16.11.2023, 17:30
Оқылды: 40

«Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды»

Біздің басты мәселеміз – заңмен белгіленген мәртебесі бар мемлекеттік тіл – қазақ тілінің Қазақстан Республикасының аумағындағы, оның қоғам өмірінің барлық салаларындағы қолданысын қамтамасыз ету.

кітап

Бұл мақсатқа біз үстемдікпен, әкімшілік жолмен емес, тілдік қақтығыстарға жол бермейтін мақсатты, сауатты да табанды тіл саясатын жүргізу арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Әлемде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде өмір сүретін, қызмет ететін бір ғана ел бар, ол – Қазақстан. Қазақ тілін еліміздің шын мәніндегі мемлекеттік тілі, барша қазақстандықтардың құрметтейтін, білетін, қоғам өмірінің барлық саласында жаппай қолданатын тілі деңгейіне көтеру – елдігіміздің іргетасын бекітіп, ұлтымыздың айбары мен абыройын асыру жолындағы үлкен мүддеміз. Қазақ тілі – қазақтың бүгіні мен болашағы, ұлтымыздың тағдыры, мемлекеттілігіміздің түп қазығы, ел ертеңі екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

Тарихи өлшем тұрғысынан жас мемлекет саналатын елімізде мемлекеттік тілдің заңды мәртебесін қалпына келтіруге баршамыз мейлінше мүдделіміз. Сондықтан қолданыстағы барлық заң нормаларын сақтай отырып, мемлекеттік тілді қолдау – бәріміздің  парызымыз.

Еліміздің Ата заңында биліктің қайнар көзі халық деп атап көрсетілсе, сол халықтың біртұтастығын  сақтайтын тілі ғана. Егеменді, азат, дербес боламын деген мемлекеттің ең алдымен көздейтіні – тіл мәселесі.

Тіл – адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастырып, табыстыратын өзгеше қасиетті құрал. Сондықтан да біз оны халық  арасындағы  достықтың бастауы, олардың ынтымақтастығы мен береке-бірлігінің тірегі ретінде қадір тұтамыз.

Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде қолданысын қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде мемлекеттік қызметшілерге жүктелетін міндет ауқымды. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді білуге талап күннен-күнге күшейіп келеді.

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында құжаттардың мемлекеттік тілде сапалы дайындалуы – басты назарда.

Бүгінде ішкі құжат айналымындағы жұмыстарды ұйымдастыру мемлекеттік тілде жүргізіліп, құжат та (өкімдер, жедел кеңес хаттамалары, семинар, дөңгелек үстел хаттамалары, ұсыныстар, қызметтік хаттар, анықтамалар және т. б.) мемлекеттік тілде дайындалуда. Сондай-ақ мемлекеттік тілді қолдану мәселелеріне байланысты түрлі іс-шараларды ұйымдастырып өткізу жүйелі жолға қойылған.

«Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деп Сәкен Сейфуллин ағамыз кеңес дәуірі кезінде-ақ айтып кеткен. Сондықтан да кез келген мекеменің беделін арттыру үшін кеңсе қызметінің дұрыс ұйымдастырылуы және кеңседен жіберілетін құжаттардың сауатты болуына мән беру қажет.

Тілге құрмет – халыққа құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз қажет.

Шынар Тұңғатарова,

Батыс Қазақстан
облысының қылмыстық

істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық 
соты әкімшісінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале