына қатысты 40-қа жуық ақау анықталды.

Инженердің айтуынша, «Қазақавтожол» ЖШС 4-тен бастап 10 сағатқа дейін жол аршуға міндетті екен. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының республикалық маңыздағы автожолдардың жай-күйін барлау үшін 21 мәрте жолға шықты. Жол құрылысы материалдарынан 28 сынама үлгісі алынып, оның төртеуі талапқа сай емес екенін анықтады. Құрылыс нысандарында 14 бұзушылық анықталды. Тапсырыс беруші мен мердігерлерге сынама нәтижесі бірден жолданып, барлық бұзушылық жойылды.

Мамандар мердігерге қар мен мұз шөгінділерін, орамдарды жою мерзімдерін сақтай отырып, көлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін құм-тұз қоспасындағы тұзды 8-10%-дан 16%-ға дейін арттыруды ұсынды. Ұлттық сапа орталығы тапсырыс беруші ұйым – «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалымен жол сапасын қадағалауды бірлесе жүргізіп, мердігер жұмысының сапасы төмен болғанын анықтады. Қаңтар айында ЖШС-ға 74 миллион теңгеге жуық, ақпанда 14,5 миллион теңге айыппұл салынды. Бұдан бөлек, инспекция тобы жергілікті автожолдар құрылысынан 24 бұзушылықты анықтап, үш сынаманың талапқа сәйкес еместігін дәлелдеді. Бірақ бұзушылықтар бойынша түзету жұмысының түгелге жуығы орындалмай отыр.

Биыл алай-дүлей боран көзге перде болып, жолдарға қар үйіп тастады. Қыс қаһарына қарсы тұруға қауқары келмеген мердігер жұмысына автожолда жүретіндер наразы жиі болуда. Қалың жұртшылық тарапынан құзырлы құрылымдар бақылауында деген халықаралық және республикалық автожолдар желісіне қатысты сын-ескертпе қарша борауда. Мұның қасында қар құрсауында қалып қойып жататын ауылдағы ағайындардың халі нешек деп сұрамай-ақ қоялық. «Ел ерге қарайды, ер жерге қарайды» дегеннің кебін киген тексеруші тарап «Қазавтожол» компаниясына сұрау салса, тапсырыс беруші «Қазақавтожол» серіктестігіне шүйіледі. Барлығының илеп жүргені – бір терінің пұшпағы. Облыс әкімі «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның облыстық филиалы мен оның қарауындағы мердігер өкілдеріне «Техникаларың тастүйін дайын ба?» деп сан мәрте сұрау салғанын талай көрдік. Атырауға дейін созылып жатқан тас жол талай тағдырды жұтып қойып жатыр. Адам өмірі бар қазынадан биік тұруы тиіс. Ел бойынша автожолдардың айнадай жарқырап, тақтайдай тегіс болуына жауапты компания монополияға айналып бара жатқандай. Бұл бағытта бәсекелес орта қалыптастыруға ұсыныс жасау – сарапшы мамандар назар аударуы тиіс, күн тәртібінде күйіп тұрған тақырып қой. Әзірше, жыл сайын көтеріліп отыратын күрмеулі түйткілді жыр қылмай, мердігердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, жүйелі жұмыс жүргізуді тәртіпке келтіру – «Қазавтожол» ҰК» АҚ-ның кезек күттірмес басты міндеті екені айқын. Осыған байланысты барлық деңгейдегі жол тазалаушы кәсіпорындардан көпшіліктің сұрау салары мен талап етері жылдан-жылдан үдеп келе жатқанын құзырлы құрылымдардың ескергені жөн-ау?!..

 

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале