28.03.2023, 9:45
Оқылды: 111

Кездесу

Ұстаз. Шәкірт. Өзіңе ұстазыңның қандай көзбен қарап өткенін бүгінгі ержетіп, азамат болған шәкірттеріңе деген көзқарасыңнан білетін сияқтысың. «Қолда өскен ботаның тайлақ аты қалмайды» деген дұп-дұрыс.

20230327_090434

...Алматыға келдім бір шаруалармен. Келе жатқанымды түлектерім – Азамат пен Қайсарға айтқанмын... Түнде жолдан шаршап келсем де, таңмен  сергек ояндым. Шәкірттермен кездесу! Бір күнгі демалыстарын пайдаланып, ертеңгілікке шақырған. Түскіге деп белгілеуге де болар еді,  кездескенше асықтық. Сандуғаш пен Қайсар қарсы алды әйбат мейрамхананың алдынан. Жүрек дүрс-дүрс. Кеуде қуаныштан жарылардай кернеп тұр. Ал бұл бар ғой, басқа сезім. Мүлде басқа! Олар, түлектерім, ержеткен, аяққа тұрған, бір-бір азамат, бір сәт бала күндеріндегідей еркелеп келіп шұрқырай амандасады. Жүздерінде күлкі, сағыныш, сосын... сәл-сәл қысылыс. Жо-жоқ, басқаша қысылыс емес, «тай күндерінде үйретіп тастаған»  иба мен қазақи кісілік қой сол. Өмірзақ,  Гүлнұр, Гүлмира, Баян, Әлия... Маған сол баяғы бала кездері сияқты. Кіршіксіз көңілдерінен қуат сыйлап, үнсіз жәудірейді.

Қайсарым – бизнесмен, Алматыда жеке кәсіпкерлік серіктестігі бар. Гүлнұр – банкир. Санду (Сандуғаш) жеке шаруаларын дөңгелентіп, кәдімгі іскер адам болып алған. «Amanat-global» ЖШС сараптама және сертификаттау орталығының, «Q-sert» ЖШС құрылтайшысы, жоба директоры,  эксперт-аудиторы. Гүлмира сол бала кезіндегі ұяң, ұстамды қалпы. Көпбалалы ана! «HR Capital» ЖШС қамтамасыз ету бөлімінің координаторы екен. «Қызмет жолын енді бастап жатырмын» дейді күлімсіреп. Баян «Бала күтімімен әзірге үйде отырған соң, қарап отырмай, іс тігумен айналысамын» деп аузымызды аштырды! Сәндік көйлектер тігетін көрінеді! Әлия үш айлық қызын алып келген. Өмірзақ «Coca-Cola Kazakhstan» компаниясы сапа бақылау бөлімінің маманы екен. Әрине,  ол химик қой!

Біздің Көктеректің Сатыбалдысынан шыққан мықты химик! Сап-салмақты, оп-орнықты азамат болған. Сөйлеген сайын енді оның үнінен маған деген жылулық есіп тұр... Жылағың келеді... Бір үйдің адамдары сияқтымыз.

Ортақ естеліктер... Ыстық әңгімелер... Класс сағаттары... ҰБТ-ға жанталаса дайындалған қиын сәттер... «Персональный» талдаулар... Күліп еске алып отырмыз енді. Шуақты сәттердің көп болғаны қандай жақсы өткен күндерде. Әсіресе балалық шақта! Қайсар айтады: «Өзіммен өзім қырсығып, бұлтақтап, дұрыс оқымай жүрген кезімде педсоветке шақырып алып, «Үздік аттестатқа»  ұсыныс жасағанда талып түсе жаздағаным әлі есімнен кетпейді. Сол күні үйге қалай жеткенімді білмейсіз ғой! Ұшып келе жатырмын. Мен! Кәдімгі Қайсар! Үздік аттестат! «Үздігіңді қорғап шықсаң, сол күннен бастап тек Қайсар емес, Ақ Қайсар боласың!» деп қайрап жібергеніңіз және бар! Ақтөбеде қызмет етіп, сонда тұрып жатқан Азамат «Мені Ақ Азамат деп ешкім еркелетпейді, сен бақыттысың!»  деп әлі күңкілдейді», – деп.

– Иә,  сені содан бері Ақ Қайсар деп келем, — деймін мен  де күліп.

– Мектеп бітіру кешінде еркін концерт қоюға әмір беретінсіз, кім қандай өнер көрсеткісі келсе, соған рұқсат. Қандай киіммен шығу да өз еркіміз, – дейді Сандуғаш сағынышпен.

– Иә,  әр мектептің бір-бір жұлдызы гимназияға келіп, кіл мықтының тасасында қалып қойған, оқудан қол тимей қалған өнерлерің болса, соны жарыққа шығарып, балалық армандарың орындала қойсыншы деген тілек қой. Сол концерттен көп сюрприз табатынбыз және, – деймін мен  сол кеште «Аппақ гүлдер» әнін билеп жүріп орындап берген Сандуғаштың еркін, ерке, бақытты бейнесі көз алдыма келіп. «Ой, мынау біздің ұялшақ Санду ма, әнші екен ғой!»  десіп,  дуылдатып қол соқтық. Сондағы ақсары жүзі ду қызарып,  жарқырай күліп, басын иген Сандуғаш тағы бір еркелеп алғысы келгендей майысып қасымда отыр.

Шынымды айтайын, рахаттанып қалдым. Аура басқаша! «Үміттің» балалары басқалардан бөлек сияқты көрінеді мен үшін.

Жадырадан хат келді. Жеке нотариус екен. Түлек 2008. «Апай, саламатсыз ба. Қалыңыз қалай? Наурыз құтты болсын. «Үмітім» маған тек білім ғана емес, өмірлік азық болатын тәрбие берді. Сол алған тәрбием әлеуметтік ортада, достардың арасында, отбасында да өз орнымның қалыптасуына көп әсерін тигізді. Және тағы бір жайт, қазір психолог, коучтар  жар салып айтып жүрген түрлі техникаларды Сіз 15 жыл бұрын мектеп кезінде бізге үйретіп тастапсыз. Өз бағаңды білу, дұрыс армандау, мақсат жазу т. б. Қазіргі уақытта «Үмітпен» арамызды аға-апа, бауырлар, сыныптастарым, сағыныш пен ыстық естеліктер жалғап тұр. Жолымызды ашқан «Үміт», «Үміт», тағы да «Үміт!», Жүрегіміздесіздер!»  депті.

Иә,  «Үміт» – жүректер мектебі еді... «Телеграмыма» хат келді. Әсемнен. «Дариға апай, сәлеметсіз бе! Наурыз мейрамы мен Рамазан айы құтты болсын! Қалайсыз апай? Мен – Бекешева Әсемгүл, АҚШ елшілігінде, координатор болып істеймін. Сіз біздер бала болсақ та, бізбен сөйлесіп, жанымызды түсінуге тырыстыңыз. Сіздің мейірімге толы көзіңізді ұнататын едім» дейді мұхиттың ар жағында еңбек етіп жүрген Подстёпный ауылының қарлығашы. Кездессек қой. Әңгімелессек қой бір... «Америкадан  Қазақстанға қайтып келгенде екі бөлек дүние,  екі басқа әлем.  Өз елің үшін жаның ауырады... Онда мұндағыдай емес... Өсек-аяң, көре алмау, кері тартып, аяқтан шалу жоқ...» деп әңгімелеуші еді  студент шақтарында сәлем бере келіп отырып.

«...Үміттің» қабырғасында өткізген жылдарым тұлға ретінде қалыптасуыма, өмірде өз орнымды табуыма бірден-бір себеп болды. Білім нәрін берген, жақсы тәрбие берген ұстаздарыма алғысым шексіз!» деп жазады халықаралық қаржы орталығының жасыл қаржы басқарма төрағасының орынбасары  Манас Ғиждуаниев деген балам. Сонау бір түкпірдегі Көнеккеткен ауылының Манасы ғой Астананың төрінде отырған!

Әнуар Монғолияда. Ұлан Батыр қаласы. Франциялык ОРАНО группасында Адамдар ресурстары бойынша директор болып қызмет атқаруда. «2020 жылы жұмыс істеп кеткенмін, шақыртқасын екінші рет тағы келдім» дейді балам телефон арқылы сөйлескенде сол баяғы жып-жылы қоңыр үнмен.

Жұлдызбек Өзбекстанда. Ташкенттегі консалтингте қызметте. Өзіміздің Ақсайдан шыққан Жұлдызбегіміз ғой! «Өзбекстан банктерінде заманауи тәуекелдерді басқару жүйесін тұрғызуға көмектесіп жүрміз» дейді. Галиев Жулдызбек – 2004 жылғы түлек. КазНУ-дың механика және математика факультетін, кейін Ұлттық Банктің магистратурасын бітірген. Біраз қазақстандық банктерде тәуекелдерді басқару саласында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған. «Менің қазіргі жетістіктерімнің бәрі «Үмітте» оқудың, сондағы ұстаздардың берген тәлім-тәрбиесінің нәтижесі деп білемін. Гимназияма тек алғыр оқушылар мен заманауи, шәкіртжанды ұстаздар тілеймін» деп жазған Жұлдызбегім бір хатында. Өзақаңдардың еліне бұл балам да арнайы шақыртумен барыпты. Қуанып та қалдым естігенде, бөтен елдерден ептеп қызғанып та қалдым. Қазақстанға керек емес пе екен ұлттық тәрбие маңызына қанып, жан-жақты білім алып өскен мұндай мамандар?..

Тағы кім қайда жүр екен?.. Бүкіл тарихын томдап,  шежіре-кітап қылып, жинақтап кетіп ем... Әрі қарай жалғассын, әр түлектің өмір жолындағы жетістігі  тіркелсін деп.

Білмеймін... «Үміттің» құрылғанына 2025 жылы 25 жыл болады екен. Бүгінде ғимараты орнында болғанымен, аты «Абай» гимназиясы болып өзгертілген. «Кітап шығарайық. Форум өткізейік...» дестік. «Баспаханамыз бар,  Алматыдан шығарайық!» деп сенім  берді  Сандуғашым.

Бір кездесу аз болып, екі күн жиналдық. Әңгімелестік.

Сырластық. Жақсы болып қалдық. Өз қолымнан баптап ұшырған 350  бала қыранның тең жартысы «Алтын белгі» және «Үздік». 350 дарын, 350 ұлтжанды, қазақы, жоғары білімді азамат! Қияларда... Атырау, Ақтау,  Алматы,  Астана,  Орал,  Ақтөбе,  Шымкент, Америка,  Монғолия, Өзбекстан... Әр тараптарда қызмет етіп жүр. Кездесе берер ме едік топ-топ болып. Жамырасып. Түлектерміз ғой бәріміз де... Түлектерміз...

Дариға  Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің  қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»

медалінің, «Ы. Алтынсарин»  белгісінің  иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале