9.03.2023, 12:30
Оқылды: 56

ҚазҰУ жас ғалымдары ракета модельдеу стартапын әзірледі

Білім беру – адами капиталды өсіру және біліктілігін арттырудың басты жолы. Осы бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті химия және химиялық технология факультетінің 3-курс докторанттары – Еркебұлан Марал мен Шыңғысхан Сұлтахан стартап компания құрды. Ол «StandLab – Development and Engineering» деп аталады. Компания мектептердің химия, физика және биология кабинеттеріне арналған ғылыми-демонстрациялық стендтер инжинирингі, өндірісі және маркетингімен айналысады, деп жазады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
06a570c283ecc7adb31aa6122b568312_1280x720
Жобаның алғашқы сатысында ракета модельдеу саласы бойынша орта мектептердің физика кабинеттеріне арналған ғылыми-демонстрациялық стенд жасалды. Сонымен қатар базалық курс пакетінің әдістемелік нұсқаулығы әзірленді. Мұнда оқушылар екі апта бойы ракета модельдеу теориясын оқып қана қоймай, практикада жасап үйренеді. Теориялық жағы физика, математика, химияны тоғыстырса, тәжірибе ракетаны жобалау, жеке бөліктерін есептеп-әзірлеу, құрастыру, әсемдеу және өзі жасаған ракетаны ұшырудан тұрады.
Бүгінгі таңда ракета модельдеу бойынша оқушылардың бірінші легі оқытылған. Алдағы уақытта курстың базалық пакетін жас инженер деңгейіне дейін жетілдіру жоспарланып отыр. Онда оқушылар ракета модельдерін композитті материалдардан жасап, сынақ стендтерінде ракетаның аэродинамикалық қасиетін зерттейтін болады.
«Курс физиканың жалпы заңдылықтары, әсіресе, аэродинамиканы жақсы игеруге ықпал етеді. Теориядан бастап практикаға дейін өзі еңбектенген соң, нәтижесі ретінде жеке ұшу аппаратын жасап, естелікке алып қалады. Оқушы жобалық бағдарланған оқыту арқылы қиын теорияны ары қарай меңгеруге мотивация алады. Инженерлік, ғылыми және технологиялық проблемалармен бетпе-бет кездесіп, оны шешуге деген мақсат пайда болады. Оқушылар халықаралық спорттық жарыстарға да қатыса алады», – дейді жоба авторлары.
Стартаптың миссиясы – отандық білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы мен білім беру методикасын инновациялық технологиялар арқылы жүйелі модернизациялау. Жоба авторлары физика, химия, аэродинамика, ракета құру бағытында оқушылардың қызығушылығын оятып қана қоймай, оны дамытуды заман талабына сай және қызықты етіп жасауды көздейді.
Қазіргі уақытта «StandLab – Development and Engineering» жобасы бойынша жұмыс жалғасуда. Стартаптың келесі сатыларында химия және биология кабинеттерінің стендтері жасалмақ. Жоба жүзеге асса, Қазақстан Республикасы аумағындағы орта мектептер жоғары сапалы ғылыми-демонстрациялық стендтермен жабдықталады.
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале