30.11.2023, 9:30
Оқылды: 68

Кент әкімі көмектеседі

Редакциямызға Мұрат Журумов атты ақсақал арнайы келді. Орал қаласы Зашаған кенті «Балауса» шағынауданындағы Жалаңтөс батыр көшесінде тұрады екен. Былтыр аталған көше бойына салынған арық ауласының алдынан өтеді. Құрылысшылар аулаға кіруге барынша ыңғайлы етіп, плита төсеп кеткенімен, арық бойында қалған гаражға кіретін тұс ашық күйінде қалған. Оның үстіне септик құдығына барар жол да арық үстінен өтуі тиіс. Сол себепті сарқынды су  соратын ассенизатор да аулаға кіре алмай қиындыққа тап болған.

b456ae23-4539-4946-8f6b-443790a9c6a6

– Ассенизатор келгенімен толып тұрған септикті тазалай алмадық. Амалдың жоқтығынан 50 шелек кәріз суын ауладағы әжетханаға құйдық. Осы мәселені айтып, кент әкімі Аққали Әубекеровке жолықтым. Ол кісі гараж бен аулаға кіретін жерге екі плита төселетінін айтты. Ал менің аулама үш плита қажет, – дейді Мұрат аға.

Қала әкіміне барған ақсақал шаһар басшысының іссапарда болуына байланысты жолыға алмаған. Бірақ оның хаты қарауға жолданды деген жауап келіпті. Амалы таусылған ақсақал өтініші аяқсыз қала ма деп күмәнданады. Қыс та келді.

– Қыста көліктің гаражда тұрғаны жақсы. Сол себепті өтініш аяқсыз қалмаса екен, – дейді Мұрат Журумов.

Осы мәселе бойынша Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеровқа хабарластық. Жағдаймен таныс екенін айтқан әкім жуық арада Мұрат ағайдың гаражына кіретін плита төселетінін айтты.

– Арық жасаған мердігер плитаға тапсырыс берді. Көп ұзамай орнатады. Ал Мұрат Журумов айтқандай, ауласының алдына үш плита төсей алмаймыз, – деді Зашаған кентінің әкімі Аққали Әубекеров.

Салынған арық ұзындығы 800 метрге таяп қалады. Мәселені анықтай түсу үшін Жалаңтөс батыр көшесімен арнайы жүріп өттік. Барлық үйге кіріп-шығуға ыңғайлы болу үшін плита төселген. Кент әкімі:

– Қазылған 790 метр арыққа 29 плита орнаттық. Ол белгіленген стандарт. Одан асып кете алмаймыз. Мұрат ағамыздың гаражы арық бойында қалды. Жағдайды түсініп отырмыз. Ескі плита орнатып, мәселені бұрынырақ та шешіп тастауға болар еді. Бірақ ескінің аты ескі. Тозып үгітілсе де жақсы емес. Сол себепті жаңасына тапсырыс бердік, – деді А. Әубекеров.

Кент әкімі алдағы бір-екі күн ішінде мәселе шешілетіні жө­нінде уәде етті.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале