
Үкімет қаулысына сәйкес, енді әуе тасымалын субсидиялау ресми түрде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шарасы ретінде танылды. Бұл әуекомпанияларға берілетін әрбір төлем бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының арнайы тізіліміне енгізілуі тиіс дегенді білдіреді.
Бұл ретте әуекомпаниялардың субсидия алуға берген өтінімдерін тексеру екі кезеңнен тұрады:
- бірінші кезеңде салалық цифрлық жүйе құжаттардың дұрыс рәсімделуін және толықтығын автоматты түрде тексереді;
- екінші кезеңде мемлекеттік тіркеушінің ақпараттық жүйесі әуе тасымалдаушының мемлекеттік қолдау алуға белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалайды.
Қаражат алу үшін әуе тасымалдаушылары дербес деректерді, сондай-ақ заңмен қорғалатын құпия мәліметтерді жинауға, өңдеуге және беруге келісім беруі тиіс. Тексеріс нәтижесі кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі уәкілетті органға тікелей жіберіледі.
Әуе билеттерінің бағасы өзгере ме?
Өзгеріс әуе билеттері құнына әсер етпейді. Жаңа ереже әуекомпанияларға субсидия беру тәртібіне ғана қатысты.
Бұл ретте мемлекет тасымалдаушыларға бұрынғыдай тасымалдаудан түскен табыс пен пайдалану шығыны арасындағы айырмашылықты өтейді. Сондай-ақ әуекомпанияларды конкурстық негізде іріктеу, әр айдың 20-сына дейінгі есептілік және 30-зына дейін субсидия аудару тәртібі сақталады.