3.09.2021, 10:02
Оқылды: 203

Кісілік

Қарапайымдылық – адам бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі. Оның қарабайырлықпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бір сөзбен айтқанда, қарапайымдылық адамның ішкі мәдениетінің тереңдігін,   жан сарайының тазалығын және кісілігі мен кішілігін көрсетіп тұратын индикатор. Ал осы түсінік көптің бірі емес, әжептәуір лауазымдық   қызметі бар жергілікті және жоғары атқарушы биліктің өкілдеріне қатысты қолданылса, оның қадір-қасиеті бұдан әрі биіктей береді.

 555

Осындай биік адами бітім-болмыстың және туа бітті жаратылыс пен парасаттың иесі бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған тұғырлы тұлға Н.Ы.Есқалиев деуге әбден болады. Нәжімеден Ықсанұлының бұған дейінгі еңбек жолы мен ғибратты ғұмыры халқына адал қызмет етудің үлгісі мен эталоны.

Есімі елге елеулі азаматтың республикамыздың батыстағы қақпасы іспеттес Орал өңірінің өсіп-өркендеуіне және экономикасы мен мәдениетінің артуына қосқан үлесі мол. Аталған кезең 1986-1993 жылдардың аралығын қамтиды. Осы 6-7 жылдың ішінде Н.Ы.Есқалиев өзін әріден ойлап, тереңнен толғап, кең ауқымды стратегиялық шешімдер қабылдап, оны тактикалық тұрғыдан беркіндіре алатын біліктілігі мол өңір басшысы ретінде көрсете білді.

Өткен XX ғасырдың сексенінші жылдарында өңір экономикасында ауыл шаруашылығы секторының үлесі басым болғаны белгілі. Обкомның жаңадан тағайындалған бірінші хатшысы мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісі үстірт, жайдақ тәжірибенің жетегінде кете бермей, ғылыми негіздер мен тұжырымдарға арқа сүйеуі керектігін алға тартты. Әрине, аталған салада ғылыми көзқарасты қалыптастырып, оны өндіріспен ұштастыру оңай іс емес. Осы орайда өңір басшысы ғылымның еңбек өнімділігін көтеруге септігі тиетінін дәлелдеп, облыста салалық ғылыми-зерттеу мекемелерінің ашылуына негіз қалады.

Н.Ы.Есқалиев Мәскеудегі КСРО халық шаруашылығы академиясында оқып жүрген кезінің өзінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы алқаптарында еңбек ресурстарын ұйымдастырудың тиімді жолдарын көрсете білген екен. Ізденуші ретінде ол осы үрдісті одан әрі жалғастырып, ең алдымен Талдықорған облысында соя өсіруге қатысып, ғылыми ізденістер жасапты. Оны анау-мынауға бас ие бермейтін мәскеулік мамандардың өзі мақұлдағаны да өз алдына бір бөлек әңгіме. Сондай-ақ Жетісу өңірінен Ақ Жайыққа келген кезде малды бордақылау мен семіртуге қатысты ғылыми тұрғыдағы ізденістері де өнімнің артуына әжептәуір көмегін тигізген.

Ең бастысы, Нәжекеңнің ғылыми бағыттағы қадамдары ғылыми атақ алу үшін емес, өндіріске бір пайдасы тисін деген шынайы жанашырлықпен жүргізгені сүйсіндірмей қоймайды. Бүгінде не көп, ғылыми атақты сатып алып оның кандидаты немесе докторы атанғандар көп. Оның қасында бүгінгі кейіпкеріміздің ел басқаруға қоса ғылыми ізденістер жүргізуге бой ұруы ерлікпен пара-пар іс емес пе?

Сексенінші жылдардың екінші жартысында республика өңірлерінің қай түкпірінде де азық-түлік тауарлары түрлері күрт кеми бастаған еді. Әйтсе де, мұндай көрініс Орал қаласында және облыс аудандарында орын ала қойған жоқ. Сүт өнімдері, жарма тектес дақылдар мен шұжықтардың сан алуан түрлері дүкен сөрелерінде сықасып толып тұрған кез еді. Бұған өзге өңірден қаламызға келген қонағымыз: «Мынау не деген молшылық» – деп аң-таң қалып еді. Мұның сырына кейіннен қанықтық. Сөйтсек облыс басшысы Н.Ы.Есқалиев 1988-1990 жылдары ауыл шаруашылығы шикізатын тек өсіріп қана қоймай, оны өңдеу ісіне де көңіл аударып, әзір өнімдер шығаратын цехтар іске қосылуына түрткі болыпты. Бұдан соң арнайы құрылған кооперативтер оны коммерциялық бағамен сауда орындарына жеткізіп отырған. Аталған кезеңде облыста ет және сүт өнімдерінің молшылығын жасау жөніндегі обкомның бірінші хатшысы белгілеген іс-қимыл бағдарламасы да тиісті нәтижесін берді.

3

Жоғарыда айтылғандай, ел басқару ісіне стратегиялық ой жүйесін арқау ете білген Нәжімеден Ықсанұлы болашақта су көздері мен ресурстары тапшылық жасайтынын алдын ала аңғарып, қосымша гидроинженерлік нысандар тұрғызу ісіне үлкен мән берді. Әрі осы орайда тікелей іс-қимыл танытып Қамыс Самар алқабында су арнасының салынуына бастамашы бола білді. Бүгінгі күні жергілікті ел-жұрт оны Нәжімеден каналы деп атап кеткені өз алдына  бір  бөлек  әңгіме.

Н.Ы.Есқалиевтің стратегиялық қарым-қабілетінің облыстағы республикалық деңгейдегі негізгі аутокөлік жолдарына қоса шекаралас өңірлердегі ауылдар мен елді мекендерді қиып өтетін қосымша жолдар қажеттігін алдын ала аңғарып түйсіне білуі. Осы мақсатта Карташов-Мирон-Богатырев-Бозоба-Казталов-Жәнібек жол құрылысы жобасын ол бұдан 30-35 жыл бұрын ойластырып, оған қиыршық тас төсеттіріпті. Әйтсе де, кейін қаражаттың жетіспеуіне, қоғамдық формациялардың ауысуына және өтпелі кезеңнің қиыншылығына байланысты бұл жоба жалғасын таба алмай, тоқтап қалған еді. Дегенмен «Ештен де кеш жақсы» дегендей соңғы жылдары аталған жол құрылысына қайтадан жан біткені Н.Ы.Есқалиевтің кең ауқымды ойлау жүйесінің тағы бір дәлелі болмақ.

Нәжекеңнің өңірді басқару стиліне тән болған тағы бір ерекшеліктің бірі – халыққа түк пайда бермейтін тиімсіз жобалардан бас тартуы. Әрі бұған дейін осындай әттеген-айлар кеткен болса, оны орнына келтіру жөнінде қажетті шешімдер қабылдай білуі. Осыған бір мысал. Сексенінші жылдардың бас кезінде тұрғындар саны 250 мыңнан сәл асатын шағын Орал қаласы екі бірдей әкімшілік аумаққа бөлініп, соған сәйкес екі аудандық партия комитеті құрылды. Осы орайда партияның қаражатына салынған қос бірдей сәулетті ғимарат бой көтерді. Шынтуайтына келгенде, мұндай қажеттілік жоқ еді. Сондықтан облыс басшысы қажетсіз партиялық басқару құрылымдарын таратып, оның хан сарайындай ғимараттарын перзентхана мен балалар ауруханасына беру жөнінде шешім қабылдауы – ар тазалығы мен әділеттің белгісіндей әсер қалдырады. Әрі мәселенің бұлайша қойылуы Н.Ы.Есқалиевтің қай кезде де халықтың мұңмұқтажына көңіл аударып, әлеуметтік мәселелердің оң шешілуін ұдайы назарда ұстай білетінін  аңғартқаны  анық.

Қай кезде де іс тетігін ең алдымен кадр шешетіні ешқандай талас туғызбайды. Тек білікті, өз мүддесінен гөрі ел-жұрт пен халықтың мүддесін жоғары қоя алатын, оған жаны ашитын кадрлар ғана ортақ істің нәтижелі болуын қамтамасыз ете алады. Осы орайда облыс басшысының басты ұстанымы қандай болды? Бір орайы мен сәті түскен кезінде бұл сауалды Нәжекеңнің үзеңгілес серігі, облыстың мақтан тұтар ұлдарының бірі, марқұм Р.Х.Сүйербаевқа қойған едім.

–  Бала, бұл сұрағыңа жауап қайтару менің компетенцияма кірмейді. Дегенмен сұрақ қойып қалған екенсің, тауыңды қайтармайын. Нәжімеденмен ұзақ жылдар бойы бірге қызметтес болған партиялас, әріптес ретінде кадр мәселесінде қандай көзқарас ұстанғанын айтып көрейін ендеше, – деді де Рахаң төмендегі жайттарды баяндап берді. Яғни Рахметолла Хамитұлының айтуынша, Нәжекең кадр таңдау мәселесіне өте мұқият қараған. Әрі кадрларды тәрбиелеу, іріктеу және орналастыру деген партиялық қағидаға арқа  сүйеген. «Өзі таза облыс басшысы жанына өзі секілді ар-ожданы таза, қолынан іс келетін басшыларды шоғырландыра білді. Ол белгілі бір кадрды жауапты қызметке қою үшін өзгелердің ой-пікірін мұқият тыңдап, кейін оны өз ой елегінен өткізіп, тек содан кейін ғана шешім қабылдайтын. Нәжімеден кадрларды аялай да, сыйлай да, қажет жерінде қолдай да білді. Ешқайсысына қиянат жасаған жоқ. Оларға үлкен сенім артты. Сондықтан да облыстағы көптеген қабырғалы проблемалық мәселелер партияның қаһары мен сол кездегі идеологияның күшімен емес, бірінші хатшының кадрларға деген сенімі арқылы жүзеге асты. Ал сенім адамды еш уақытта алдамайтын құдіретті күш емес пе? Ең бастысы, Нәжімеден жоғары қызметке ұсынған кадрлардың қай-қайсысы да оның сенімін ақтай білді», – деп аяқтап еді өз ой-пікірін Рахметолла ағамыз.

Тоқсаныншы жылдардың басында, яғни, кеңестік қоғамның тұяқ серпер тұсында СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы М.С.Горбачев бастап берген қайта құру, демократия, жариялылық, плюрализм мәселелері кеңінен етек алғаны белгілі. Бұрынғы алып империяның әр тұсында арандатушылар пайда болып, ел ішінде ірікті салуға тырысты. 1991 жылы қыркүйек айында Орал қаласында болған оқиға да осындай керітартпа күштерге сырттан дем беруші келімсектердің араласуынан орын алған еді.

Әйтсе де, арандатушылардың арам пиғылдары іске аспай, жолдары кесілді. Қан төгілген жоқ. Бұл ең алдымен қай кезде де тереңнен ойлап, «жеті рет өлшеп, бір рет кесе білетін» облыс басшысының оңтайлы әрі парасатты шешім қабылдай білуінің нәтижесі еді. Біз қандай сыни сәтте де имандылық жолынан таймаған, «Сабыр түбі сары алтын» деген қағидаға сүйенген халықтың өкіліміз. Аталмыш текетірес кезінде осындай халықтық қасиетіміз аяққа басылған жағдайда қан төгілуі де әбден мүмкін еді. Мәселенің бұдан әрі ушықпай шешілуіне, әрі лап етіп жанғалы тұрған оттың оң жаққа ойысуына алғышарт қалай білген Н.Ы.Есқалиевтің көрегендігі мен көсемдігі әділ бағасын алуға әбден лайықты. Өмір бойы ізденістен танбай, өмір бойы өзін өзі жетілдірумен келе жатқан танымал тұлға бұған дейінгі орын алған кейбір кикілжіңдер мен түсінбестіктердің өткен тарихымызды жетік білмеуден тамыр тартатынын өз отандастарына ұдайы ұқтырумен келеді. Әрі көшелі азамат бұл қағидасын тек мемлекет құрушы ұлтқа қатысты ғана емес Орал өңірін мекендейтін әрі Қазақстанды өз отаным деп санайтын өзге ұлт өкілдерінің сана-сезімдеріне де сіңіруге ықпал жасай білді. Ал шын тарихты білуді қажет деп таппайтын, өткенін барлап, бүгінін бағалай алмайтын жетесіздерге сарабдал сөзді шығын етудің өзі артық секілді.

Тәуелсіздікке қол жет-кізген кезде, тіпті келесі 1992 жылға дейін Ақ Жайық атырабындағы әкімшілік аумақ Орал облысы, орысшаға аударғанда Уральская область деп аталып келді. Ал бұл атау Ресейдегі Свердлов облысындағы Урал деп аталатын географиялық ендікті еске түсіретін еді. Кең байтақ республикамыздың батыс бөлігінде орналасқандықтан бұл аймақ Батыс Қазақстан облысы деп аталуға әбден лайықты еді.

Тіпті 1932 жылы алғаш рет құрылғанда ежелден елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Еділ-Жайық алабы – Батыс Қазақстан деп аталғаны белгілі. 1992 жылы облыстың осы тарихи атауы қалпына келтірілді. Бұл іс өңір басшысы Нәжімеден Есқалиевтің тікелей қолдауы мен дем беруінің арқасында жүзеге асты. Мүмкін мұны бүгінгі күні біреу білер, біреу білмес.

Қалай дегенде де, Ақ Жайық өңірінің сан ғасырлық тарихындағы қатпарлы құпияның бетін ашып, жабулы жұмбағын шешуді өзінің перзенттік борышы, бүгінгі ұрпақ алдындағы парызы деп санай білген Нәжімеден Ықсанұлының ерен еңбегі мен іс-қимылын нағыз тағылым мен тәлім десек жарасар. Міне, осындай ыңғаймен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының өзінде өңірдегі жер, су атаулары ежелгі қалпына қайта оралды. Мұны да Нәжекеңнің тигізген шапағаты, айшықты қолтаңбасы деп бағалағанымыз жөн.

Н.Есқалиевтың туа бітті жаратылысы мен бітім-болмысы елші болуға әбден лайықты екенін Жайық жұртшылығы о бастан-ақ байқаған еді. Нәжімеден Ықсанұлына тән тағы бір жақсы қасиеттің бірі – қандай жағдайда да ұстамдылық танытып, бір жаққа бұра тартпайтыны. Көпшілік тара-пынан айтылған ұсыныс-пікірлерді саралап, жіліктей келе өзінің ақыл-ой түйінін жасай алатыны. Осындай кезде облыс басшысының небір ұр да жық пысықайларды өзінің ығына жыға алатын қыры айқын көрініп тұратын. Міне, нағыз дипломатия деп осыны айтыңыз.

Ел мен елді жақындастырып, өзара жылы шырайлы қарым-қатынастардың орнығуында дипломатиялық қызметтің атқаратын рөлі зор. Дана халқымыз оны «елдестірмек елшіден» деген бір ауыз сөзбен түйіндеп берген. Қандай кезде де шиыршық атқан оқиғалардың бел ортасында жүретін елшілер тарихқа ықпалын тигізе алады деген сөз де тектен-тек айтылмаса керек. Бұл олардың іс-қимылына берілген биік баға екені белгілі.

Н.Ы.Есқалиев – міне,осындай аса жауапты дипломатиялық қызметтің майталманы әрі халқымыздың мақтан тұтар ұлдарының бірі. Оның жас егемен елімізде дипломатиялық қарым-қатынастардың орнығуына қосқан үлесі қомақты. Елшілікті ең алғаш Өзбекстаннан бастап, кейін Тәжікстан, Молдова, Беларус, Украинада жалғастырған Нәжімеден Ықсанұлының жолы нағыз өнегелі жол. Нәжекеңнің көпшілік біле бермейтін биік адамгершілік қасиеттерін көзі тірісінде онымен әріптестік әрі достық қарым-қатынаста бола білген Рахметолла ағамыз айтып берген еді. Рахаңның айтуынша, Нәжекең туған күнін көппен бірге атап өтуді жаны қаламаған. Неге? Негесі сол, басшыны туған күнімен құттықтауға қызметтестері келіп мақтау сөз айтады. Сыйлық ұсынады, оның несі сән? Содан соң ізін білдірмей адам аяғы сиректеу өзге жаққа кетіп қалады екен. Нәжекеңнің бітім-болмысына жағымпаздық, популистік іс-әрекеттерге бой ұру және ел-жұрт алдында өзін сүйімді етіп көрсетуге тырысу секілді жағымсыз әдеттер жат.

«Ұлық болсаң, кішік бол» демей ме халқымыз? Осы нақыл Нәжекеңе қарата айтылғандай көрінеді де тұрады. Сондай-ақ «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген дана Абайдың өлең шумақтары да Нәжімеден Ықсанұлының бітім-болмысына дөп келеді. Өйткені ол қоғамдық ортада және қарапайым адамдармен қарым-қатынаста өзін жоғары ұстамайды. Әрі жанындағы жандарды төмендетпейді. Адамдарға әр кез құрметпен қарап, олардың ой-пікірлеріне ықыласпен құлақ түре біледі. Оның бойында мұндай биік адамгершілік қасиеттердің орнығуына ең алдымен отбасында алған тәрбиесі ықпалын тигізгені анық.

Кешегі социализм дәурінде аудан мен облыстың тізгінін ұстаған бірқатар басшылар жоғарыға жалған ақпарат және көтеріңкі леппен рапорт беруді әдетке айналдырғаны мәлім. Олар қолда бар мәліметтерді бұрмалап, оны өсіріп көрсетуге тырысты. Ал қашан да тазалық пен арды серік ете білген Нәжімеден Ықсанұлы мұндай жағымсыз іс-әрекеттерден бойын аулақ ұстай білді. Мүмкін бұдан оның үкіметтен алған бір марапаты кем болған шығар.

Дегенмен мұндай кіршіксіз көзқарасы мен тазалығы үшін халықтың берген абыройы оның орнын артығымен толтырғаны да талассыз. Ал абыройдан жоғары, абыройдан биік тұратын ештеңе жоқ екені тағы да аян. Қызмет бабында сапарға шығатынын алдын ала хабарлап, күтіп алыңдар дегендей емеурін танытып, сөйтіп қарауындағыларды елбек қақтырып, тегіс жолда сүріндіріп жүретін басшылар да кездесіп тұрады. Н.Е.Есқалиевке мұндай «сырқат» та жабыспағаны оның мерейін үстем ете түседі. Ол облысты басқарған жылдарда басқару құрылымдары мен адами қарым-қатынастарда шынайылық пен әділет үстемдік құрғанын осындай боямасыз көріністермен байланыстыруға да әбден болады.

Авторлық  түйін:

Нәжімеден Ықсанұлы бүгінгі күні де бәз-бая-ғыша ел-жұртының ортасында. Бүгінгі әңгімемізді түйіндей келе жаны жайсаң жақсы ағаға шынайы көңіл-ден: «Сіз туған халқыңызға әлі де қажетсіз. Сондықтан сергек сезім күйін жоғалтпай, халқыңызбен бірге ұзақ ғұмыр кеше беріңіз» демекпіз.

 

Темір Құсайын,

 Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале