24.10.2023, 10:30
Оқылды: 2

«Кітапханамыз үлкен әдеби ортаға айналды»

24 қазан – Кітапханашылар күні

Хамза кітапханасында ұйымдастырылған шаралар түрі, сипаты жағынан ерекшеленеді. Жуырда кітапханашылардың атқарған жұмыстары мен жоба-жоспарлары жөнінде білмекке ниеттеніп, Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиеваға сауал-сұрақтарымызды жолдаған едік. Осы сұхбатты оқимын десеңіз, мархабат, қадірлі оқырман!

55537041-926f-47f5-8874-fdb1fe4160a0

Эльвира Аманғалиева

Батыс Қазақстан облыстық Хамза Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры

– Эльвира Есіркепқызы, көп болмаса да, біртіндеп жастар кітапханаларға қызметке орналасуда. Оларға тәжірибелі тарландардың, білікті мамандардың ақыл-кеңесі ауадай қажет. Жалпы жас мамандарға әдістемелік орталық ретінде қандай қолдау көрсетіп жүрсіздер?

– Жас мамандарға заманауи кітапханалық жұмыс үлгілерін негізге ала отырып, кітапхана қызметінің креативті түрлерін ұсынып келеміз. Олардың жұмысты бірден игеруі үшін кітапхана қызметінің дәстүрлі бағытын да пайдаланамыз. Әрине, жас мамандарды кәсіби тұрғыда шыңдауда тәжірибелі кадрлар үлкен рөл атқарады. Олар жастарға қашанда ақыл-кеңесін айтып, барынша қолғабыс етеді.

Кітапханамызда 10 жылдан астам уақыт бойы «ХХІ ғасыр кітапханасы – жастар көзімен» атты жоба жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында жас кітапханашылар арасында кәсіби біліктілікті арттыруға бағытталған шаралар, сабақтар жиі ұйымдастырылады. Жыл сайын сәуір айында облыс аумағындағы кітапханаларда еңбек етіп жүрген жас мамандар бір-бі-рімен пікір алмасып, жұмыс бағыттарымен танысады.

– Ақ Жайық атырабының сұлу табиғатын, өзен-көлін, аң-құсын көркем суреттеген ақын-жазушылар баршылық. Олардың шығармашылығына қанып өскен ұл-қыздардың туған жеріне деген сүйіспеншілігінің, ықылас-ілтипатының ерекше болатыны сөзсіз. Сондай қаламгердің бірі – жуырда 115 жылдығы аталып өткен Хамза Есенжанов. Қадау тұлға, қабырғалы қаламгерге арналған кешен-ді шараларда кітапханада «Хамзатану» орталығының жұмыс істеп тұрғаны айтылды. Бұл орталықтың нақты мақсаты қандай?

–  2019 жылы қаңтар айында «Хамзатану» орталығы өз жұмысын бастады. 2021 жылы осы орталыққа арналған кабинет ашылды. Бұл кабинетте ғылыми-практикалық, тарихи-танымдық конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіліп тұрады.

Орталықтың негізгі мақсаты – Хамза Есенжановтың өмірі мен шығармашылығына терең бойлау, ғалым-педагогтерге, магистранттар мен студенттерге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге көмектесу, жазушы шығармашылығына қызығушылық танытқандардың басын қосып, пікірталас алаңын құру. Зерттеу жұмыстарын жандандыра түсу бағытында тренингтік сабақтар жүргізіліп, оқушылардың ой-пікірін еркін жеткізуіне мүмкіндік бе-рілуде. Анықтамалық һәм түсініктемелердің дереккөзі бола алатын Хамза энциклопедиясы жасақталып, ғылыми мақалалар халықаралық басылымдарға жарияланбақ.

Бүгінгі таңда оқушылар мен студенттер «Ақ Жайық» трилогиясы жөнінде ғылыми жобалар қорғап жүр. Оның ішінде алашордашылар, Құныскерей, Әбдірахман Әйтиев бөлек-бөлек зерттеліп, өлкенің тарихы, салт-дәстүрі, топографиясы, этнографиясы, географиялық белгілері, тілі зерттеу тақырыптары ретінде алынды. Айта кетейін, кітапханамызда ұйымдастырылатын «Есенжанов оқулары» қатысушыларды туған жерді сүюге, салт-дәстүрді қадірлеуге жетелейді. Биыл Хамза Есенжановтың 115 жылдық мерейтойына орай халықаралық, республикалық конференциялар, шығармашылық байқаулар және ретро әндер фестивалі ұйымдастырылды.

– Мен кітапты көбінесе тыныштықта оқимын. Авторлардың тізімін жасаймын. Оны уақыт өткен сайын жаңартып, толықтырамын. Бір кітапты аяқтамай, екіншісін бастай алмаймын. Қолыма түскен әрбір ақын, жазушы, драматург, көз майымды тауысқан әдеби туынды, танымдық мақала туралы пікірлерім, маған ұнаған ойлар, тың деректер – қойын дәптерімнің «тұрақты тұрғынына» айналады. Ал кітапхана оқырмандары кімді оқып жүр? Оларды қандай тақырып қызықтырады? Биыл жыл басынан бері қай кітап көп оқылды?

– Әдеби шығарма жазылғанға дейін – қаламгердің дүниесі, ал жарыққа шыққан соң – оқырманның ортақ игілігі. Оқу мәдениетін насихаттау, жандандыру – біздің басты міндетіміз. Сол себепті оқырмандарға сапалы қызмет көрсетіп, оның сұраған кітабы туралы жан-жақты мағлұмат айтамыз.

Әрбір оқырманның өзіндік талғамы, кітап оқудағы мақсаты болады. Мәселен, жазғы демалыс кезінде оқырмандар мектеп бағдарламасындағы кітаптарды көбірек алады. Соның ішінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бейімбет Майлин, Александр Пушкин, Лев Толстой, Иван Тургенев, Николай Гоголь және Жюль Верн сынды қаламгерлердің шығармаларын сұрайды.

Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер», «Мақсатқа жетер жолда», Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», Нұрғали Ораздың «Ақ ұлпа», Джоан Роулингтің «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» атты кітаптары оқырмандар арасында сұранысқа ие. Сондай-ақ Эдуард Веркин, Владислав Крапивин, Элизабет Леттс, Даниэль Пеннак және Луиза Мэй Олкоттың туындылары да көп оқылады.

– Эльвира Есіркепқызы, өңірімізде әдебиет әлеміне енгісі келетін, салмақты ой айтып, сапалы жыр жазуға талпынатын жастар жетерлік. Оларды көпшілікке таныту, шығармашылығын дамыту мақсатында көптеген іс-шара, кеш-кездесулер, поэзия сағаттары оздырылады. Кітапхана жанындағы «Хамза қырандары» әдеби зияткерлік бірлестігі де осы бағытта жұмыс істейді. Бірлестік мүшелерінің Хамза Есенжановтың бір кітабын түрік, қырғыз тілдеріне тәржімалауға ниеттеніп жүргенін естіп, қуанып қалдық...

– Өзіңіз тілге тиек еткен бірлестік дарынды жастарға қолдау білдіру, Хамза Есенжановтың шығармашылығын насихаттау мақсатында 2011 жылы құрылды. Осы уақытқа дейін бірлестік мүшелерінің ұйымдастыруымен «Маржан жырлар жауған түн» кеші, Атырау қаласындағы Ғабдолла Сланов атындағы кітапханамен онлайн конференция, «Хамза мұрасы – ұрпаққа үлгі» тақырыбында батл және басқа да шаралар өтті. Жалпы зияткерлік бірлестік студенттерден құралған. Қазіргі таңда олар «Ақберен» жас ақындар мектебімен, «Сүмбіле» шығармашылық бірлестігімен, Әлем Жазушылары одағымен тікелей байланыста. Жуырда кітапханаға жазушы Хамза Есенжановтың ұрпағы, туыстары мен хамзатанушылар келді. Сол кезде бірлестік мүшелері өлең оқып, Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» трилогиясын және тарихшы Сайлау Сүлейменовтің «Аққу махаббат» кітабын талдады. Бүгінде кітапханамыз үлкен әдеби ортаға айналды. «Хамза қырандары» әдеби зияткерлік бірлестігінің алдағы уақытта талай игі шаруаны жүзеге асыратынына сене-мін. Жоба-жоспарлары жасақталып, сметалық құжаттары әзірленуде.

– Кітапханада оқушылар арасында дәстүрлі түрде жас оқырмандарға өзге ұлттардың әдебиетін оқытуға бағытталған «Кітап – достық көпірі» атты облыстық байқау өткізіледі. Бұл шара былтыр шешен халқының әдебиетіне арналды. Қатысушылар кез келген шешен ақын-жазушысының шығармасын оқып, сол туралы эссе жазды. Ал, биыл қай ұлттың әдебиеті насихатталуда?

– Бұл байқаудың мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің көркем әдебиетін, мәдениетін насихаттау, олардың шығармашылық әлеуетіне құрметпен қарауға шақыру, бейбітшілік, ынтымақ ұғымдарының мән-маңызын түсіндіру, ұлттар арасындағы мәдени-әдеби қарым-қатынасты нығайту. Биыл армян әдебиеті, ал келесі жылы орыс әдебиеті насихатталады.

Сұхбаттасқан Марлен Мәлікұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале