ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, Астанада ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Кариннің төрағалығымен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты жаңа академиялық жеті томдық басылымның қорытынды отырысы өтті.

Фото: gov.kz
Жиында көптомдықтың соңғы, жетінші томын әзірлеу жұмыстары қорытындыланып, оны баспаға ұсыну туралы шешім қабылданды.
Бұл ауқымды еңбек Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жүктелген міндеттер аясында әзірленді. Жоба Ұлы даланың мыңжылдық тарихын, мемлекеттіліктің қалыптасу сабақтастығын заманауи зерттеу әдістері мен жаңа дереккөздер негізінде жүйелеуді мақсат етеді. Ерлан Карин бұл еңбекті әзірлеуге 350-ден астам отандық және әлемнің 12 елінен 56 шетелдік ғалым атсалысқанын атап өтті. Оның айтуынша, академиялық зерттеулер барысында қалыптасқан жаңа ғылыми тұжырымдар Конституцияның преамбуласына «Ұлы даланың мыңдаған жылдық мұрасын сақтай отырып» деген маңызды норманың енгізілуіне де негіз болған.
Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен жетекші ғалымдар «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталатын жетінші томның қолжазбасын пысықтады. Редакциялық алқа мүшелері — тарихшы Еркін Әбіл, әлеуметтанушы Айдос Сарым және PhD доктор Михаил Ақұловтың ұсыныс-пікірлері толық ескеріліп, кітапқа тиісті түзетулер енгізілді.
Басқосу соңында Ерлан Карин авторлар ұжымына алғыс айтып, редакция алқасының мүшелеріне еліміздің Ата заңының жаңа даналарын салтанатты түрде табыс етті.