28.01.2021, 22:03
Оқылды: 596

Кітапхана – бақуатты өмір сүру кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІV отырысында кітапханалардың ағартушылық рөлін көтеру, өскелең ұрпақты оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту ісіндегі кітапхананың рөлі жөнінде айтқан болатын. Берік білім қалыптасқан қоғамда табыстың деңгейі жоғары, адамдардың бақуатты өмір сүруіне жағдай жасайды. Кітап оқу арқылы қоғам өзін-өзі тәрбиелеп, басқарудың дамуын үйренеді.

ки7

Өркениет заманында кітап оқитын пайдаланушылар саны азайғанымен, оқып білуге, ақпарат алуға деген ынта-ықылас еш толастамайтындығы анық. Кітапхана қай дәуірде де бәсекеге қабілетті, мәдениетті, рухани тұлғаны тәрбиелеп шығаруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан да ақпараттың, білім мен мәдениеттің орталығы кітапханалардың маңыздылығы жылдан-жылға артып келеді.

Орал қалалық кітапханасы 1938 жылдан бері ақпараттық, білім, мәдени  қызметін қалалықтарға ұсынуда. Кітапханалар жүйесіне қарасты 19 кітапханада 72 қызметкер, оның ішінде 52 арнаулы жоғары білімді кітапханашы маман жұмыс істейді.

ки6

Кітапхана филиалдары қала аймағында және Зашаған, Деркөл, Желаев, Круглозерный, Серебряков, Ветелки кенттерінде орналасқан. Кітапхананың жалпы кітап қоры 622 561 дананы құрайды. Кітапханада оқитын ортаны қалыптастыруда кітапханашылар жаңашылдыққа, заманауи ақпараттық технологиялар және бағдарламалармен жұмыс істеуді қолға алған.

Бүгінгідей ғылым мен технологияның қарыштап дамыған заманында да кітап, кітапхана өзінің құныдылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, қызметін жалғастырып келеді. Соның бір дәлелі, биыл кітапханалар қоры жаңа 158904 басылыммен, көркем әдебиет және түрлі салаладағы ғылыми әдебиеттермен толықты.

ки5

Кітап оқу – адамның мәдени-ағартушылық белсенділігін арттырудың негізгі құралы. Сондықтан да біздің кітапхана да өз оқырмандарының сұраныстарына қарай өзгерістерге бейімделіп отырады. Кітапхананы жаңартудағы басты мақсат – оқырманға жаңа ақпараттық технологияны, электрондық ресурстарды пайдалану арқылы қызмет көрсетудің жаңа формаларын ұсыну.

Қалалық кітапханаларды жаңғыртуға Орал қаласының әкімдігі мен мәдениет және тілдері дамыту бөлімі қолдау білдіреді. Соның бірі №5 кітапхана-филиалы күрделі жөңдеуден өтіп, коворкинг орталығы болып ашылды. Аталмыш орталықта келушілерге қолайлы орта, жайлылық пен еркін сұхбаттасу, шығармашылық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік жасалған. Жастардың іскерлік кездесуіне, әртүрлі формадағы шараларға, дискуссия, пікірталас өткізуге арналған зал да коворкинг төрінен орын алған. Бұнымен қоса балалар кітап оқумен шектеліп қана қоймай, бос уақыттарында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды.

ки4

Қала күні мерекесі аясында Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің №6 кітапхана-филиалы күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты өтті. Кітапхананың ашылу рәсіміне ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұбан Молдағалиевтің жары Софья Молдағалиева, ақынның ұрпақтары, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлінің жары Салтанат Мырзалиева, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, "Құрмет" орденінің иегері Ұлықбек Есдәулет, көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, Қазақстан және КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов қатысты.

Шарада Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, «Өлке» баспасының бас директоры, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, журналист Мереке Құлкенов, "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері Роза Исатаева кітапхана ісіне сәттілік тілеп, сөз сөйледі.

ки3

Кітапханаларда қолданылып келе жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары кітапханалардың жаңа келбетін қалыптастыруда маңызды рөлге ие. Атап айтсақ, орталық кітапхана мен №6 кітапхана-филиалында web РАБИС бағдарламасы арқылы кітаптар мен мерзімді басылымдарды электрондық каталогқа енгізу жұмыстарын бастады. Бағдарлама барлық интернет ресурстары үшін ашық болғандықтан, пайдаланушылар әлемдік ақпараттар кеңістігінде қажетті мәліметтерін тез алуына мүмкіндік бар. Онлайн режимде пайдаланушы үшін қажетті әдебиетті табу және оны fb2 форматында жүктеу мүмкіндігі де бар. Бұл оқырманға ақпараттық қызмет көрсетудің саны мен сапасын, тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

ки1

Кітапханада қала тұрғындары үшін қолданылуы қарапайым, арнайы жабдықталған ақпараттық киоск бар. Ақпараттық киоск – жеңілдетілген ақпарт алу көзі, оның көмегімен тұрғындар «Электрондық үкімет» egov.kz   порталынан өздеріне қажет анықтамаларды тез ала алады. Тұрғындарға қолжетімді болу үшін ақпараттық киоскілерді басқа филиалдарға да ашу жоспарда бар.

Сонымен қатар кітапханалар жүйесі бойынша №16 кітапхана-филиалы «Ет комбинаты» ауданы, №2 кітапхана-филиалы Х.Доспанова көшесі, 58 мекен жайындағы ғимаратқа көшірілді. «Ет комбинаты» ауданында №16 кітапхана-филиалы жаңа заманға сай үлгіде күрделі жөңдеуден өтіп, жаңартылып ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, қалалық мәслихат депутаттары Тұрарбек Тілемісов, Азамат Бисенов, мекеме басшылары мен шағынаудан тұрғындары, орталықтың қатысушылары мен тәрбиеленушілері, кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. №16 кітапхана-филиалы мен «Арай» комьюнити орталығы жұмысының негізгі мақсаты – балалармен қатар жергілікті халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, тұрғындарды қызығушылықтары бойынша топтастыру, түрлі мәдени, спорттық шаралармен қамту, салауатты өмір салтын жүргізуге халықты кең ауқымында кітапханаға тарту. Кітапхананың жаңартылған оқу залы, абонемент, балалар бөлімі, мерзімді басылымдар, конференц залы бар.

ки2

Осы орайда кітапхана пайдаланушыға ыңғайлы, қолжетімді, көпфункционалды ақпараттық, танымдық, тағылымдық орталық ретінде қайта жаңарып отыр. Аталмыш кітапханалар мен орталыққа келушілерге барлық қолайлы жағдай жасалып, ғаламтор жүйесіне қосылған.

Орал қалалық орталықтандырылған кітапханасы төтенше жағдай, карантин кезінде кітапхана оқырмандарына онлайн қызмет көрсетіп, адамзаттың рухани азығы кітап оқу, атаулы күндер, ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына бағытталған бейнебаяндар, онлайн шолу,  виртуалды кітап көрмелері, сыр-сұхбат, кездесу, акция, челлендж, байқау, дауыстап оқулар, онлайн саяхат, онлайн викторина сияқты жұмыс түрлері және әр тұрлі форматта көптеген шараларды оқырман назарына ұсынып, көп көңілінен шығып келеді.

Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойында «Абай өлеңдерін оқу» челленджі, марафон, эстафета форматында әлеуметтік желіде кеңінен насихатталды. Кең көлемде аталған ұлы Абай мұрасын насихаттауға көңіл бөле отырып, орталық кітапханадан Абай залын ашудағы басты мақсат ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, рухани асыл мұрасын насихаттау. Абай залында Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, журналист, тележүргізуші Мұнайдар Балмолдамен "Анамның жаққан ошағы",  ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз, жұбантанушы, ақын Үзілдік Елеубайқызымен "Ауылда менің ғұмырым", Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Талғат Мықимен «Сөзге ғашық жүрек үні», жас ақын Хасанова Аидамен «Нәзік жүректің наз үні» онлайн сұхбаттары өтті. Абай залында «Сыр-сұхбат» бағдарламасының ай сайын өтетін шаралары көпшілікке бір серпіліс әкелді.

Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Оқитын автобус» қалалық акциясы өтті. Акция аясында жолаушыларға ақынның ұлағатты сөздерін постер арқылы таныстыру негізінде ұлы ақынның өнегелі өмірі мен даналығы, рухани асыл-мұралары, өлеңдері мен әндері таныстырылды.

Ақын Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Жыры – інжу Жұбан ақын» атты қалалық «Жұбан оқулары» онлайн байқауы,  «Әлемнің екінші ұстазы" атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Шығыстың ғұлама ғалымы» атты дөңгелек үстелі өз деңгейінде өтті.

Барлық шаралар кітапхананың ақпараттық ресурсы болып табылатын кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшаларында көрініс тапты. Жалпы 145 онлайн шара ұйымдастырылып, 34000  қаралымды құрады.

Бүгiнгi тaңдaғы қoғaмдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Заманауи қоғам – ақпараттық технологиялар заманы. Әлем жаңару үрдісінде заманауи өзгерістен қалмай, кітапханада өз қызметін атқарып келеді. Адамзат қандай жағдайлар болмасын кітап оқуды, баспа басылымдарын пайдалануды тоқтатпайды. Электрондық басылымдар дәстүрлі басылымдардың орнын басты деген қоғамда пікірлер де бар. Бірақ кітапхананың қоры дәстүрлі кітап немесе электронды болуының айырмашылығы жоқ. Себебі, кітапхана – көпшіліктің, жеке тұлғаның рухани қазынасы.

Әр жыл сайын кітапхананың материалдық -техниалық базасы жетілдіріліп отырғанымен, әлі де нығайтуды қажет ететін тұстары жоқ емес. Қала аумағындағы кейбір аудандарда кітапхана жетіспейді. Алдағы уақытта мекемелерде орналасқан кітапхана-филиалдарын орын тауып, қажеттілгі бар аудандарға орналастыруға. Биыл №8 мектеп  ауданында орналасқан №9 кітапхана-филиалы және ауылдық Желаев кентіндегі №10 кітапхана-филиалы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Жаңартылатын кітапханалар соңғы үлгіде жиһаздармен, интернет желісімен жабдықталып, коворкинг орта­лық деңгейінде қыз­мет көрсетуге лайықталады.

Қаладағы жалпы кітапхана саны 19 болса, оның ішіндегі 2 ауылдық кітапханаға кітап пен көрмеге арналған заманауи сөрелер қажет. Сондай-ақ, кітаптарды электрондық форматқа көшіретін арнайы бағдарламасы бар сканер, принтер және мультимедиялық қорды аудио жазба жазатын құрылғылардың қажеттілігі айқын сезіледі.

Кітапхана қоғамдық сананы, адамдардың өмірге көзқарасын, білім мен мәдени ортаны қалыптастыруға елеулі әсер етеді. Демалуға қажетті заманауи жиһаздар, жылдамдығы ауқымды интернетке қосылған компьютерлер, ноутбуктар, планшеттер, Wi-Fi желісі, жаңа технологиямен қамтамасыз ету уақыт талабы. Әсем дизаинда қолайлы жасалған, заманауи кітапханаға оқырмандардың қуана келетіні анық. Оқырмандарға қызмет көрсетіп келе жатқан кітапхана алдағы уақытта да өз деңгейінде жұмыс істеп, жаңа белестерден көріне береді деген сенімдемін.

 

Ганди Шамкелова,

Орал қалалық орталықтандырылған

кітапханалар жүйесінің директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале