1.12.2021, 10:00
Оқылды: 135

Киелі орындар ұмытылмасын

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі географиясы» бағыты аясында облысымыздағы киелі орындарды анықтау, оларды зерттеу жұмыстары жалғасуда. Соған орай БҚО тарихи-өлкетану музейі Бөкей ордасы ауданының аумағына экспедиция ұйымдастырды. 

17

«Қазақстанның 100 киелі орны» тізіміне облысымыздың «Бөкей Ордасы тарихи-музейлік кешені» енгізілгені мәлім. Бұл бірегей кешен 13 тарихи ғимараттан тұрады. Әр ғимараттың өзіндік тарихы бар және Бөкей Ордасы әкімшілік орталығы мен Хан ордасы тарихына тікелей қатысты. Алайда белгісіз себептерге байланысты республикалық тізімге кешеннің барлық нысаны кірмеген екен.

Хан Ордасы ауылының оңтүстік бағытында 4 шақырымдай қашықтықта «Пантеон» деп аталатын «Хан зираты» қорымы орналасқан. Оның құрамына Жәңгір ханның, М. Бабажановтың және композитор Дәулеткерей Шығайұлының кесенелері кіреді.

Жәңгір хан кесенесінің артқы жағында 500-ге жуық мәйіт орналасқан қауым бар. Онда хан отбасының мүшелері, батырлар, билер жерленген. Аталған нысандар мемориалдық және эпиграфикалық ескерткіштер қатарына жатады.

Маңызды киелі нысандардың қатарында табиғи ескерткіштер де бар. Солардың бірі - Минай соры. Жергілікті ақсақал Ахметкерей Салауатұлының дерегі бойынша, оның атауы Сейітқали ауылының аумағында мекендеген байдың есімімен  байланысты. Ол осы жердегі жайлауда көп мал ұстаған. Кеңес өкіметі орнаған соң, оның малы тәркіленіп, өзі репрессияға ұшырайды. Минай ашығы, Минай құмы, Минай соры деген осы жердің атаулары әлі күнге дейін сақталған. Минай сорының ұзындығы 15 шақырымды құрайды. Ақсақалдардың айтуына қарағанда, судағы сордан құлпытас жасаған шеберлер болған. Сондай құлпытас жасаушылардың бірі – Ахметкерей Салауатұлының әкесі. Бүгінгі таңда сор тартылып, су азайған. Жергілікті халық Минай сорын киелі жер санайды.

Хан Ордасынан 15 шақырым жерде халықты емдеумен танымал болған Сағи хазірет және оның шәкірті Сүлеймен хазірет жерленген орын бар. Қорымда әкесі қойған Сүлеймен хазіреттің құлпытасы сақталған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол шамамен 1800 жылдары дүниеге келген. Ноғай-қазақ руынан шыққан. Самарқан қаласында діни білім алған. Сүлеймен хазіретті Жәңгір хан өзі салдырған мешітке бас имам қызметіне шақырған, алайда ол лауазымнан бас тартып, жергілікті медреседе ұстаздық қызмет атқарған. Жәңгір ханның рухани ұстазы болды. Кейін 1845 жылы Жәңгір қайтыс болған кезде, Сүлеймен хазірет ханның жаназасын шығарды деген деректер кездеседі. Сүлеймен Сарыұлы 1849 жылы дүниеден өтті.

Бұл зираттың қоршауына қатысты аңызда бір түнде бейіттің үстіне ғайыптан аспаннан тас түсіп, оны қоршағандығы айтылады. Қазіргі уақытта кейбір жандар аталмыш әулиелердің рухтарына тәу етіп келуде. 1993 жылы Орда орман шаруашылығының қызметкерлері Сағи хазіреттің басына құлпытас орнатқан екен.

Жетібай ауылдық округі-нің аумағында 4 әулиенің қорымдары кездеседі. Олар –
Жанасбай ата, Малтахан би, Жиенбет би, Мұхамбетше Сүлейменұлының зираттары.

Жалпы, облысымыздың аумағында көптеген киелі нысан ескерткіші кездеседі. Біз оларды – табиғи, табиғи-ландшафты, археологиялық-архитектуралық, тарихи жерді және басқа да нысандарды арнайы әдістеме негізінде жіктедік. Енді киелі орындар бойынша туристік бағыттар дайындап, олар туралы ақпаратты сандық жүйеге көшіріп, заманауи технологиялар арқылы насихаттау қажет. Мұндай нысанның көпшілігінің, әсіресе, ашық аспан астында орналасқандарының жағдайы мәз емес, яғни ғылыми тілмен айтқанда олардың жоғалу қаупі жоғары.  Сондай-ақ осындай киелі орындар жөнінде білетін аға ұрпақ та жыл өткен сайын азайып келеді. Сол себепті экспедиция мүшелері өз құзыреті шеңберінде барлық мүмкіндікті пайдаланып, осы бағытта жұмыстарды жалғастырады.

Назгүл Төкешева,

Қайсар Ташай,

облыстық тарихи-өлкетану  музейінің ғылыми қызметкерлері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале