19.09.2020, 13:47
Оқылды: 126

Казталовта кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда

Казталов ауданында жұмыс сапарымен болған өңір басшысы Ғ.Есқалиев бірқатар кәсіпкерлік нысандарын аралап көрді.

 Ескалиев 2 -1

Өз кәсібін қосалқы бөлшектер сататын шағын дүңгіршіктен бастаған жалпақталдық Әлібек Сартаев бүгінде жергілікті халыққа қажетті қызметтің бірнеше түрін ұсынып отыр. Біраз жылдан бері өзен-көлдерді жалға алып, балық өсірумен айналысатын кәсіпкердің сауда кешенінде балық сатытын, құрылыс материалдары мен авто бөлшектер саудасы секілді үш дүкен қалыпты жұмыс жасауда.

Ескалиев 2 -2

Сонымен қатар кешенде көлік жуатын орын мен дөңгелек жөндеу қызметі де бар. Келушілерге тынығып, тамақтанатын орынды және салған. Кәсіп иесі Сокрыл көлінен бөлініп шығатын шағын көлшік маңынан демалыс орнын салуды да қолға алған. Туристік аймаққа келушілер үшін демалыс орындары салынып, арнайы алқапқа жабайы аң-құсқа арналған көп жылдық шөптер егу жоспарында бар. Аңшылық кезең ашылған кезде туристер келіп балық аулап, рұқсат берілген аң-құс атуға жағдай жасалмақ. Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда ауылдың 13 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Ескалиев 2 - 3

- Балық дүкеніне келушілер көп. Сауда орынына түсетін балықтар осы айналадығы өзен-көлдерден ауланып, дүкен сөрелеріне балғын күйінде жеткізіледі. Балық бағасында халыққа қолжетімді қылуға тырасамыз. Дәл осындай дүкенді аудан орталығынан да салып жатырмыз. Елдегі карантин кезінде ауыл тұрғындары үйлерін жөндеу, құрылыс салумен көбірек шұғылданды. Құрылыс материалдарын сататын дүкенге кейде ағаш, темір, цемент секілді қажетті заттарды тасып үлгерте алмай да қалдық. Келген бойда сатылып кетеді. Көлік жууға, дөңгелек жөндетуге келушілердің қарасы көп. Олар үшін шағын асхана да аштық. Бізден қызмет алуға келгендер жайлы орында отырып, ауқаттана алады, - дейді Әлібек Сартаев.

Ескалиев 2 -4

Ал жалпақталдық жеке кәсіркер Рауан Есенғалиев өз қаржысы есебінен Жаңажол ауылынан фельдшерлік- окушерлік пункт салып жатыр. Мал өсірумен айналысатын шаруа бұл ғимаратты салуға 12 миллион теңге қаржы жұмсауда. Құрылыс жұмыстарына Рауанның достары мен бауырлары жәрдемдесуде. Медициналық орынға қажетті жиһазды да кәсіпкер өз қаражатына алып бермек.

- Ғимараттың жобасын аудандық аурухананың бас дәрігерімен келісіп жасадық. Құрылыстың негізгі бөлігі аяқталды. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңажол тұрғындар саны көп, үлкен ауыл. Бұл жердегі осы кезге дейін жұмыс жасап келген ФАП-тың әбден тозығы жеткендігін көріп жүрміз. Осы жерде тұрып, кәсібімізді жүргізіп отырғандықтан ауылға аз да болса көмегіміз тисін деген ниеттемін, - дейді Р.Есенғалиев.

Елімізде короновирус індеті өршігенде жылқының саумалы мен қымызына деген сұраныстың артқаны белгілі. Сол кезде жаңажолдық «Асыл-

Мирас» шаруа қожалығының жетекшісі Сұлушаш Жұмалиева ауыл маңынан бие байлап, саумал сауып, дертіне шипа іздеп келгендердің алғысын алған.

Ескалиев 2 -5

- Бұл кәсіпті қолға алуымның өзіндік тарихы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын отбасымдағы екінші ұлым Сұлтан ауыр дертке шалдықты. Көрсетпеген дәрігеріміз қалмады. Кейін Ресейдің Самара облысына апардық. Сол жерде ота жасамақ болды. Бірақ баланың сауығатынына еш кепілдік бермеді. Сосын отаға келіспей, елге алып келдік. Ол кезде Орал қаласы маңындағы Плодовощной ауылында тұратынбыз. Саумалдың, қымыздың пайдасы зор екендігін естіп, біліп жүрміз ғой. Екі бие алып, ұлыма саумал бере бастадым. Көп айналмай «жазылмайды» деп диагноз қойған балам құлан таза сауығып кетті. Саумал мен қымыздың құдіретіне сол кездері көзіміз жеткен еді. Биыл ауданға барар жолдың бойынан жер рәсімдеп, арнайы орын жабдықтап, маусым айынан бастап бие байладық. Ұлым екеуміз жеңілдетілген пайызбен 8 миллион теңге несие рәсімдедік. Ол қаражатқа 20 биемен қатар керек құрал-жабдықтарды сатып алдық. Тәулігіне 40-50 литр саумал сауылады. Коронавирус індеті өршіген кезде саумал ішуге келушілер саны өте көп болды. Қазір де тұрақты келіп, емдік сусын ішушілердің қарасы мол. Мектеп жасындағы ұлым да қасымда жәрдемдесіп жүр, - дейді аталған шаруаны дөңгелентіп отырған Болат Есмағұлов.

Кәсіп иелерінің берекелі істерін көріп, жомарттықтарына риза болған облыс әкімі олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале