1.12.2021, 9:46
Оқылды: 122

Кемелдіктің қағидаттары

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 23 қарашада өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында Елбасының ұсынысымен партия төрағасы мәртебесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Саяси кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев: «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқарып, оның саясаты мен стратегиясын өзі айқындап отыруы маңызды» деп атап көрсетті. Елбасының бұл шешімін жұртшылық тегіс қолдайды деп ойлаймын.

7D636741-66BF-47F7-ADE3-9EC3ABC5111C

Елбасы өз сөзінде адамзат алдында тұрған бірқатар сын-қатерді атап өтті. Соның ішінде екі жылға созылған, бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемия, экологиялық проблемалар мен жаһандық жылынудың теріс әсерінің күшеюі, әлемдік экономиканың өзгеруіне орай елдердің бәсекеге қабілеттігілінің төмендеуі, геосаяси шиеленістің өршуі, сондай-ақ қоғамдық пікір мен құндылықтардың күрт өзгеруінен саяси алауыздықтың белең алуы.

Осындай сын сағаттарда биліктің, әрине, бір адамның қолында болуы заңды.

Елбасы Н.Назарбаев осы алқалы жиында тәуелсіздік құрдастарына, яғни жастарға өмірде бағыт-бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» деп аталған қағидаттар жиынтығын ұсынды. «Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар Үндеуім деп қабылдаңыздар» деп  ағынан  жарылды.

Елбасының бұл қағидаттарын мен бұдан бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және бізге, қазақстандықтарға, өз тарихымызға жаңаша қарауға мүмкіндік алып берген «Ұлы даланың жеті қыры» деген өсиетнамалық мақалаларының жалғасы деп ойладым.

Сонымен бірге «Елдіктің жеті тұғыры» туралы қағидаттар жыл басында жарияланған Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» деген терең мәнді дүниетанымдық мақаласымен де үндесіп жатыр.

Мемлекет басшысының мақаласында да бағдар мен белес, таным мен тағылым, қоғам мен құндылық, ұлағат пен ұстаным туралы сөз болып еді.

Елбасы атап көрсеткен сын-қатерлерді және солардан туындайтын қиындықтарды жеңу үшін еліміз, бүкіл қазақстандықтар мемлекеттің саясатын қолдап, Президент Қ.Тоқаевтың төңірегіне бірігуі қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» депті бабалар.

Философия мыңдаған жылдар бойы адамдарға жақсылыққа бастайтын үлгілерді ұсынып келеді. Елбасы ұсынған қағидаттарды да әр кез есте ұстайтын үлгілер деп қабылдауға болады.

Елдіктің жеті тұғырының біріншісі – бәріміздің басты құндылығымыз – Тәуелсіздік болғаны түсінікті. Елбасы осы орайда: «Әлемде көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз» деді. Махмұд Қашқари: «Жаратушы жер шарындағы пенделеріне жерді бөліп бергенде түркілерге ең шұрайлы, асты да, үсті де қазына-байлыққа толы жер берген» деп айтып еді.

«Жастар тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі» деп жазды Қ.Тоқаев: «Бірақ өскелең ұрпақ оның  қадірін білуі керек» деді.

Бүкіл әлем біздің елімізді татулық пен сыйластықтың, тыныштық пен тұрақтылықтың Отаны деп біледі. Біз этникалық әралуандықты әлсіздігіміз емес, артықшылығымыз ете алдық. Осы тұрғыдан Елбасы ұсынған екінші тұғыр – бірлік пен келісімнің маңызы баршаға  аян.

Елбасы бабалардан мұра боп бізге жеткен қасиетті жерімізді елдігіміздің үшінші тұғыры деп атапты. Жер – біздің басты байлығымыз, бүгінгі тілмен айтсақ, брендіміз. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ». Н.Назарбаевтың көршілермен табандылықпен келіссөздер жүргізіп, еліміздің шекарасын шегендеп, құжат жүзінде бекіткені тәуелсіздігіміздің баянды болуына кепілдік берді. Сөйтіп, шекарамыз халықаралық деңгейде танылды. Енді оған ешкім дауласа алмайды.

Елбасы елдіктің төртінші тұғыры ретінде отбасы құндылығы мен ұлттық дәстүрді атапты. Қазақ «Отан – отбасынан басталады» дейді. Бабалардан, Абайдан келе жатқан салт-дәстүр отбасын ұрпақ тәрбиесінің негізгі тетігі, халық құптайтын құндылық деп үйретеді. Қазіргі кезде, өкінішке орай, отбасындағы тәрбие бұрынғыдай пәрменді емес. Қадыр ақын айтқандай, баланы кейде ана тәрбиелемей, дала тәрбиелеп, шеше тәрбиелемей, көше тәрбиелеп келе жатқаны – өкінерлік жағдай. Бүгінде жастар отбасын құруға жеңіл-желпі қарайтын секілді. Соның салдарынан үйленген жастардың жартысына жуығы көп ұзамай ажырасып жатыр. Бұл – ата-ана үшін, жастардың өздері үшін, қала берді, қоғам үшін трагедия емес пе? Абайдың сөзі еске түседі: «Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме. Әйел жақсы болмайды көркіменен, мінезіне көз жетпей көңіл берме»  деген.

Елдіктің бесінші тұғыры – халықтың рухани тірегі болып табылатын ұлттық мәдениет. Қазақ деген – болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халық. «Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек» деп атап көрсетеді Елбасы. Мінез де, рух та мәдениет арқылы қалыптасады.

Ғұлама жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мәдениет – өмір сүрудің тәсілі мен тәжірибесі.Мәдениет адамды кісі тануға, ел тануға, жер тануға, сөз тануға үйретеді» деп еді.

Қоғам дамуының деңгейі тек экономикамен, техникамен, технологиямен өлшенбейді. Сонымен бірге мәдениетімен өлшенеді.

Бізде ертеден келе жатқан бай мәдени мұра бар. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  сияқты эпостық жырлар, даналық пен түсініктің үлгісі болып табылатын қара өлеңдер, мақал-мәтелдер, мыңдаған ән мен күйлер, А.Янушкевичті, В. Радловты таң қалдырған шешендік сөздер, ақындар айтысы, озық тәлім-тәрбие тәжірибесі бар. Осы байлықты өзіміз игеріп, сонымен бірге өзге жұртқа таныстыруымыз, насихаттауымыз қажет.

Мәдениеттің рөлі туралы бір кездегі Франция Президенті Голльдің танымал жазушы Мальроға айтқан сөзін келтірейін: «Айналайын, елдің саяси жағын мен мойныма алайын. Мемлекет қауіпсіздігі туралы мен ойланайын. Дипломат та мен болайын. Сен Францияның мәдениетін құртып алмау жағына атсалыс. Басқа ел ең алдымен Францияның мәдениетін, өнерін, әдебиетін сыйлайды. Егер мәдениетімізді жойып алсақ, онда біз жай әншейін қатардағы бір елсымақ боламыз да қаламыз» депті.

Неміс философы И. Кант қай адамның да алдында тұратын мынадай сұрақтарды атап еді: «Мен не біле аламын? Мен не істеуім керек? Мен неге үміт арта аламын?» деген. Және осы мәселелерді жан-жақты қарастырған үш іргелі шығармаларын жазды. Елбасы атап көрсеткен білім мен еңбек туралы алтыншы тұғыр Кант қойған сұрақтарды еске салады. Канттың «Мен неге үміт арта аламын?» деген үшінші сұрағына Елбасы Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген даналық сөзімен жауап береді. Адамды адам ететін білім мен еңбек екенін тү­сінбейтін жан болмас.

АҚШ-та тиімділігі төмен деп, көпке дейін философияға көңіл бөлінбей келді. Тек ХХ ғасырдан бастап онда философия қарқынды дами бастады. Алғашқы америкалық философия – прагматизм деп аталды. Бұл бағыт философияны нақты ғылымдар сияқты тікелей пайда келтіретін ілімге айналдырмақ болды. Адамды үнем­шіл, пайдақор, homo economicus (экономичный человек) етіп тәрбиелеуге тырысты. Америка, шынында да, іскер адамдардың еліне  айналды.

Қазіргі адамдар Гогольдің Плюшкині сияқты болмаса да, пайданың, табыстың, бәсекеде жеңіп шығудың жолдарын меңгеруі керек. Қалай десек те, жастардың бейқам, алаңғасар емес, прагматик болуы – бүгінгі заман талабы.

Н. Назарбаевтың елдіктің жетінші тұғыры ретінде прагматизмді ұсынуын орынды деп есептеймін. «Біз қолда бар ресурс пен мүмкіндікті пайдалануға, нәтижелі жұмыс атқаруға және көздеген мақсатқа тиімді қол жеткізуге тырысуымыз керек» дегені көңілден шығады.

Қазір идеология деген сөзді көп естімейміз. Қай жерде де қоғам идеологиясыз өмір сүретін жағдайға әлі жеткен жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның идеологиясы, менің ойымша, билердің ұлағатты сөздері, Абай мен Шәкәрімнің, Алаш арыстарының рухани мұрасы, Елбасы Н.Назарбаевтың, Президент Қ.Тоқаевтың бағдарламалық мақалалары болуы керек. Мұндай идеологиядан әркім өзіне керек үлгі, нұсқау таба алады.

Тілекжан Рысқалиев,

философия ғылымдарының докторы,

профессор

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале