ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың 8 айында елімізде зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері 81,5 миллиард теңгені құрап, сақтандыру жарналарының көлемі 624,7 миллиард теңгеге жетті.

Фото: enbekgovkz
Зейнетақы аннуитеті азаматтарға өз жинақтарын өмірді сақтандыру компаниясына аудару арқылы өмір бойы тұрақты төлем алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте төлемдердің жалпы сомасы бастапқыда аударылған қаражаттан асып кетсе де, төлем тоқтаусыз жалғаса береді. Келісімшарт жасасу үшін белгіленген жасқа толып, зейнетақы жинағында жеткілікті қаражат болуы қажет.
Биыл зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, бірден төлем алу құқығы ерлерге 55 жастан, ал әйелдерге 53 жастан бастап беріледі. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай бойы төленген азаматтар жеткілікті жинағы болған жағдайда 50 жастан бастап төлем ала алады.
Бұдан бөлек, болашақ төлемдердің шарттарын алдын ала белгілеуге мүмкіндік беретін кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті де қарастырылған. Оны 45 жастан, ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай төленген жағдайда 40 жастан бастап рәсімдеуге болады.
Заңнамаға сәйкес, зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру төлемдері жыл сайын өсіп отырады және индексация мөлшері кемінде 8 пайызды құрайды.