19.03.2021, 10:23
Оқылды: 652

«Киік кесір ме, әлде бізге бұйырған табиғаттың байлығы ма?»

...Соңғы жылдардағы қуаңшылық өңір шаруаларын әбден титықтатып жіберді. Әсіресе, оңтүстік аудандардағы мал баққан ағайын төрт түлікке берер су мен азық таппай, біраз сабылғаны да рас. Өткен жазда «Кейінгі жылдары арнасына су түспей, өзен-көлдеріміздің аңқасы кепті. Жауын-шашын жаумай, шабындықтарымыз селдіреді. Оның үстіне иен даланы емін-еркін кезген сансыз киік әбден кесір болды. Көзіміздің қарашығындай қорып отырған малға берер суымызды ішіп, жайылымымызды отап кетті» деген шаруалардың шағымы жиі естілді. Иә, оңтүстік аудандарға сапар шексең, ақбөкен атаулының көбейгенін дүрбісіз көзбен-ақ байқауға болады. Сонда ата-бабамыз киелі жануар санаған, иен даланың ерке жануарынан бүгінде кесір көріп отырмыз ба? Бұл түйткілге мамандар не дейді? Мәселенің мәйегін тауып көрелік.

 6e974340-5994-48ea-8492-d521bf85cdf8 (3)

Жақында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Қадешевпен бірге киік қорғау жұмыстарын бақылау мақсатында оңтүстік аудандарға шығып қайттық.

Алғашқы бағытымыз – Казталов ауданы. Жол талғамайтын көлікке жайғасып, қаладан шығысымен әңгіменің тиегін ағыттық. Шыны керек, жұмыс барысында кездеспеген соң ба, бұған дейін аталған инспекцияның негізгі мақсаты, атқаратын қызметі туралы көп мәлімет білмейді екенмін. Ауданға жеткенше жол бойы бірталай мағлұматқа қанықтым.

Ақбөкен саны 217 мыңға жеткен

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты инспекцияның негізгі міндеті орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында қорғау жұмыстарын үйлестіру және бақылау функцияларын орындау болып табылады.

и1

Киік жануары негізінен Ресей, Қазақстан, Түрікменстан мен Өзбекстанның шөл даласында өрістейді екен. Ал Қазақстанда дала еркелері Бетпақдала, Үстірт және Еділ – Жайық аймақтарын мекен етеді.

– Еліміз бойынша киік қорғау шаралары 2003 жылдан бастап қолға алынды.  Ол кезде біздің облыстағы киік саны 6 500-дің шамасында еді. Кейін ақбөкендерді қорғауды күшейту мақсатында «Охотзоопром» РМҚК БҚО филиалы құрылды. Аталған мекеме алғашында Ақтөбе облысындағы орталыққа бағынышты болды. Сол кездегі жоспар бойынша киік санын жылма-жыл 10%-ға өсіру міндеті қойылды. Қорғауға алынған жылдары киіктің саны жақсы өсе бастады. Кейін 2010-2011 жылдары ақбөкендердің жаппай қырылуы орын алды. Сараптама жасаған ғылыми топ киіктердің пастереллез ауруына шалдыққандығын алға тартты. Сөйтіп, алғашқы жылы 12 мың, ал 2011 жылы 441 бас дала еркелері шығынға ұшырады. Ресми деректер бойынша сол жылдары оңтүстік аудандарда тек 17 мың ғана ақбөкен қалған еді. Дегенмен, киік қорғау жұмыстары жалғаса берді. Жүргізілген санақ нәтижесі киік санының жыл сайын 60%-ға өскендігін көрсетті. Атап айтқанда,  ақбөкендердің саны 2017 жылы 98 мыңға, 2018 жылы 135 мың, 2019 жылы 217 мыңға жетті. Өткен жылғы елдегі пандемияға орай киік санағы жүргізілмеді. Биылғы санау жұмыстары сәуір айына жоспарланып отыр. Өз болжамдарымыз бойынша киіктің саны 2-2,5 есеге өскен болуы керек, - дейді Қайрат Темірғалиұлы.

Қорғаушыларға қамқорлық керек-ақ

Инспекция басшысының айтуынша, 2016 жылы киіктің әжептәуір көбеюіне орай облыс әкімдігінің ықпалымен «Охотзоопром» РМҚК біздің өңірден арнайы филиалын ашқан. Сол кезден бастап киік қорғау жұмыстары ширай түскен. Дегенмен, киік санының артуына кесірін тигізетін жайттар да азаймай тұр. Киелі жануардың жауы саналатын браконьерлер де айылын жияр емес. Бетімен кеткен «екі аяқты қасқырлардың» жолын кесу үшін елімізде 2023 жылға дейін киелі киікті атуға мораторий жарияланған еді.

– Бүгінде «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары оңтүстік аудандарда киікті қорғау жұмыстарын жүргізіп отыр. Киік көп шоғырланған Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарында төрт инспекторлық топ тұрақты түрде жұмыс жасайды. Ол топтардың құрамында 27 инспектор, 11 арнайы техника бар. 15 тәулік сайын ауысатын әр топ бір «КамАЗ» және жол талғамайтын екі жүрдек көлікпен қамтылған. Жүк көлігінің іші арнайы адам тұруға жабдықталған. Инспекторлар сол көлікпен киік ағынына ілесіп немесе олардың шоғырланған аймақтарын алыстан бақылап отырады. Оның сыртында әр апта сайын жедел қимылдауға машықтанған екі топ көмекке шығады. Әрине, түйткілдер де аз емес. Бүгінде әр инспекторлық топқа бір көліктен жетіспейді. Олардың қарамағындағы жерлер де ауқымды. Әр топ кемінде 150 шақырым жерді қадағалау керек. Өткен жылы ақбөкендер Атырау облысының аумағына көшкенде, «Охотзоопромның» Алматы, Шымкент, Қызылорда облысындағы филиалдарынан арнайы топтар көмекке келді. Ақжайық пен Тасқала аудандарының жазықтарында аз мөлшерде болса да киіктер ұшырасады. Адами әлеует пен материалдық-техникалық мүм-кіндіктердің жетіспеуіне орай ол аймақтар қараусыз қалуда. Қысы-жазы көлікте өмір сүріп, киіктің соңынан жүру де оңай шаруа емес. Сол еңбектері үшін алатын жалақылары да көңіл көншітпейді. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, инспекторлар өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді, - дейді инспекция басшысы.

Киіктің киесі

Киікті қазақ киелі жануар деп бағалауы тегін емес. Әсіресе, төлдейтін кезде табиғаттың өзі амал жасайтыны сол киенің белгісі іспеттес. Қазақ халқы киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен, бұл кезді «құралайдың салқыны» деп атайды. Құралайдың салқынында күн күрт бұзылып, аспанға қара бұлт үйіріледі. Осы кезде «жаман ауыздың» да тәбеті жойылады екен. Ал жаңа туылған киіктің лағын шұқуға дайын отыратын қарақұс сол кездегі жауын-шашынның кесірінен ұша алмайтын көрінеді. Мұндай қолайсыздық бір аптаға, кейде он күнге дейін созылады. Киіктер қаншалықты көп болса да, құралайдың сақыны кезінде яғни 2-3 күннің ішінде төлдеп үлгеретін көрінеді. Олардың тағы бір ерекшелігі – ешқашан жетім қалған лақтарын далаға тастамайды. Аналық киік атаулы кез келген құралайды емізіп, өзімен бірге ертіп әкете береді. Киіктер сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен шаба алады және өкпесі қызбайтын санаулы аңдардың бірі. Жаңа туылған лақ екі сағаттың ішінде аяғынан тік тұрса, ал туғанына екі күн болған құралайды жаяу жүгіріп, қуып жету мүмкін емес.

Киелі жануар туралы әңгіменің қызығына түсіп кеткеніміз соншалықты, Казталов ауданына қалай жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Темір тұлпарымызға жанармай құйып, Жәнібек ауданына бет алдық. Екі ауданның шекарасы қиылысатын тұстан өткен жылдың соңында киік қорғаушыларға арналып дербес (автономды) модульдік үй жасақталған еді. Түстеніп, аяқ суытпақ ниетпен ат басын сол қосынға бұрдық. Біздің келетінімізден хабардар екі жігіт барынша дастарқан жайып қойыпты. Аталған кешенде күні-түні ақбөкенді күзетіп, иен далада жүретін инспекторлар үшін бар жағдай жасалған. Жатын бөл­меден бөлек, күннен қуат алатын электр жүйесі, дербес электр генераторы, шағын жанармай стансасы, көлік және дөңгелек жөндеу цехы, керемет моншасы, асүйі, кір жуатын мәшинесі де бар.

– Қанша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізсек те, киікті заңсыз ату оқиғасы азаймай тұр. Неше адам сотталып, нешеуі айыппұл төлеуде. Киіктің мүйізін сатып, оңай олжаға кенелгісі келетін браконьерлер жетерлік. Киік ату азайса, оны бағудың да керегі болмас еді. Бір жылда орташа есеппен 40-45 қылмыстық іс тіркеледі. Осындай оқиғаларға қатысты кісілердің он шақтысы киік ату дерегі бойынша істі болса, қалғаны киік мүйізін, яғни дереваттарды тасымалдау дерегімен шатылады. Өткен жылдың өзінде заң бұзушылардан 2652 дана мүйіз тәркіленді. Бұл дегеніміз 1326 аталық киік жойылды деген сөз. Әрине, оның бәрі бірдей қанды қол қылмыскердің оғынан өлген деп айта алмаймыз. Тәркілеген мүйіздер арнайы сараптамадан өтеді. Сол арқылы ғана ақбөкеннің неден өлгендігі анықталады. Біздегі деректерге сүйенсек, өткен жыл ішінде 491 киік атылған. Киіктің өлім құшуына түрлі факторлар әсер етеді. Қыс мезгілі қатты болып, қар қалың түссе де киіктер қырылады. Сондай-ақ желтоқсан айында киік күйектен өтетіні белгілі. Көп жылдық ғылыми деректерге көз жүгіртсек, күйек кезінде де киік аталығының 70%-ы ажал құшады. Сондықтан өлген киіктің барлығын бірдей атылды деп санау қате түсінік. Егер киік ату дерегі тіркелсе, бізге хабар түседі. Бір қылмыс анықталса, облыстық, аудандық, ауылдық полиция қызметкерлерінің сапалы жұмысының нәтижесінен оның соңынан бірнеше браконьерлік оқиғаның дерегі анықталады, - дейді Қайрат Темірғалиұлы.

Жүргізілген түрлі зерттеулер ақбөкендердің орташа есеппен 8-10 жыл ғана өмір сүретінін дәлелдеген. Иен далада өз ажалынан өлген ақбөкендерді кезіктірсе, дереу комиссия шақыртып, белгіленген тәртіппен құжаттама толтырып, киіктің ұшасын жақын маңдағы мал моласына жеткізіп, өртеу де күзетші инспекторлардың құзыретіндегі шаруа. Мақсат – өлі киікті басқа адам тауып алып, кейін кесілген мүйіз үшін істі болуының алдын алу. Өткен жылдың өзінде инспекторлардың күшімен 300-дей киіктің өлі денесі өртелген. Бұл тек киік қорғаушылардың жолына жолыққаны ғана. Ал адам аяқ баспайтын кең дала мен сорлардың жағалауларында өлгені қаншама?

Жалпы, киіктің киелі жануар екені баршаға аян. Соны біле тұра ақбөкенді нысанаға алып, жеңіл пайда табуға тырысатындардың көптігі қынжылтады. Киіктің киесіне ұшырап, сәби сүйе алмаған немесе ақбөкен қуамын деп ана дүниеге аттанғандар туралы деректер де жетерлік. Сол оқиғаларды естіген адам неге бір сәт ойланбайды деген ой келеді. Сонда оларды «өзіме болмаса да, ұрпағыма киесі тиер» деген ой мазаламай ма? Алыстан көрінген көлікті өзіне төнген қауіп санап, жанұшыра қаша жөнелген ақбөкендерді көргенде, осындай ойға еріксіз беріледі екенсің...

«Табиғаттың сыйлығы»

Түс ауа Жәнібек ауданына бағыт алдық. Бұл жақта қар жоқтың қасы. Ащыөзек бойын жағалап, далалық жолмен Ақоба ауылына бағыттадық. Алғашында бірен-саран байқалып қалған ақбөкендердің қарасы бара-бара молая түсті. Көлікте отырып алып «Әне кетті, міне кетті» деп дауыстап қоямыз. Суретке түсіремін деп мекеменің беткеұстар фотоаппаратын да ала шыққанмын. Көрінген ақбөкендер жақындатар емес. Көздің ұшына іліккен бойда зымырай түседі. Қары кетіп, қара жері шыққан дала ақбөкендермен қайта ақ түске енгендей. Тамаша көрініс!

Бізбен бірге жолға шыққан Орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инспекциясының жетекші маманы Арман Ізімғалиев қай тұстан қандай жол шығатынын, қалай жүру керек екенін, инспекторлық топтардың қай жерде тұрғандығын жаңылмай көрсетіп келеді. Көлік тізгіндеген Қайрат ағамыз да киіктің көп екендігіне көңілі толып, «Айтшы, осындай сұлулықты басқа қай өңірден көреміз? Бұл біздің өңірге ғана тән табиғаттың сыйлығы емес пе?» деп сүйсініп қояды.

Біздің өңірдегі, яғни Ақ Жайық атырабындағы киік популяциясын сақтап қалу мақсатында арнайы резерват құрылатындығы туралы да көптен айтылып келеді. Ақбөкендерді қорғайтын арнайы мекеме құрылса, ондағы мамандар саны артып, техникалық жабдықталуы күшейтілсе, нұр үстіне нұр болары сөзсіз ғой.

– Біздің өңірден резерват құру мәселесі 2010 жылдардан бастап көтеріліп келеді. 2013 жылы мекеме құру туралы жобаның техникалық-экологиялық және ғылыми негіздемесі жасақталды. Бірақ сол шақта Елбасының әзірге жаңадан мекемелер құруға мораторий жариялауына байланысты бұл шаруа кейінге қалдырылды. Киікті сақтау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жалпы ауданы 343 040,1 гектарлық «Бөкей орда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314 504,1 га болатын Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру мәселесін пысықтау үстінде. Аталған мекеме құрамында 78 қызметкер болады деп жоспарланса, соның 58-і инспектор болмақ. Сондай-ақ резерват құрамындағы мамандар киікке қатысты жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырмақ. Мекеменің кеңселері Жаңақала және Казталов аудандарында орналасады деп жоспарланды. Резерватымыз сәтті құрылып, киікке деген қамқорлық күшейе түссе, қандай керемет! Оның аумағы ішінара қоршалса, оларды бағу көп жеңілдер еді. Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы музейін, жалпы, тамаша табиғатын, қарағайлы орманын көре алмай жүргендер қаншама? Сол аймаққа сапалы жол салынса, тақтайдай жолмен кетіп бара жатқан туристер қазақтың сайын даласында жортқан ақбөкендерді тамашалап отырса деген арман ғой біздікі. Өйткені даланың сұлу жануарын көзбен көруді армандап жүрген қандастарымыздың қарасы көп қой, - дейді Қ.Қадешев.

Кәдеге жаратар күн жақын

Мақаламыздың әлқиссасында шаруалар тарапынан түскен шағымдар туралы айтып өткенбіз. Иә, мал баққан шаруалардың да базынасы дұрыс шығар. Бұл жердегі көзқарас екіге жарылары анық. Бірі киікті кесір санаса, қарсы тарап оны табиғаттың бізге берген байлығы деуі хақ.

– Киікті қорғау шарасы қолға алынғалы бері бюджет есебінен қыруар қаражат жұмсалды. Шыққан шығын да, төгілген тер де ақталды деп санаймын. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңіріміздегі киік саны едәуір артты. Бүгінде жергілікті әкімдік Үкімет алдына киік санын реттеу туралы ұсыныс қойып отыр. Биылғы сәуір айындағы санақта ақбөкендердің нақты саны анықталатын болады. Мұнан соң киік мекендейтін аймақтардың жалпы көлемі мен ол жерлердегі мал саны есепке алынса, шаруалардан артылған жерге қанша киік өсіре алатындығымыз белгілі болады. Сол арқылы киіктің санын реттеп отыруға мүмкіндік туады. Яғни шаруаларға кесірін тигізбейтіндей етіп, резерват аумағында киіктің белгілі бір санын өсіріп отырсақ, ал содан артылғанын кәдеге жаратсақ деген ой ғой біздікі. Кеңес дәуіріндегі секілді киікті аулайтын арнайы мекеме құрылса деп ойлаймыз. Ол, біріншіден, халыққа қолжетімді азық болар еді. Болашақта Ақжайық ауданындағы «БатысМарқаЛамб» кәсіпорынын іске қосып, ақбөкен етін өндірсе, ауысқанын бұқтырылған ет есебінде қалбырға жабуға болар еді. Екіншіден, киік мүйізінен дәрі-дәрмек жасауды қолға алса, болмаса шет елге экспорттаса, терісін де кәдеге жарататын кәсіпорын ашылса, осылардың барлығы жергілікті бюджетке қыруар пайда әкелері сөзсіз. Сол түскен қаражаттың белгілі бір бөлігі киік мекендейтін ауданға берілсе, ауыл-аймақтың да жағдайын жақсартуға болатын секілді. Сонымен қатар интураңшылықты дамытсақ, шет мемлекеттің қалталы азаматтарына заңды түрде саят жасауға рұқсат берілсе, ол да мол пайда әкелмек. Бір сөзбен айтқанда, біз киікке кесір емес, табиғаттың сыйы деп қарап, еліміздің, қала берді облысымыздың брендіне айналдырсақ керемет емес пе? - дейді Қайрат Темірғалиұлы.

Иә, расымен де ақбөкендерді кәдеге жаратар күн де жеткен секілді. Саны өсіп, жойылып кету қаупі сейілсе, ақбөкен мүйізін, етін өндіріп, өңдейтін арнаулы кәсіпорын­дар неге ашпасқа?! Шап-шағын ғана Австралия кенгуруды өз брендіне айналдырып, оның етін тек өздері ғана пайдаланып қоймай, әлемнің 500-ден астам еліне экспорттайды екен. Мұндай диеталық және құнарлы азық түріне деген сұраныс жыл санап артып келеді екен.

Киікке көз тойған күндер

Үш күнге созылған іссапар барысында төрт ауданның даласын аралап шықтық. Иен даланы еркін мекендеген сансыз ақбөкенді көріп, көңіліміз марқайды. Менің қуанғаным былай тұрсын, қасымдағы «киік қамқоршылары» ақбөкендердің шағын тобын көрсе болды, өзінің қимас туысын көргендей қуанып, бір марқайып қалады. Жүйткіп келе жатқан көліктерін тоқтатып, киіктің бағытын қарап, олардың қыстан қалай шыққанын бақылап, көзден ғайып болғанша қарап отырады. Осының өзінен олардың өз жұмысына деген сүйіспеншілігін, адалдығын анық байқау қиын емес.

– Соңғы он жылдағы бақылау бойынша киік негізінен Казталов ауданының Қараоба және Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Талов ауылдарына шоғырланғандығын көрсетті. Осы жолғы іссапарымыз барысында да ақбөкендердің басым бөлігі Жәнібек ауданының жерінде жүргендігін байқадық. Бұрын бұл аймақта тек 5-6 мың бас киік болса, бүгінде олардың саны 35-40 мың шамасына жетіп отыр. Биыл сонымен қатар киік төлдейтін мекеніне ерте ауғандығы байқалды. Жәнібек ауданының жерінен Ресейге кіріп кетпесе деген қауіп те жоқ емес. Бұрын мұндай оқиғалар кездескен болатын. Жалпы, киіктер қыстан жақсы шыққан. Күйлері де жаман емес. Ендігі тілеуіміз – алдағы төлдеу науқанының сәтті өтуі, - дейді инспекция басшысы.

Кеш ауа сапарымыз аяқталып, Орал қаласына бағыт алдық. Үш тәулік көлікте жүріп, мыңнан астам шақырым жолды артқа тастасақ та, еш шаршағанымыз білінбеді. Қасымдағы жол серіктерімнің де көңіл күйлері жақсы. Себебі олар көп жылдан бергі атқарылған еңбек пен төгілген тердің жемісін тағы бір мәрте көріп, қызғыштай қорып жүрген ақбөкендерінің аман жүргеніне дән риза. Оралдан шыққанда басталған әңгімеміз әлі таусылар емес. Тақырып сол баяғы ақбөкендер. Артта қалып бара жатқан иен далаға көз тастап, «Ит-құстан, «екі аяқты» қасқырлардан аман жүріңдер, ақбөкендер! Бұйырса, төлдеу науқанында қауышайық» деп тіледім.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Мәди Ғұсманов,

«Охотзоопром» мекемесінің  аға инспекторы:

– Киік қорғау қызметінде инспектор болып жұмыс жасағаныма үш жыл болды. Бүгінде Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарындағы ақбөкендердің қозғалысын бақылаудамыз. Төрт инспектор және бір көлік жүргізушіден құралған тобымызда бір толықтай жабдықталған «КамАЗ» жүк көлігі мен жол талғамайтын «Toyota Hilux» автокөлігі бар. Киіктердің қозғалысын бақылап, оларды атуға жол бермеу үшін күнбе-күн тыным таппай дала кеземіз. Күні кеше Ұялы ауылының үш азаматын ұстадық. Күдікті көрінген «Газель» автокөлігін тоқтатқанымызда ол бізге мал іздеп жүргендігін айтты. Артынша олар көліктегі киіктің басын жасырмақ ниетпен лақтырып тастауға тырысты. Заңсыз аңшылық жүргізген топ қазір тергеліп жатыр. Мұндай оқиғалар баршылық. Әр топтың қадағалауындағы жердің ауқымы тым үлкен. Қосымша бір көлік пен заманауи дрондар болса, артық болмас еді. Еңбекақымыз бен жол шығындары уақтылы төленіп тұрады. Жұмысым өзіме ұнайды.

Нұрлан РАХЫМЖАНОВ,

Бөкей ордасы ауданының әкімі:

– Бір-екі жылдан бері аудан аумағындағы киіктің әжептәуір көбейгендігі байқалды. Соған орай шаруа қожалықтары иелерінен соңғы жылдары шағымның да көп түсетіні жасырын емес. Олардың айтуынша, киіктер жайылымдары мен шабындықтарына түсіп, өзі аз шыққан мал азығын отап кетеді екен. Бұған соңғы жылдардағы қуаңшылықтың да әсері бар шығар. Биыл резерват құру ісі қолға алынып, киіктер белгілі бір жерлерде бағылса, жақсы болар еді. Әрине, киік – киелі жануар. Дегенмен, оның санын реттейтін уақыт та жеткен сияқты. Ертеректе бұл әдіс болды. Жыл сайын белгілі бір мөлшерін аулап, етке тапсырылып отырды. Сол істі қайта қолға алса, киік еті халыққа арзан бағамен сатылса, киік мүйізі мен терісін де кәдеге жаратса, жақсы болар еді. Ең бастысы, киік мал шаруашылығына кесірін тигізбеуі керек.

Әділжан ҚАРАЖАНОВ,

«Охотзоопром» мекемесінің  инспекторы:

– Ауылдық жерде ержеткен соң, табиғатқа, төрт түлік малға жақын болып өстік. Сол себепті шығар, осы қызметті таңдадым. Біздің басты міндетіміз – заңсыз аң аулауды болдырмау. Соның ішінде браконьерлердің ақбөкендерді атуына жол бермеу. Қылмыстың алдын алу мақсатында ауыл халқы арасында түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Соның өзінде киікті мүйізіне бола ату сап тыйылмай тұр. Өзім қызмет еткен екі жылдың ішінде 14 қылмыс ашылды. Браконьерлерді ұстау барысында да қауіпті жағдайлар жиі болып тұрады.

Толықтай қаруланған қылмыстық топ оңайлықпен беріле қоймайды. Қару қолданатын кездеріміз де  болады...

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале