21.04.2026, 16:45
Оқылды: 12

Қазақстанда жұмыссыздарға төленетін жәрдемақы мерзімі қысқарады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазіргі жүйенің олқылықтарын ашық айтты.
Қазақстанда жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу тәртібі қатаңдауы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев қазіргі жүйе әлеуметтік масылдыққа жол ашып отырғанын айтып, төлем мерзімін қысқартуды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

жп ақша (7)

Сурет: сайт архивінен

Үкіметте өткен брифингте министр қазіргі жүйенің олқылықтарын ашық айтты. Оның сөзінше, кейбір азаматтар жәрдемақы алу мүмкіндігін пайдаланып, жұмыс істемей-ақ табыс табуға бейімделіп алған.

Егер адам жұмысқа тұрып, үш күн ғана істеп, бірден жәрдемақыға өтініш берсе, оған алты айға төлем тағайындалады. Соңғы бір жылдағы орташа жалақысының 40 пайызы есептеліп, осы алты ай бойы төленеді. Алты ай өткен соң тағы да “үш күн жұмыс іздедім, таба алмадым” деп қайта өтініш беріп, тағы алты айға созуға болады. Осылайша, бір жыл бойы жұмыс істемей, әлеуметтік жәрдемақы алып отыруға мүмкіндік бар, – дейді Ертаев.

Министр бұл тәсілдің әлеуметтік саясатқа кері әсер етіп отырғанын жасырмады.

Осыған байланысты ведомство халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жәрдемақы төлеу мерзімін қайта қарауды ұсынып отыр.

Жәрдемақы төлеу мерзімін алты айдан төрт айға қысқартуды ұсынамыз. Осы төрт ай ішінде адамға үш рет жұмыс ұсынылады. Бірінші ұсыныс бойынша ойланып, келісуге де, бас тартуға да болады. Екінші ұсыныста келісуі тиіс. Ал үшінші ұсыныстан бас тартса, жәрдемақы төлеу тоқтатылады, – дейді министр.

Оның айтуынша, мұндай қадамдар әлеуметтік масылдықтың алдын алуға бағытталған. Себебі көптеген елде жұмыс ұсынысынан бас тартқан жағдайда төлемдер бірден тоқтатылады.

Ал Қазақстанда қазіргі жүйе бойынша адам алты ай бойы төлем алып, барлық ұсыныстан бас тарта алады. Үш күн ғана жұмыс іздеген болып көрініп, тағы алты айға өтініш беруге мүмкіндік бар. Тіпті келесі жылы да қайтадан өтініш бере алады, – деп түсіндірді ол.

Министр сондай-ақ жәрдемақы алып жүріп, бейресми табыс табатындар да бар екенін атап өтті.

Адам жәрдемақы алып жүріп, басқа бір компанияда бейресми түрде, “конвертпен” жалақы алып жұмыс істеуі де мүмкін. Мұндай жағдайлар да кездеседі. Нақты компаниялардың атауын немесе адамдардың есімдерін атамай-ақ қояйын, бірақ ондай мысалдар бар. Біз мұндай жағдайларды түбегейлі жоюымыз керек, – деді Асқарбек Ертаев.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале