17.11.2021, 17:25
Оқылды: 92

Қазақстан ауған халқына азық-түлік жеткізу көлемін арттыруға дайын – Елбасы

Қазақстан ауған халқына азық-түлік жеткізу көлемін арттыруға дайын. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

21

«Ауғанстандағы күрделі ахуалды тұрақтандыру үшін халықаралық күш-жігерді шоғырландыру маңызды. Қазақстан бұл процесс аясында маңызды орталық болуда үлкен әлеуетке ие. Біз Карзай мырзамен ол Президент болған кезден-ақ бірге жұмыс істеуді бастадық және мыңдаған ауған Қазақстанның оқу орындарында оқып, мамандық алды және еліне оралды. Үнемі гуманитарлық көмек көрсеттік және қазір де оған дайынбыз», - деп еске алды Елбасы «Астана клуб-2021» отырысында.

ҚР Тұңғыш Президенті осы жылдың тамызында Алматыға БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі миссиясы қызметкерлерінің көшіп келгенін еске салды.

«БҰҰ да Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін Алматыда халықаралық логистикалық хаб құру бастамамызға қолдау көрсетті. Қазан айының ортасында делегациямыз Ауғанстанға барып, ауған халқына 5 мың тонна қазақстандық ұн жеткізді. Халықаралық донорларды Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету және қалпына келтіруде Қазақстанды белсенді пайдалануға шақырамын. Осы тұрғыда менің Алматыда БҰҰ-ның Ауғанстанды оңалту халықаралық орталығын құру идеямның өзектілігі арта түседі. Қазақстан БҰҰ тетіктері арқылы ауған халқына азық-түлік жеткізу көлемін арттыруға дайын. Осы орайда Қазақстанда құрылған «KazAID» халықаралық даму агенттігін қарқынды іске қосу қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале