7.04.2022, 9:45
Оқылды: 130

Кінәлілер жауапқа тартылды

Бизнесті қорғау мен қолдау – прокуратура қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Соған байланысты Тасқала аудандық прокуратурасы ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында ауылдық округ тұрғындарымен арнайы кездесулер өткізді. Ал жеке қабылдауға 50-ден астам адам келсе, оның 13-і – жеке кәсіпкер. Онда мемлекеттің араласуын талап ететін әлеуметтік сипаттағы мәселелер талқыланып, бірқатары сол жерде өз шешімін тапты.

1

Фотосурет: ernur.kz

Айта кетелік, аудандық мәслихат депутаты Н.Мүсеновпен әңгімелесу барысында 2011-2012 жылдары Тасқала аудандық жер қатынастары бөлімі мен «Алина» ШҚ арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу шарты жасалып, оның аяқталу күні көрсетілмегендігі анықталған.

Осылайша аталмыш қожалық қайыра өтініш беру мерзімін өткізіп алып, жаңа мерзімге шарт жасасу құқығын жоғалтқан (конкурссыз). Прокурорлық тексеру нәтижесінде «Алина» шаруа қожалығының жер учаскесін жалға алу келісімшарты ұзартылды.

Сондай-ақ дәл осындай кемшіліктер анықталған 59 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тиісінше хаттар жолданып, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды.

Бұдан бөлек аудандық прокуратура мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізген кезде оқушыларды ыстық тамақпен қамту бойынша биылғы жылға мемлекеттік сатып алу жүргізілмегендігі белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, қаңтар-ақпан айларында 6 мектептегі 398 оқушы ыстық тамақпен қамтылмаған. Оның 298-і 1-4-сыныптарда оқыса, 100-і – аз қамтылған отбасы балалары.

Қадағалау актісі бойынша мектеп басшылығымен жаңа келісімшарттар жасалып, мұнда да жауапты адамдарға тиісінше шара қолға алынды.

 Әсел Берқалиева,

облыстық прокуратураның ресми өкілі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале