19.09.2020, 16:12
Оқылды: 145

Казталовта бір жылда 11 млрд. теңге инвестиция тартылған

Биыл Казталов ауданы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде сегіз жоба сәтті жүзеге асуда. Аудан орталығынан жаңа мектеп пен спорт кешені салынып, көше жолдары жөнделуде.

Ескалиев 4 -4

Сонымен қатар аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жасалып, қос қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы басталған.

Ауданға жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев әр жобамен жеке-жеке танысып өтті.

Ескалиев 4 -1

Биылғы жылы Казталов ауылында 320 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл нысанның салынуына «КПО б.в» компаниясы тарапынан 610 миллион теңге қаражат бөлінген. Құрылысқа жауапты мердігер компания өкілдері жұмыстардың кестеге сай атқарылып жатқандығын айтты.

Сондай-ақ Казталов ауылында 600 орындық мектептің де бүгінде құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа жауапты мердігер компанияның басшысы Александр Қарағойшиннің айтуынша, мектеп ауласы толықтай қоршалып, іргетасын қалау жұмыстары аяқталған. Енді мектептің қабырғасын тұрғызуға қажетті материалдар әкелінуде. Білім ошағының құрылысына 2,3 млрд теңге қаражат бөлінген. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын мектеп ғимараты құрылысын келер жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған.

Ескалиев 3 -4

Казталов ауылындағы 20 жылдан бері жөндеу көрмеген аудандық ауруханаға да жаңа талаптарға сай күрделі жөндеу жүргізілуде. Аталған аурухана 14 мыңға жуық аудан тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді. Осы кезге дейін жөндеуден өтпеген нысанның әбден тозығы жетіп, төбесінен су кетіп, электр жүйесі ескірген еді. Сондай-ақ аталған аурухана жанындағы инфекциялық емхана да толықтай жаңғыртылуда.

Аудан орталығында болған облыс әкімі құрылысы жүргізіліп жатқан екі қос қабатты тұрғын үйде болып, жөндеуден өткен көшелерді көрді. Ауданның ақсақалдары атқарылып жатқан істерге көңілдері толатынын айтып, өңір басшысына ризашылықтарын білдірді.

- Біздер үшін әр ауданның өз ерекше орыны бар. Казталов ауданы облыс халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтып отыратын аудандардің бірі. Бұл аудандағы шаруа қожалықтарында 100 мыңға жуық ірі қара, 300 мыңға жуық қой-ешкі өсірілуде.

Ескалиев 4-5

Сонымен қатар бұл аудан биыл 11 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартып отыр. Бұл бұрын болмаған жағдай. Оның 9 миллиард теңгесі мемлекеттік, ал 2 миллиард теңгесі жеке инвестициялар. Бұл жобалар ауданның дамуына тың серпіліс берері анық. Осы игі істердің арқасында бүгінгідей қиын уақытта бірнеше жүздеген адам жұмыспен қамтылуда. Бір ғана «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен сегіз жоба жүзеге асып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Сол арқылы жұмыссыз қалған ауыл тұрғындары, атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандар мен бос жүрген студенттер еңбек етіп, ақша тапты. Дәл осындай жобалар алдағы уақытта да сәтті жүзеге асса, аудандарымыздың солар арқылы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсара түсері анық, - деді облыс әкімі.

Құрылыс нысандарын аралаған өңір басшысы тұрғын үй құрылысы қарқынан арттыруды, аурухананың инфекциялық бөлімінің құрылыс жұмысын жеделдетуді аудан әкіміне тапсырды.

 

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале