30.03.2023, 9:45
Оқылды: 39

Кітапханадағы кездесу

Хамза Есенжанов  атындағы  облыстық  балалар  мен  жасөспірімдер  кітапханасында  «Жайықтың  жайсаңдары» жобасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұнайдар Балмолдамен кездесу өтті. Шараны Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Ардагер» клубы ұйымдастырды.

f1874d6f-4c2a-432d-a439-5297764d40a9

Аталмыш шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, халықтық «Ағалар әуені» вокалды тобы, кітапхана қызметкерлері және М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың студенттері  қатысты.

Кездесу барысында ақынның шығармашылығы туралы сөз қозғалды. Соның ішінде «Анамның жаққан ошағы» ән сөзінің шығу тарихы жайында сұрақ қойылды. Кеш иесі еңсесін мұң басып, бойын ерекше сезімдер билегенде өлең жазатынын айтты.

– Жаның ауырған сәттерде жүректен жас тамшылайтындай көрінеді. Сондай кезеңде бір беймәлім күш мені еріксіз өлең жазуға әкеледі. Тіршілікте сан тарау жолдар мен қилы тағдырлардың да кездесетіні анық. Сондай оқиғаларға кезіккен ақын жүрегі жай таба алмайды. Сол себепті әр шығарманың түрлі тарихы бар. «Анамның жаққан ошағы» әнінің сөзі де ерекше әсерден туған шығарма еді. Бір көктемде ауылға бардым. Әр барғанда үй  сыртындағы ошаққа назар аудара бермейді екенмін. Соған көзім түсіп, ойға берілдім. Қыс бойы пайдаланылмай, күйі кеткен ошақ жетімсіреп тұрғандай көрініп, мені өзгеше әсерге бөледі. Сол мезетте санамда өлең өрнектелді, – деді Мұнайдар Мұхамбетжанұлы.

Халықтық «Ағалар әуені» вокалды тобы «Туған жер», «Еділ мен Жайық» әндерін орындап, кештің сәнін кіргізді. Өз кезегінде ақын ел ағаларына арнаған өлеңін оқыды. Қаламыздағы түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп жүрген ата-әжелер халық әндерін нақышына келтіре орындап берді. Одан кейін кеш иесіне тың ізденістері жөнінде сауал қойылып, әңгіме тарихи оқиғалар төңірегінде өрбіді. Мұнайдар Балмолда қазақ қоғамының бүгінгі жағдайын, жастардың арасындағы өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

Шараның соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Қабышұлы өңір ардагерлерінің атынан ақынға алғысын білдірді. Қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің режиссері Медет Қабдығалиев бірлестік директоры Серік Тоқмамбетовтың алғысхаты мен арнайы сыйлығын табыс етсе, «Ардагер» клубының меңгерушісі Надия Мағзомова ізгі тілегін білдіріп, арнайы сыйлығын  тарту  етті.

Аманжол  Исламғали,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале