8.07.2022, 14:59
Оқылды: 226

Киік санын реттеу күзде басталады

Бейсенбіде Нұр-Сұлтан қаласында «Киіктер популяциясының санын басқару» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Басқосуға эколог, зоолог, ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруалар және қоғам белсенділері қатысты.

DLqSduSB3Q4T3Sgh8f5EzOMKi1vPY7qeBYdklwJj

Суреттің дереккөзі: baq.kz

Ғаламтордағы ақпараттарға сүйенсек, жиында киіктер санының күрт өсуінен Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облыстарындағы шаруалардың зардап шегіп отырғаны айтылды.

– Зоология институты 2022 жылға арналған киік санын реттеудің биологиялық негіздемесін ұсынды. Ғылыми қорытындыға сәйкес, киіктің орал популяциясы санының күрт өскені байқалады. Нәтижесінде  егістік алқаптарына кіруіне байланысты олардың артық басын реттеу қажеттігі туындап отыр. Мұндай жайттың бетпақ дала популяциясында да байқалатындығын атап өткен жөн, – деді дөңгелек үстел барысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев. Комитет төрағасының айтуынша, киік – ол ұлтымыздың бренді. Әлемдегі киіктер популяциясының 95%-ы біздің елімізде шоғырланған. Оны ретті басқару – алдымызда тұрған басты міндет. Ал биологиялық негіздемеге сәйкес, биыл Орал популяциясының реттелуі тиіс киіктің басы оның жалпы санының 10 пайызын құрайды. Сонда 5 пайыз аталық  киіктің, 47,5 пайыз ұрғашысының  және 47,5 пайыз биылғы төлдің басы жойылмақ. «Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағындағы Бетпақ дала популяциясы үшін 2022 жылы есепке алынған санның 2,5 пайызын аулау ұсынылып отыр. Киік санын биологиялық, сонымен қатар экономикалық тұрғыда реттеудің оңтайлы мерзімі 15 қыркүйектен бастап 30 қараша аралығына дейін», – деді ол. Өйткені дәл осы мезгілде киіктің төлдері енелерінен алшақтай бастайды. Ал браконьерліктің өршуіне жол бермеу үшін киіктердің санын реттеуді уәкілетті құрылымның мамандандырылған мемлекеттік ұйымы жүзеге асыруы қажет.

«Киік еті санитарлық-ветеринариялық бақылаудан өткеннен кейін қайта өңдеу үшін ет комбинаттарына әрі қарай өткізу үшін берілуі тиіс. Популяцияны реттеу кезінде алынған, сондай-ақ табиғи өлім-жітім нәтижесінде жиналған, браконьерлерден және кеденде тәркіленген ақбөкен мүйіздері міндетті түрде түгендеумен және таңбалануымен уәкілетті құрылымның мамандандырылған ұйымында жиналуы тиіс. Әлем бойынша мұндай тәжірибе болған жоқ. Өйткені киіктердің 95 пайызы Қазақстан аумағында мекендейді. Сондықтан киіктер санын реттеу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Ал аулау бойынша аңшылар ассоциациясы көмегіне жүгінеміз. Негіздеме енді ғана келгендіктен, қарастырып жатырмыз»,  – деді Нұрлан Қылышбаев.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, браконьерліктің күшейіп кетуі мүмкін болғандықтан киіктерді әуесқой аңшылар ата алмайды. Киіктерді атумен арнайы мекеме –  «Охотзоопром» айналысады. Ал киіктер санын реттеуге бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар  киіктерді жаппай ату арқылы олардың санын реттеу әлем тәжірибесінде бұрын-соңды кездеспегенін айтты. Мұнымен  орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев та келіседі. Жиында жануарлар құқығын қорғаушы белсенділер киік атудан өзге баламасы қарастырылуы тиіс десе, фермерлер киік ату шарасының нәтижесіне күдікпен қарайтындарын жасырмады. Ақмола облысынан келген шаруа Марат Қозыбаров Атбасар ауданы аумағындағы киіктер биыл үшінші жыл жайылым алқаптарына түсіп, ірі көлемде зиян келтіргенін, өзінің 60 гектар жерін тапап кеткенін айтты. Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында тұратын фермер Бауыржан Сабанов та егіннің 40 гектар аумағын киіктер таптап кеткеніне налыды. Ол «киікпен күресуге» кеткен шығынның орнын толтыруға мемлекеттің көмектесуін сұрады. Экобелсенді Лаура Мәлікова  дала еркесінің  санын қолдан реттеу шаруалардың мәселесін қысқа уақытта шешуге септескенмен, мәселені түбегейлі реттей алмайтынын, оның себебін табиғи тепе-теңдіктің бұзылуынан іздеу керек деген пікірін білдірді. «Мысалы, теміржол киіктер көшетін миграциялық жолдардың барлығын жауып тастады. Жабайы жануарлардың еркін көшіп-қонуы үшін арнайы экокөпірлер салынған жоқ.  Қазақстанда осы миграциялық жолдар ашылатын болса, киік оңтүстікке дейін барады,деді  тәуелсіз экологиялық белсенді Сәкен Ділдахмет. Ол Үкімет тиісті ревизия жүргізіп, 10 облысты қамтитын миграциялық жолдарды қалыпқа келтіру қажет деп санайтындығын жеткізді. 

 Зоология институты мамандарының сөзіне сүйенсек, елімізде киіктерді аулауды ұйымдастырудан бастап, нарықта пайдалануға дейін кәсіптік аулаудың нақты тетіктері жасалмаған. Зоология институтының зертхана меңгерушісі киіктерді аулауға қолданыстағы тыйымды 2025 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Алдымен ғылыми зерттеу жүргізу қажеттігін, он жылдан бері Білім министрлігінде киіктер бойынша арнаулы бағдарлама болмағанын айтты.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанда 1 млн 318 мың киік бар. Оның ішінде БҚО-да  – 801 мың бас, Бетпақдалада – 489 мың бас, Үстіртте 28 мың бас ақбөкен өсіп-өнуде. Киік басының өсу қарқыны айтарлықтай жоғары, орта есеппен жылына шамамен 40%-ға артып отыр.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале