10.10.2022, 10:15
Оқылды: 83

«Кітапtime – 2022»

Бірер апта бұрын Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада «Кітапtime – 2022» республикалық фестивалінің ашылу салтанаты өтті.  

IMG-20220923-WA0006

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған фестиваль облыс орталықтарындағы кітапханаларда бір уақытта ұйымдастырылды. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ғаламтор арқылы байланысқа шығып, фестиваль қатысушыларын кітап тойымен құттықтады.

– Кітап фестивалінің мақсаты – көпшіліктің назарын оқуға аудару және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру. Осындай игі іс-шаралар жастарды, жас ақын-жазушыларды білім алуға үндеп, олардың кітапқа деген құштарлығын оятатынына сенеміз. Жақсы бастама жалғасын таба берсін, – деді Дәурен Әскербекұлы. Филология ғылымдарының докторы Айгүл Смақова, ақын Маралтай Райымбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова сынды танымал тұлғалар да жылы лебізін білдірді. Осыдан соң Жұбан кітапханасында аталмыш фестиваль аясында ұйымдастырылған іс-шаралар бастау алды.

Кітап – өте қымбат дос

Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің оқытушысы Жандос Хамза жүргізген іс-шараға ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Айтқали Нәріков, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің аға оқытушысы Сәнді Мұратқызы, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директоры Шолпан Оразаева және Орал қаласындағы жоғары оқу орындарында оқитын студенттер қатысты.

– Болашақ – жастардікі. Ауылдан арман арқалап қалаға келген студенттер үшін кітаптан пайдалы нәрсе жоқ. 1961 жылы мен оқуға түстім. Байқасам, осы кітапхананың 61 жылдан бері оқырманы екенмін. Кітап – тегін сабақ беретін мектеп. Еңбек жолымды кітапханашы ретінде бастадым. Ғалым да, ақын-жазушы да, мемлекет қайраткері де кітапқа тәуелді. Докторлықты қорғау үшін жүздеген кітап оқу керек. Кітапхана болмаса, ғалымдар да болмас  еді. Қысқасы, кітапхананың адам өміріндегі рөлі, маңызы зор. Бірақ біз соны сезінбейміз. Кітаппен дос болыңыздар! Кітапты сүйіңіздер! – деген Айтқали Нұрышқалиұлы «Кітапхана» атты өлеңін оқып берді.

Кітап – білімнің сарқылмас бұлағы. Бүгінгі таңда оқуға, білім алуға құмартатын жастар көбейіп келеді. Жастардың кітапханаға барынша жиі баратыны, олардың әлдебір жинақтардан әлденені ақтарып, іздеп отыратыны, әрине, жақсы. Осы бағытта БҚУ оқытушысы пікір айтты.

– Кітапсүйгіш оқырмандардың көбейгені – қуаныш. Кітапханашының жұмысы өте қызық. Оны көбі түсіне бермейді. Жастар электронды кітаптарды оқиды. Төрткүл дүниеде қандай өзгеріс болып жатыр, соның бәрін жастар біледі. Кітапханалар қазіргі заман сұранысына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Кітапхана сайтынан кез келген ақпаратты таба аласыз, – деді Сәнді Мұратқызы.

Жастар кітаптың адам өміріндегі орнын айқындайтын, оның маңыздылығын ұқтыратын өлең-жырларды нақышына келтіре оқыды. Ойларын еркін бөлісіп, өздерінің кітапханаға жиі келетіндерін жеткізді.

– Біз Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханамен тығыз қарым-қатынастамыз. Осындағы мамандар ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысып тұрамыз. Кітап – біздің асыл досымыз. Кітап арқылы тарихымызды, әдебиетімізді танимыз. Рухани қазынамызды мәңгі сақтап, құрметтеуге тиіспіз. Кітапханамен бірге болайық! – деді Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің студенті  Ернұр Асхатұлы.

Іс-шара барысында «Шабыт» би ансамблінің кіші тобы би билеп, «Құрбылар» триосы ән  шырқады.

– «Кітапtime – 2022» республикалық фестивалі аясында кітап көрмелерін жасақтадық. Қызықты кездесулер ұйымдастырылып, түрлі құнды ақпарат айтылатын болады. Күні кеше ғана келген жаңа кітаптармен танысыңыздар. Білімнің қайнар көзі – кітапханада. Кітап оқи білу – үлкен өнер. Кітап – көненің көзі, ескінің сөзі,  – деген Шолпан Қуанышқалиқызы кітапхана жұмысын насихаттап, студенттердің фестиваль аясында өтіп жатқан шараларға қатысуына мүмкіндік туғызған жандарға алғысхат табыстады.

Фестиваль «Автографtime» алаңында «Қаламдарынан жыр төгілген ақындар» атты жас ақындармен кездесуге ұласты.

Ақындар ашыла сөйледі

Кездесуге Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Абдул Рахметов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Гаухар Шайхиниязова, «ТДК-42» телеарнасының жүргізушісі Жандос Хамза, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Марлен Ғилымхан шақырылған екен. Олар өздерінің шығармашылығы туралы сөз бастады.

0a8b33d0-6026-4277-a421-72ca5e96b8d4

Абдул Ғабитұлы өзінің өлең өлкесіне қалай келгені жайлы әңгіме өрбітсе, Гауһар Жәрдемқызы қоғамдағы түйткілді мәселелер жайында сөз қозғады. Жандос Жанұзақұлы кітап әлеміне сапар шексе, Марлен Мәлікұлы алдағы жоспарымен бөлісті. Олар көзқарастары мен ойларын өзгерткен кітаптар жайлы айтты. Студенттер ақындардан қандай кітаптарды оқу керектігін және ақын атану үшін адам баласына қандай қасиет қажет екенін сұрады. Ақындар еңбекқорлық, жанкештілік, адамгершілік тақырыптарында ой толғады.

Жалпы бұл сыр-сұхбат түрінде өткен кездесудің мақсаты – өңіріміздегі қаламгерлерді көпшілікке таныстыру, жастардың олардың өлеңдерін оқуға шақыру. Іс-шара соңында ақындар жырдан шашу шашса, оқырмандар қолтаңба алып, естелік суретке түсіп жатты.

Әлкеш Қалқаман,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале