25.02.2021, 17:23
Оқылды: 297

Қазақы тәрбиемізді жоғалтып алмайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы еліміздің даму келешегі және ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға қатысты ой-толғамдары көңілімізден шықты.

52F5BC4D-5EA6-4FD8-869E-41E2C86B750A

Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осыған орай орда бұзар жасқа келгелі отырған қазақ мемлекеттілігінің тұтастығын, береке-құтын сақтай отырып, алға қарай даму, өркендеу үшін не  істейміз деп толғанатын кезең келгені жақсы айтылған. Өткеніміз қиыншылыққа толы болды. Алайда әлемді жайлаған экономикалық дағдарыс және коронавирус пандемиясы жағдайындағы алдағы күніміз де оңайға түспесі анық. Сондықтан аспай-саспай, қол жеткен жетістіктеріміз бен жіберіп алған кемшіліктерімізді елеп-екшеп, саралап алудың маңызы зор. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін  жетістіктерімізді бағалап, кемшіліктерімізді түзетудің жолдарын таразылай білуіміз керек. Мақаланың тағы бір ұнамды жері: «Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан қайыр жоқ» деп ашық айтылуы. Қазіргі уақытта елімізде нақты атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мемлекеттік құрылымдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуы тиіс.

Еліміздегі жастар саясаты айқын, оларды басшылардың жаңа буынын даярлауға тарту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен Президенттік кадр резерві құрылды. Бұл жобаның келесі кезеңінде елім деп еміренетін қоғам мүддесіне адал қызмет ететін көшбасшылар іріктеледі. Мақалада айтылғандай, билік құрылымындағы азаматтар ұлттық мүддеге берік болуы тиіс. Расында, дарынды жастардың барлығы шетелде емес, ел ішінде тың идеялы, оң өзгерістерге бейім, білімді жастар баршылық. Осындай  көкөрім ұрпақтың әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында Президент жанындағы Жастар кеңесі қызметі жандандырылмақ. Сонымен қатар азаттық жылдарында дүние есігін ашқан және әлі танылмаған талантты жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындалатын болды. Осының өзі Мемлекет басшысының «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастарға сенетінін көрсетеді. Біз, жастар тек осы сенім үдесінен шығамыз деген ойдамын. Өйткені ананың сүтімен, әкенің қанымен берілетін елжандылық қасиет әрқайсымыздың бойымызда бар. Тек оны кейбіріміздің тұрмыс тауқыметі кесірінен көмескілендіріп алуымыз ықтимал.

Күні кеше елімізде өткен саяси науқан – сайлауда облыстық мәслихаттың депутаты мандатына ие болып, қоғамдық-саяси мектепке қадам бастым. Саяси дода жастар үшін үлкен сынақ болды, жаңа көзқарас пен жастар күшінің көрініс табуына мүмкін жасады. Жасыратыны жоқ, қазір халық биліктен үлкен өзгерістер мен жаңарулар күтуде. Депутат болып үй  салып, су шығарып беремін деген уәде бермедім. Менің халық алдындағы уәдем – жастардың  рухани дамуына, ұлттық сананың жаңғыруына үлесімді қосу. Себебі ішкі психология, рухани тәрбие – ең  басты құндылықтар. Өйткені сыртқы әлемді өзгерту үшін ішкі әлемді өзгерту керек деп ойлаймын. Осы жолда өзім қызмет жасайтын мектептен тыс жұмыс орталығындағы сан алуан бағыттағы үйірме жұмыстары арқылы әріптестеріммен бірге жас ұрпақтың бойындағы патриотизмді дамытып, еңбексүйгіштікке, адами қасиеттерге тәрбиелейміз. «Айдай әлем алақандағыдай боп қалған» жаһандану дәуірінде жұтылып кетпес үшін ұлттық салт-дәстүрімізді, ата-бабадан қалған адамгершілік қазақы тәрбиемізді, мәдениетімізді жоғалтып алмауымыз абзал. Сондай-ақ жас толқынды егемендігіміздің және мемлекетіміздің құндылықтарын бағалай білуге үйретуіміз қажет. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне назар аударғанымыз жөн. Нәтиже болу үшін салт-дәстүрімізді жаңғыртып, отбасылармен бетпе-бет кездесулер ұйымдастырып, сапалы әрі мағыналы тәрбиелік сағаттар санын арттыруымыз керек.

Мемлекет басшысының қазақтың тілінде сөйлеу, әр азаматтың еліміздің дамуына атсалысуы жайындағы ой-пікірі – толғағы  жеткен мәселелер. Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет, зайырлы қоғам құру да қоғамның ортақ мақсат-мүддесі болуы тиіс. «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық  қиындықтан халқымызды сүріндірмей  алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», – деген Президенттің сөзі баршамызды осы құндылықтарды сақтауға үндейді. Ел болашағы және әз тәуелсіздігіміздің мәңгілік баянды болуы жолында адал еңбек етіп, ұрпаққа білім  мен тәрбие беруді үздіксіз жалғастыра  бермекпіз.  

Шаттық Өтебалиева,

Орал қалалық білім бөлімі жанындағы мектептен тыс жұмыс орталығы  басшысының орынбасары, облыстық  мәслихаттың депутаты

Суреттің дереккөзі Tengrinews.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале