5.05.2022, 9:30
Оқылды: 200

Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаевтың туғанына – 100 жыл: Батырға бір ауылды қимаймыз ба?..

Дене бітімі мығым, төртбақ, жүрісі ширақ, сөзі анық Есен ағаны алғаш рет 1974 жылы сәуір айында көрдім. Жолдамамен «Красногор» кеңшарына жұмысқа барған едім. Қабылдауына кіргенімде 4-5 адам отыр, біреуін де танымаймын. Директор жолдамамды анықтап оқыды. «Қазбек» темекісін асықпай тұтатты. Біршама ойланғаннан кейін қай ауылдан екенімді, жанұя жағдайымды асықпай сұрады. Бағанағы адамдар әлі отыр еді, мен үйленгенімді, жұбайым педагогикалық училищені бітіріп келе жатқанын айтқанда көңілденгендей болды. Біраздан кейін кадр бөлімінің бастығын шақырып, мені Қарақұдық бөлімшесіне зоотехник жұмысына қабылдау туралы бұйрық шығаруды тапсырды. Осыдан соң шығып бара жатыр едік, директор мені дауыстап тоқтатты. Екеуміз оңаша қалғанда маған екі сұрақ қойды. «Арақ ішесің бе? Темекі тартасың ба?». Жасырып қайтемін, ол кезде аздап арақ ішетін едім, бірақ жастық қой, «Арақ ішпеймін, темекі тартамын» деппін. 

1

Есен аға иланған болып тұр ғой: – Арақты мүлдем ішпе, темекіңді есейе бара өзің де қоярсың, – деді. Сізге өтірік, маған шын, ағаның ақылы санамда қалғаны сондай, жұмысқа кіріскеннен кейін 13 жыл бойы арақ-шарапты аузыма алмадым. Кейін бір-екі рөмке ырымдайтын болдым. Ал темекіні сол 23 жасымда тастағаннан қайтадан тартқан емеспін. Менің салауатты өмір сүруімді бірден ойлаған ағаның сол жанашырлық қылығы әлі күнге есімнен кетпейді. Айтпақшы, мен кіргенде кабинетте отырған 4-5 адам әртүрлі шаруаларымен келген ауыл адамдары екен. Олардың көзінше мені қабылдағаны жас маманға көрсетілген құрмет деп ұқтым.

Кеңес Одағының Батыры Есен Шегірейұлы Орақбаев туралы талай мақала, очерктер жазылды. Мен бүгін олардан асырып, ерекше дүние  жазамын деп отырған жоқпын. Алайда мен ол кісінің өзім көрген, білген шаруашылық жүргізудегі кейбір ерен еңбектері мен сәттерінен қалам тербеуді жөн көрдім. Есағаң қандай жағдайда да байыпты, мәселе шешерде асықпай ойланып барып, шешім қабылдаудан жаңылмайтын. Әсіресе шаруашылықтың малын жеткілікті жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесіне өте жауапты қарайтын. Оның болашағын әріден, тым әріден ойлайтын. Осы мақсатта шаруашылық жерінің біраз бөлігін көлтабандарға айналдырды. Шаруашылықтың бас инженері Жомарт Мұқанбетжанов, бас агроном Мыңжас Әдиетов, Болат Қажықұмаров пен ақылдаса отырып, Қарасу су қоймасына үлкен шлюз қойып, канал қаздырып, Погодаев, Шымқұдық, Өтепқұдық, Төртқұлақ қыстақтарының айналасына көлтабандар жасақтады. 1975 жылы республикалық маңызы бар Орал – Жаңақала бағытындағы жолды қиып, лиман салдыру,  сол кездегі тәртіп пен талаптан қаймықпай, тәуекел ету  батырдың ғана қолынан келеді-ау десек қателеспейміз. Иә, айтуға ғана оңай, ол кезде шаруашылық жерінің жартысына жуығын көлтабанға айналдыру – кез келген басшының қолынан келмейтін шаруа. Жоғарыда отырғандардың Есен Орақбаев айтты екен деп келісе кетпейтіні тағы айдан анық нәрсе. Есағаң талай басшының алдына барғанын, талай табалдырықты тоздырғанын кейін әңгіме қылып айтып отырушы еді. Әсіресе сол кездегі облыс басшысы Мұстақым Ықсановтың өзіне түсіністікпен қарағанын, қиын шаруаның түбіне жетуіне көмегін аямағанын да асқан ризашылықпен әңгімелейтін. Сол кезде облыстың су шаруашылығы басқармасын басқарған Бизьяновтың да ақыл-кеңесі мен көмегі көп болыпты. Есағаң осылайша үлкен шаруаны тек өзім тындырдым демей, көлтабандар салуға көмектескен оншақты азаматтың есімін жеке-жеке атаушы еді. Рақметін жаудырып отыратын. Солардың ішінде Тимур Айтқұлов деген азаматтың есімін аузынан тастамайтын. Сол көлтабандардың арқасында шаруашылығымыз мал азығын дайындау жоспарын екі есеге дейін асыра орындайтын болды. Өздерімізден артылған шөпті ауданның ғана емес, облыстың шаруашылықтары да тасып әкетіп жатты. Көршілес Гурьев облысына да жем-шөппен көмектескеніміз есімде.

Жайқалып шыққан шөпті жинап алу да оңайға соқпайтын. Есағаң шөп шабу тәртібін өзгертті. Шөп шабуды бір бригада атқарса, жинауды, тасымалдауды басқа бригадалар атқаратын болды. Осылайша үш бригада күндіз-түні еңбек майданын қыздырып жатты. Тап осы кезде «Сәуле» қыз-келіншектер  бригадасы өмірге келді. Күнзира Темірғазиева апамыз тәлімгер, Гүлмаржан Әжіғалиева бригадир болған ылғи нәзік жандылардан құрылған бригаданың атағы әуелі аудан, кейін облыстан асып, республикаға жетті. Олардың бригадасы шаруашылықтың барлық малына қажетті азықтың 30 пайызын дайындап, шын мәнінде, нағыз ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Сол жылдарда жастар шырқап жүретін атақты композитор Әсет Бейсеуовтың «Аққу қыздар» әні де осы «Сәуленің» қыз-келіншектеріне арналып шығарылған  еді.

Иә, Есағаң директор болған жылдарда мал басын аман сақтап, оны өз төлі есебінен өсіруге аса қатты көңіл бөлді. Бас зоотехник Сүндет Сағынов, бас мал дәрігері Қанат Мүсіловпен ақылдаса отырып, аудандық партия комитетінің келісімімен малды арнайы емдеу-сауықтыру пункті ашылды. Онда білікті маман Сәлім Ықсанов жетекшілік етсе, мал дәрігерлері – Еркінбек Өтепов, Аманкелді Богданов, Гүлжиян Богданова, шопан-малшы Сүндет Ишанбергенов сияқты азаматтар аянбай еңбек етті. Нәтижесінде мал арасында кездесетін ауру сап тыйылып, мал шығыны тоқтады. Бұған сол кездегі ауданның бірінші басшысы болған Нұрғалиев Әділғазы ағамыз қатты риза болды. Шаруашылықты үлкен жиындарда басқаларға үлгі етіп, ылғи мақтап жүрді. Малды емдеу-сауықтыру пунктінің озық жұмысын басқаларға үлгі ету мақсатында арнайы семинар оздырылғаны да есімізде.

Айта кету керек, Есен Шегірейұлы – Көшім жылқысының асыл тұқымды түлік болып қалыптасуына, оның көбеюіне зор үлес қосқан жан. 1976-1978 жылдары мал қыстату өте қиын жүрді. Қар қалың болды, қаңтар айының соңына таман жаңбыр толассыз жауып, біресе қатып, біресе еріп, жылқы тебіндей алмай қалды. Сол кезде Есағаң Тойтерегі деген алқапты сыммен қоршатып, шаруашылықтың барлық жылқысын соған қаматып, шөптеп, жемдеп, ешқандай шығын бермей, аман сақтап қалды. Қыстан түгел алып шықты. Әрине, жасыратыны жоқ, Есағаңның бұл қадамына кейбір басшылар «Шөпке, жем-шөпке шығын болады» деп қарсы болды. Батыр ағамыз олардың сөздерін құлағына да қыстырған жоқ, алған бетінен қайтпады. Сөйтіп, шаруашылықтың бүкіл жылқысы бастары кемімей, жадамай-жүдемей сол бір ауыр кезеңдерден аман шығып еді. Сол кездерде ортақ шаруаға жылқышылар – Ибрайым Серғазиев, Жасұлан Шапкенов және оның көмекшілері Хамит Шебетаев, Әліп Ихсанов, мамандар Бақытжан Қадырешев, Ақмайдан Тастанов, мал дәрігері Мағзом Елешов сияқты азаматтар жанқиярлықпен еңбек етіп, зор үлес қосты. Орақбаев бастап, осынау азаматтар қостап, ұйымдаса еңбек етулерінің арқасында Көшім текті жылқылар екі қыстан аман шығып, тұқымның басы сақталып қалды. Кейін біраз азамат қалтқысыз еңбектері үшін мемлекеттің жоғары наградасына ие болды. Ал Есен Шегірейұлының кеудесіндегі батырдың Алтын жұлдызының қасына Еңбек Қызыл Ту ордені  тағылды.

Есағаң жан-жары Нағима жеңгей екеуі он бала тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана болды. Батыр әке мен батыр ананың перзенттері – өмірден өз орындарын тапқан, өнегелі жандар.  Енді мақаламыздың тоқ етерінде Есағаңның көзін көре қалған, қарауында жұмыс істеген тұстастары мен інілерінің көкейлерінде  жүрген армандарын да жасырмай айта кеткен жөн деп отырмыз. Ол – бір кезде Есағаң басқарған ауыл өз орнында, түтіні түзу ұшқан табанды ел. Енді сол ауылды Есен Орақбаев ауылы деп атаса, шіркін! Ақ түйенің қарны жарылып, солай болып жатса, батыр ағамыздың алдындағы азаматтық борышымызды орындағандай болар едік, ағайын!?

Марат Тұрашев,

Орал  қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале