7.10.2022, 13:01
Оқылды: 158

Қазақстандықтарға инвестиция құйып, табыс табудың жолдары түсіндіріле бастады

Елімізде инвестиция құю арқылы табыс табу жолын үйрететін ақпараттық түсіндіру шарасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

221007121557869e
 «Бүгінгі шараның мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Қарапайым халық қаржы саласына қатысты кейбір жайттарды кеңінен түсінбей жатады. Тәжірибе көрсеткендей халық жеке жинағын доллармен сақтайды, сондай-ақ депозитке салады немесе жылжымайтын мүлік сатып алады. Қазір инвестиция құю мен тартудың түрлі жолы бар. Одан қалды, бағалы қағаздар мен облигацияға инвестиция құю арқылы да табысқа кенелуге болады», - деді «Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру бойынша басқарушы директоры Ернар Жанәділ елордада өтіп жатқан халықаралық инвесторлар апталығының сессиясында.

Оның айтуынша, уақыт өте келе инвестицияның жаңа түрлері пайда болып жатыр.

«Қазір цифрландыру, технология заманы. Аталған салаларға инвестиция құйғысы келетіндер көп. Тағы бір мысал, Nike компаниясы шекті көлемде кроссовка шығарды. Сол кроссовкалар сериясының шығарылымына инвестиция құйған қарапайым адамдар бар. Солай табыс табады немесе аталған маркалы кроссовкаларды сату құқығына ие болады. Әрине, біз әлі ондай жағдайға жеткен жоқпыз, ертелеу. Осы орайда «Самұрық-Қазына» қоры қаржы және биржа ұйымдары мамандарымен бірлесіп халық арасында инвестиция құю, ол арқылы табыс табу туралы ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алды», - дейді ол.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының өкілі 250-ден астам компания жекешелендіруге жататынын айтқан еді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале