Қазақстанда 2029 жылға дейін әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды жобалар іске асырылуда, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.

Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді орындау мақсатында Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен барлық әкімдік пен әуежай өкілдерінің қатысуымен арнайы кеңес өтті.
Жиында ұшу-қону жолақтарын салу және реконструкциялау, сондай-ақ жолаушылар терминалдарын жаңғырту жобаларының барысы қаралды.
Үш жылдық жоспар аясында еліміздің 7 әуежайындағы ұшу-қону жолақтарын жаңғырту көзделген. Атап айтқанда, Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларында 3 жаңа жолақ салынса, Алматы, Жезқазған, Тараз және Орал қалаларындағы қолданыстағы 4 жолақ реконструкцияланады. Сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Жезқазған, Семей, Павлодар және Үржар әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары бой көтеріп, кейбірі қайта жөндеуден өтеді.
Кеңес барысында жобалау-сметалық құжаттаманы уақтылы әзірлеу, қаржыландыру көздерін айқындау және мерзімдерді қатаң сақтау мәселелері пысықталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырма берілді.