22.10.2021, 11:16
Оқылды: 309

Кешеннің көш бастаушысы - Орал «Зенит» зауытының бүгінгі іс-қимылы туралы сөз

Тәуелсіздіктің басты талаптарының бірі - бұған қол жеткізген елдер мен мемлекеттердің дербес қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің болуы. Елімізде құрылған аталмыш ҚӨК-нің күш қуаты мен әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Оның құрамына кіретін стратегиялық кәсіпорындардың басын «Қазақстан инженеринг» ұлттық компаниясы біріктіріп отыр. Бұлардың арасында қаржы-экономикалық көрсеткіштері бойынша Орал «Зенит» зауыты АҚ алдыңғы орындардың бірінде тұр. 

Da4Y_PCUwAAcfoD.jpg large

Бүгінгі күні Қазақстанның отыз жыл ішінде жеткен жетістіктері әлемдік қауымдастықтың арасында оң бағаға ие. Соның бірі - мемлекетіміздің әскери қорғаныстық бағыттағы кемелер құрастыратын ел ретінде мойындалуы. Бұл факторлар республикамыздың дербес флотының қалыптасуына негіз болды. Оралдағы «Зенит» зауытында бұған қажетті материалдық-техника-
лық базаның жасақталуы жағалау кемелерін құрастырып шығарумен қатар оған тиісті жөндеулер жүргізуге де жол ашты. Мұнда ұзақ уақытқа бекініс жасамай, жылжып орын ауыстыра алатын маневрлық кемелер жасаудың оң тәжірибесі орныққан. Сондай-ақ оқу-жаттығу бекеті экипаж мүшелерінің кәсіби шеберлігін және шыдамдылығы мен төзімділігін шыңдайтын сынақ алаңы іспеттес. Бұдан басқа да көрсетілетін техникалық қызметтер кез келген жағдайда әскери әзір-лікке сақадай сай тұруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Стратегиялық қорғаныс кәсіпорны еліміздің батыс қақпасында сонау 1941 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның түп негізін Мәскеу мен Ленинградта соғыс басталған жылы Орал қаласына көшірілген әскери бағытта қару-жарақтар шығаруға маманданған жұмысшылар мен инженер-техниктер құраған екен.  «Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұрыс қимылдары тек жердің үстінде, аспан астында ғана емес, сонымен бірге теңіздің түбінде де ұдайы жүріп жатты. Бұған қажетті басты қару – торпедо, яғни өзі жүретін су асты минасы еді. Біздің зауыт төрт жыл бойы соны шығарумен айналысты» деп отырушы еді бүгінгі «Зенит»,  бұрынғы Е. Ворошилов атында  аталған зауытты табаны күректей 42 жыл бойы басқарған аға буын өкілі, марқұм Петр Атоян.

Бұл зауыт КСРО кезеңінде  Мәскеумен тікелей бағыныста қызмет жасады. Кеңес Армиясына қажетті қару-жарақ шығарып отырды. Одақ тарап, Қазақстан мен Ресей өз алдына дербес мемлекет атанған кезге дейін-ақ орталықтың Қазақстан аумағындағы зауытқа қожайындық жасауы күрт тиылды. Бұған Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 1989 жылы қабылдаған шаруашылық субъектілерін дербес жүргізу туралы Жарлығы себепші болғанын шамалау қиын емес.

Сөйтіп, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, жасы тоқсанға таяған қарт ақын Шәкір Әбенов жас, егемен елдің басшысы Н. Ә. Назарбаевқа батасын берді. Бұған дейін Мәскеудің мүддесі үшін қызмет жасап келген «Зенит» зауытының ендігі тағдыры не болмақ? Немен шұғылданбақ? Өмір бойы әскери мақсаттағы өнімдер шығарып келген кәсіпорын басқа салаға бейімделіп кете ала ма?

Бұл басы ашық сауалдар сол уақыттағы тәртіп бойынша баламалы түрде, жабық дауыс беру жолымен сайланған зауыттың 37 жастағы директоры Вячеслав Валиевке тыным таптырмады. Тәуелсіздіктің алғашқы айларында республикада қорғаныс кәсіпорындарын жаңа жағдайда қалай пайдалану керектігі жөнінде мәселелер көтерілді.  Бұған қатысты біраз ой-пікірлер мен ұсыныстар алға тартылды. Ең соңында бұларды конверсиялау жөнінде ұйғарым жасалды. Соған сай «Зенит» зауыты да жаңа талаптарға бейімделуі қажет болды.

– Тоқсаныншы жылдары тұтастай республикада, соның ішінде Орал өңірінде аграрлық секторды дамыту басым бағыт ретінде белгіленді. Сондықтан да конверсиялық кәсіпорындар қатарына кірген біздің зауыт ұжымы ауыл шаруашылығы шикізатын өңдейтін құрал-жабдықтар өн-дірісін жолға қою жөнінде ортақ ұйғарым жасады. Осылайша қысқа уақыттың аралығында жаңа қондырғылар мен желілер орнатып, басты өнімге қоса алпыстан астам азаматтық және халық тұтынатын өнімдер шығаруға қол жеткізе білдік, – дейді В. Валиев өз сөзінде.

Республика аумағындағы стратегиялық сипаттағы қорғаныс кәсіпорындарын конверсиялау дәл сол кезеңде өте дұрыс тактикалық шешім болғанын айтуға тиіспіз. Әйтсе де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қалыптасқан күрделі жағдайлар мен дағдарысты еңсеруге байланысты конверсиялық саясатты ұстанғанымен, тәуелсіз ел дербес қорғаныс-өнеркәсіп жүйесін құруды ойластырмай отыра алмас еді.  Осы орайда ұзақ жылдар бойы теңізде қолдануға арналған әскери қарулар шығаруға маманданған «Зенит» зауыты іздегенге сұраған дегеннің басты бір мысалы, кепілі болып шықпай ма? Осындай мақсатқа арналған мұндағы технологиялық желілердің тінін үзіп, тек күнделікті қажетті бұйымдар шығарумен шектелу тәуелсіздігіміздің аспанына ала бұлт үйірмесіне кім кепіл?

Сонымен жоғарыда аталғандай, 1993 жылдан бастап зауыт өмірінің жаңа парағы ашылды деп сеніммен айтуға әбден болады. Осы кезден бастап Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қол-
дауына және ҚР Қорғаныс министрлігінің шешіміне сәйкес тәуелсіз еліміздің шекара қызметіне және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүддесіне қатысты мүлдем тың, жаңа бағыт – кеме құрастыру ісі басталды. Бұл тәуелсіздік шежіресінің ең жарқын беті болып қалатыны анық.

Бұдан бергі уақытта «Зенитте» 34 бірліктен тұратын кемелер мен катерлер және теңіз бен ірі су айдындарында қолданылатын жүзу құралдары шығарылған екен. Бүгінгі күні соның 31-і Каспий теңізінде өздеріне жүктелген әскери міндет пен жауынгерлік вахтаны адал атқаруда.  Зауыт конвейірінде алып кемелер мен катерлер құрастылып біткеннен кейін, салтанатты жағдайда Шаған өзеніне түсіріліп, бұдан әрі Жайық өзені арқылы Каспий теңізіне бет түзер еді. Осы көріністі еске алсақ, бүгінде бір өксік көкірегімізге кептеліп қалғандай болады. Өйткені Жайық та, Шаған да бүгінгі күні батысқазақ-стандықтардың көз алдында күннен-күнге құрғап барады. Сала мамандары «Зенитте» құрастырылатын кемелердің теңіз айдыны үстіндегі жүзу жылдамдығы сағатына 100 шақырым екенін мәлімдеп отыр. Бұл теңіздегі заңсыздықтардың алдын алу барысындағы мәселелерді шешуге үлкен септігін тигізбек. Сонымен бірге зауыт өнімдері басқару тетігі, тұрақтылығы мен дербестілігі бойынша да жоғары көрсеткішке ие. Сондай-ақ күзет кемелерінде қашықтан басқарылатын жауынгерлік қарулар да орнатылған. Оның бәріне арнайы су атқыш қозғалтқыш қойылған. Әскери кемелердің бәрі тәуелсіздік рухына сай атаулармен аталатыны да қолдауға әбден лайықты. «Зенит» зауытының инженерлік-конструкторлық ұжымы «Қазақстан инжеринг» АҚ-мен бірлесе отырып, «Теңізге арналған кеме» жасауды да дамыту жобасын жасақтағаны бөлек бір тақырыптың арқауы. Осы жобаға сәйкес құрғақ салмағы шамамен 600 тонналық мамандандырылған кемелер мен жүзу құралдары құрастырылуда.

«Зенит» зауытын ұзақ жылдардан бері абыроймен басқарып жүрген Санкт-Петербург мемлекеттік теңіз техникалық университетінің (бұрынғы Ленинград кеме құрастыру институты) түлегі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері В. Валиев ұйымшыл ұжымның өндірістік және кадрлық әлеуетін көтеруге де ұдайы көңіл бөліп келеді. Мұнда тәлімгерлік қозғалыс кеңінен етек жайған. Ең бастысы, жаңашылдық пен жасампаздыққа жаны үйір, біліктілігі мол басшы Санкт-Петербургтегі өзі бітірген жоғары техникалық оқу орнымен қарым-қатынасын әлі күнге дейін жалғастыруда. Ол осы байланысты жеке мүддесіне емес зауыттағы маман-конструкторларды кәсіби мамандармен толықтыруға пайдалануда. Атап айтқанда, Вячеслав Хамзиевич Санкт-Петербург мемлекеттік теңіз техникалық университетінде оқуға талабы бар жастарға және орта буын инженер-техник қызметшілердің мамандығын жетілдіру үшін ұдайы қолдау көрсетуде. Оның басты көрінісі Нева жағалауындағы әскери қалаға осы мақсатпен барғысы келетіндерге арнайы жолдама беріп отыруында. Сөз жоқ, мұндай парасатты іс-қимыл өзі басқарған ұжымның болашағына деген жанашырлықтан туындағаны анық.

Түйіп айтқанда, еліміздегі қорғаныс өнеркәсіп кешенінің көш бастаушысына айналып отырған Орал «Зенит» зауыты АҚ-ның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

Темір Құсайын,

«Құрмет» орденінің, ҚР Парламенті сыйлығының иегері, журналист,

«Қазақстан Тәуелсіздігіне
30 жыл» арнайы бетінің  қоғамдық  редакторы

Суретте: «Зенит» зауытында құрастырылған кемелер

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале