27.10.2022, 11:00
Оқылды: 51

Кітапхана – парасат патшалығы

Биыл ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазандағы №833 қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» болып кәсіби мерекелер қатарына қосылды. Осындай айтулы мерекеге орай Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында өңір кітапханашыларына арналған «Парасаттың көкжиегін кеңейткен...» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды. 

3

- Бүгін – кітапханашы мамандар үшін айтулы мереке. Кітапхана – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз, өйткені өткен заман өрнектеріндей тарихты да, әдебиетті де, басқа да ғылым кереметтерін осы кітапхана қорынан табамыз. Бұл мекен рухани білімнің, мәдениеттің ордасы ретінде мән-маңызын жойған емес. Ал кітапханашылар – оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандырумен қатар, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін толық жинақтап, ұрпаққа жеткізуші. Құрметті кітапханашылар, сіздер күнделікті тыңғылықты еңбектеріңізбен оқырманды шексіз ақпаратпен және әлемдік, отандық мәдениетпен, біліммен, ғылым құндылықтарымен «қаруландырып», ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуда сүбелі үлес қосып келесіздер. Осынау кәсіби мереке қарсаңында сіздерге зор денсаулық, кәсіби шеберлік пен парасаттылық, руханият игілігі жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Салтанатты жиында бір топ кітапханашы облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды. Айта кетсек, олардың қатарында Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың кітапханашысы Гүлайым Құрманалиева, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапхананың маманы Гүлбану Қажығалиева және Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жетекші маманы Елена Шамшникова бар. Ал «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханасының кітапханашысы Гүлжан Базартаева марапатталды. Сондай-ақ бірқатар кітапханашы облыс әкімінің орынбасарының және Орал қаласы әкімінің алғысхаттарына ие болды.

Мерекелік шарада өңіріміздің ақын-жазушылары, зиялы қауым өкілдері кітап жанашырларын кәсіби мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

Айта кетсек, сол күні аталмыш кітапханада «Қазақстанның көрнекті кітапханашылары» анықтамалығының тұсаукесер рәсімі өткен еді. Анықтамалыққа еліміздегі кітапхана ісінің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан облыс бойынша  19 кәсіби маманның  ғұмыр  дерегі  енген.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале