Биыл Қазақстандағы 1,2 млн гектар суармалы жерді суаруға шамамен 11 млрд текше метр су алу жоспарланған. Еліміздің су шаруашылығы ұйымдары шаруалармен 1,1 млн гектарға жуық ауыл шаруашылығы алқабын суаруға 11,4 млрд текше метр су алуды көздейтін 42 мыңға жуық шарт жасасты.
Жедел деректерге сәйкес, қазіргі уақытта 1,1 млн гектарға жуық егістік алқапты суармалы сумен қамтамасыз ету үшін нақты 11,1 млрд текше метр су пайдаланылды.
Атап айтқанда, Қызылорда облысында 122 мың гектар суармалы жерді суаруға 3,3 млрд текше метр су берілді. Түркістан облысында 412 мың гектар жерді суаруға 3,9 млрд текше метр су жеткізілді. Алматы облысында 124 мың гектар жерге 1,5 млрд текше метр, Жетісу облысында 146 мың гектар жерге 1,2 млрд текше метр су берілді. Жамбыл облысында 72 мың гектар суармалы жерді суаруға 714 млн текше метр су жеткізілді. Қалған өңірлерде 169 мың гектар жерді суаруға 414 млн текше метр су берілді.
Бүгінде еліміздің ірі су қоймаларында 57,9 млрд текше метр су жинақталған. Бұл - олардың жобалық көлемінің 67%-ы. Қолда бар су қоры гидрологиялық тұрақтылықты сақтауға, сондай-ақ экологиялық және табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын жалғастыруға жеткілікті.
Вегетация кезеңіне дайындық аясында су мөлшеріне қатысты болжамдар ескеріліп, оңтүстік өңірлерде көшпелі кеңестер өткізілді. Кеңестердің қорытындысы бойынша су пайдалану лимиттері келісіліп, егістік алқаптардың құрылымы оңтайландырылды. Мысалы, биыл күріш егісінің көлемі 21,6 мың гектарға қысқартылып, 100,5 мың гектардан 78,9 мың гектарға дейін азайтылды.
«Бас прокуратурамен бірлесіп қабылданған судың «қара нарығына» қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасы аясында белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Алғаш рет «Қазсушар» РМК мен тұтынушылар арасындағы шарттық қатынастар цифрландырылып, қолма-қол есеп айырысу жойылды. 2027 жылға арналған жоспар бойынша «Тұран-Су», «Алматыоблсушар» және басқа да 43 субъектінің суару жүйелері мен шарттық қатынастарын цифрландыру көзделіп отыр. Жалпы, алдын ала қабылданған ұйымдастыру шараларының, трансшекаралық су нысандары бойынша уақытылы жүргізілген халықаралық өзара іс-қимылдың, су беру режимдерін жедел реттеудің және су пайдалануды бақылаудың күшейтілуінің арқасында вегетация кезеңі штаттық режимде өтті», - деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов.