Қазақстан Ұлттық Банкі 2026 жылдың I жартыжылдығы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің қорытындысын жариялады.

Фото: zhaikpress.kz
Берілген мәліметтерге сәйкес, елімізде жарты жыл ішінде жалпы көлемі 92,1 триллион теңгені құрайтын 7,1 миллиард қолма-қол ақшасыз операция жасалған. Нәтижесінде, күн сайын орта есеппен 509 миллиард теңгеге 39 миллионнан астам транзакция жүргізілді.
Қолма-қол ақшасыз операциялардың басым бөлігі, яғни жалпы көлемнің 90%-ы интернет, банктердің мобильді қосымшалары мен QR-код арқылы жүзеге асырылды. Бұл ретте QR-код арқылы жасалған төлемдер саны POS-терминалдарда жүргізілген операциялардан 38%-ға асып түсті.
Сонымен қатар телефон нөмірі мен QR-код арқылы төлем жасаудың жаңа қызметі іске қосылғаннан кейінгі алғашқы айда жүйе арқылы жалпы сомасы 210 миллиард теңгеге 8 миллионнан астам операция орындалған.