Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, балабақшаларда, мектептерде және колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтарының мазмұны толықтай жаңартылды.

Фото: zhaikpress.kz фотомұрағатынан
Оған жасөспірімдердің күнделікті өмірде және цифрлық ортада тап болуы мүмкін қауіп-қатерлеріне арналған 140-тан астам жаңа тақырып енгізілді. ЮНИСЕФ және бейінді мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген бұл бағдарлама жеке және цифрлық қауіпсіздік, құқық бұзушылық пен алаяқтықтың алдын алу, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл мәселелерін қамтиды.
Сабақ мазмұны жас ерекшеліктеріне сай бейімделген: мектепке дейінгі жастағылар бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасауға үйренсе, бастауыш сыныптарда жеке шекара, интернет қауіпсіздігі мен эвакуация ережелері қарастырылады. Ал жасөспірімдер мен жоғары сынып оқушыларына буллинг, кибербуллинг, интернет-алаяқтық, дипфейктер, жасанды интеллектті қауіпсіз пайдалану, сондай-ақ дропперлік пен «оңай ақша» табу схемалары сияқты өзекті қауіптер түсіндіріледі.
Апта сайын сынып немесе кураторлық сағат аясында 10 минуттан өткізілетін бұл сабақтардың негізгі мақсаты — балалардың нақты өмірлік жағдайларда қауіпті ерте тануына және өздерін қорғай білуіне бағытталған практикалық дағдыларын қалыптастыру.