6.01.2023, 10:00
Оқылды: 49

Қазақстанда 2022 жылы 3 млн адамның жалақысы өсті

Әлеуметтік саланы дамыту, халықтың денсаулығын жақсарту, азаматтарды жұмыспен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Биыл елімізде ашылған жаңа мектептер, ауруханалар мен мәдени-қоғамдық нысандардың саны артты. Әлеуметтік төлемдердің де көлемі өсті. Әлеуметтің жағдайын жақсартқан жаңашылдықтар туралы толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

1

Денсаулық сақтау саласы: өлім-жітім 28%-ға азайды

Денсаулық сақтау жүйесі – қоғамның әлеуметтік өмірінің ең маңызды саласы. Елімізде емханалар, жалпы денсаулық сақтау саласына қатысты нысандар қатары артып келеді. Биыл жаңадан 87 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны іске қосылды. Оның ішінде 4 емхана, 24 дәрігерлік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік пункт және 43 медициналық пункт бар. Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде ашылған.

2

Ана мен бала өлімін азайту мақсатында тұқым қуалайтын ауруларды анықтау үшін жаңа туған нәрестелерді скринингтен өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарының жұмысы қайта жанданды. Олар шалғайдағы тұрғындарға медициналық көмек көрсетті. Ел тұрғындары жедел жәрдем қызметін 4 миллион рет шақырған. Ал МӘМС жүйесі арқылы (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен) 18 мыңнан астам күрделі медициналық қызмет және 1 миллионнан астам қымбат медициналық қызмет көрсетілген. Нәтижесінде жалпы өлім-жітім 2021 жылмен салыстырғанда 28%-ға, ана өлімі 3,5 есе төмендеген.

3

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» атты жаңа ұлттық жоба бекітілді, оның аясында 2026 жылға дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу, реконструкциялау және жарақтандыру, 12 аурухананы жаңғырту және 20 жаңа көп салалы аудандық аурухана ашу жоспарланып отыр.

4

Білім саласы: 400 жаңа мектеп салынбақ

Елімізде 2022 жылы 453 балабақша ашылды. Нәтижесінде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі 98,4%-ды құрады. 106 мың оқушыға арналған жаңа 201 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ былтыр Президенттің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданды. 2025 жылға дейін жаңа форматтағы 400 мектеп салынбақ. Олар қажетті оқу жабдықтары, бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен толықтай жабдықталады.

5

Мұндай мектептер бірыңғай стандарт бойынша салынады. Жайлы мектептерде ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалмақ. Ұлттық жоба арқылы орын тапшылығын болдырмау, апатты және үш ауысыммен оқытатын мектептерді мүлдем жою жоспарланған. Сонымен қатар мұғалімдерді даярлау және біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасады. Жалпы 2026 жылға қарай 100 мыңға жуық маман даярланады деп күтілуде.

6

Табысты арттыру: 3 млн-нан астам азаматтың жалақысы өсті

Әлеуметтік саланы сөз еткенде, азаматтардың табысын арттыру мәселесін айналып өтуге болмайды. 2022 жылы 3 млн-нан астам адамның жалақысы өсті. Дәрігерлердікі 30%-ға, мұғалімдердікі 25%-ға, бюджет саласы қызметкерлерінің айлығы 20%-ға, өндірістік қызметкерлердікі 10-50%-ға артты.

7

Ғалымдардың жалақысы 2 есе артып, ғылыммен айналысатын жас мамандарды қолдауға 1 000-нан астам грант бөлінді. Дарынды ғалымдарға (35 жасқа дейін) жыл сайын 50 мемлекеттік ғылыми стипендия беріледі, ал 2023 жылы студенттер стипендиясын тағы да көбейту жоспарланып отыр. Ауылдарда ел халқының шамамен 40%-ы тұрады, осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша таяу бес жылда шағын несиелендіру қолжетімді болып, ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жобаға 1 трлн теңге бөлінеді.

1 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылмақ

Елімізде қазіргі таңда шамамен 2,2 млн зейнеткер бар. Мемлекеттік жәрдемақы алушылар саны – 1,8 млн адам. 2022 жылы 140 мыңнан астам отбасына немесе 724 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 378 мыңнан астам балаға кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілді. Биыл 4,4 млн адам 4,6 трлн теңгеге ұлғайтылған әлеуметтік төлем алады.

8

Бұл бағытта «Отбасының цифрлық картасын» енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, ол проактивті форматта белгіленеді. Осы арқылы қазақстандық отбасылардың әлеуметтік тәуекелдерінің алдын алу жүйесі енгізілмек. Оны пилоттық іске асыру шеңберінде 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 26 мың азаматқа әлеуметтік төлем тағайындалды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, елімізде бала күтімімен байланысты ақылы демалыс мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылды. Бүгінгі таңда төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды. Екі және одан көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке-жеке тағайындалады. Бала өмірге келгеннен кейін республика азаматтарына автоматты түрде біржолғы жәрдемақы түседі: бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (130 мың теңгеден астам) және төртінші балаға – 63 АЕК (217 мың теңгеден астам).

Сондай-ақ мемлекет азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын тұрақты негізде іске асырып, жетілдіріп келеді. Былтыр осы жұмыс аясында 900 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған. Биыл шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.

2022 жыл қазақстандықтар үшін оңай болған жоқ. Десе де, еліміз саяси даму мен экономикалық трансформацияның жаңа кезеңіне аяқ басты. Күрделі сыртқы экономикалық жағдай, ішкі дағдарысқа қарамастан, Үкімет әлеуметтік саланы жоспарлы түрде дамытуды жалғастырып келеді. Ең бастысы, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жалғаса бермек.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале