БЖЗҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда азаматтардың лайықты зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты саналы көзқарасы пен қаржылық мәдениеті жыл санап артып келеді. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қазақстандықтардың жинақтары 28,09 трлн теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 17%-ға өсті.

БЖЗҚ-да ашылған зейнетақы шоттарының жалпы саны 18,78 млн құрайды. Оның ішінде салымшылардың 12,80 млн жеке зейнетақы шоты бар. Халықаралық тәжірибеге сәйкес жинақтаушы жүйеге қатысуды бағалайтын негізгі көрсеткіш – жыл ішінде кемінде бір жарна түскен белсенді шоттар. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында мұндай белсенді шоттардың саны 7,34 млн-ға жетіп, олардағы жинақ көлемі 22,24 трлн теңгені құрады.
Зейнетақы жарналарын тұрақты әрі толық көлемде төлеу көрсеткіштері де жақсарып келеді. Атап айтқанда, жалдамалы қызметкерлер арасында бір жылдағы орташа тұрақтылық көрсеткіші 8,98 жарнаға дейін өсті және қызметкерлердің 80%-ы жылына 6-дан 12 ретке дейін жарна аударды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында бұл көрсеткіш 7,53 жарнаны құрап, олардың 64%-ы жылына 6-дан 12 ретке дейін жарна төледі. Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалдамалы қызметкерлердің жүйемен қамтылу деңгейі 91%-ға жетті.
Азаматтар өз шоттарының жай-күйін БЖЗҚ-ның сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы тәулік бойы бақылап отыруға мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде қоғамда ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетінің қалыптасып жатқанын айғақтайды.