28.11.2023, 16:30
Оқылды: 41

Кітапханашылар конференцияда бас қосты

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «Қазақ­стан кітапханалары: баршаға ашық әлем» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, қазақстандық кітапханалық одақ төрайымы Бақытжамал Оспанова және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

 IMG_8576

Іс-шараны Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапхана ұйымдастырды. Конференцияға Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақ КСРО-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, 1963-1982 жылдары аталған облыстық кітапхананың директоры болған, биыл туғанына 100 жыл толған Лидия Губанованың өнегелі өмір жолы арқау болды. Облыс мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан жанның еңбегі жас ұрпаққа үлгі етілді.

– Елімізде туған жері, Отаны үшін от кешкен, жақсылығы жалпақ жұртқа мәлім, есімін ұлықтайтын бірегей тұлғаларымыз жетерлік. Ерлік ісімен, ерен еңбегімен танылған, білікті де жігерлі жандарды ұлықтап, ұрпаққа үлгі етудің маңызы зор. Лидия Губанова өңір мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, ерен еңбек етті. Ол ҰОС-ның ауыртпалығын бастан өткеріп, сұрапыл майдан даласында батылдық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Соғыстан оралған соң, мәдениетті, кітапхана саласын дамытуға, кітапханаларды орталықтандыруға, кадрлар даярлауға зор үлес қосты. Бүгінде облыстағы кітапханалар кез келген адам үздіксіз білім алатын шығармашылық орталыққа айналды. Биылдан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен өңіріміздегі 25 ауылдық кітапхананы модернизациялауға грант бөлінді. Бұл пилоттық жоба Батыс Қазақ­стан облысынан бастау алып отыр. Кітапханалардың дамуы, жаңғыруы қашанда басты назарымызда болады, – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы алқалы жиынның жұмысына сәттілік тіледі. Жиынға арнайы келген Лидия Игнатьевнаның немерелері – Ирина Губанова мен Елена Простоваға құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары ұсынылды.

Конференцияда сөз алған мәдениет саласының үздігі Инна Гудошникова Лидия Губановамен қызметтес болған жылдардағы естеліктерді бөлісті. Оның білікті, әр ісін тиянақты атқаратын жауапты маман болғанын атап өтті. Әріптестерінің Лидия Игнатьев­наны «Облыс кітапханаларының көшбасшысы» деп атағанын ерекше ықыласпен еске алды.

– Бүгінгі конференцияның тақырыбына арқау болған Лидия Губанова – сұрапыл соғысқа 19 жасында, 1942 жылы наурыз айында аттанып, Сталинград, Бірінші Украин майдандарында, кейін поляк жерінде және Курск түбіндегі шайқастарға қатысқан батысқазақстандық майдангер. Лидия Игнатьевна өмірінің 50 жылдан астам уақытын мәдениет саласында қызмет етуге, соның ішінде шамамен 30 жылын Батыс Қазақстанның Н. Крупская атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына арнады. Батыс Қазақстан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы – Қазақстандағы ең байырғы кітапханалардың бірі. Сонау 1812 жылы әскери училище болып ашылғанда ол өз оқырмандарына ғана қызмет етті. 1858 жылдан бастап көпшілік кітапханаға айналды. Ұлы Отан соғысы жылдарында да қызметін тоқтатқан жоқ. 2000 жылы кітапханаға көрнекті қазақ ақыны  Жұбан Молдағалиевтің есімі берілді. Бүгінде облыстық мәртебесі бар кітапхана – аймақтағы кітапханалар үшін ғылыми-әдістемелік орталық ретінде қызмет атқарып келеді. Ал көне басылымдардан құралған сирек кітаптар қоры – кітапхананың мақтанышы. Былтыр елімізде  алғаш рет 24 қазан кітапханашылардың кәсіби мереке­сі – Кітапханашы күні болып ресми бекітілді.  Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Аталмыш мерекені атап өту – кітапханашы мамандығының мәртебесін көтеріп қана қоймай, кітапханашының қарапайым еңбегін, кітапхананың қоғам дамуында алатын әлеуметтік маңызды рөлін мойындау. Кәсіби мереке ретінде қазанның 24-і күнін таңдаудың да өзіндік тарихы бар. Еліміздегі ең алғашқы кітапхана осыдан 152 жыл бұрын 24 қазанда дәл осы Батыс Қазақстан облысында ашылған. Бүгінде Жұбан Молдағалиев атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана өңірдегі әдістемелік орталыққа айналғанын зор мақтанышпен атап өткім келеді, – деді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, қазақстандық кітапханалық одақ төрағасы Бақытжамал Оспанова. Кітапхана директорының айтуынша, елімізде 3891 көпшілік кітапхана бар. Олар халықты оқуға тарту, оқу сауаттылығын арттыру, сондай-ақ ұлттық мәдени мұра мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақты тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды жандандыруда.

Одан соң сөз алған Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапхана директоры Шолпан Оразаева Лидия Губанованың өнегелі өмірі жөнінде баяндады. Баяндамашы айтып өткендей, Лидия Игнатьевна 1923 жылы Көкшетау облысында  дүниеге келген. Губановтар отбасы 1928 жылы жауапты қызметтер атқарған әкесінің жұмыс бабымен қазіргі Батыс Қазақстан облысына қоныс аударған. Ұлы Отан соғысы басталғанда 9-сыныпты тәмам­даған Лидия сіңлісі Мария екеуі Орал қаласына көшірілген Мәскеудің радиомамандар даярлайтын мектебіне оқуға түседі. Ол 1942 жылы соғысқа аттанады. Лидия Губанова соғысты 1945 жылы 12 мамырда Чехословакияның Будевицы қаласында аяқтаған. Сұрапыл соғыстағы ерлігі үшін ол Қызыл Жұлдыз және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Праганы азат еткені үшін» және «Фашистік Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. «Лидия Игнатьевна облыстық кітапханаға басшылық еткен тұста кітапхананың анықтамалық аппараты, өлкетану қоры және өлкетану каталогі ұйымдастырылды. Бұл жұмыстар өлке туралы түрлі оқу құралдарын шығаруға мүмкіндік берді. Алғаш рет 1967 жылы «Орал облысы бойынша атаулы күндер күнтізбесі», «Еңбек даңқы батырлары», «Өлкеміздің мақтанышы» және басқа да сериямен өлкетану құралдары басып шығарылды. Лидия Игнатьевна аудандық кітапханаларға үлкен көңіл бөліп, мамандарға әдістемелік көмек көрсетуді дамытты. Өнегеге толы ғибратты ғұмыр кешіп, облыс қана емес, еліміздің мәдени өміріне өшпес із қалдырған Лидия Губанованың ісін біз жалғастырып келеміз», – деген Шолпан Оразаева ерен еңбек иесінің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, сол кездегі Мәдениет министрлігінің бірнеше жоғары наградасына ие болғанын атап өтті. Бүгінде облыстық кітапхана жыл сайын 21 000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. 400 000-ға жуық кітап қоры бар. Сондай-ақ Жұбан кітапханасы – облыстағы 358 кітапхананың әдістемелік орталығы.

Кітапхана осы өлкеден шыққан қаламгерлермен ынтымақтастықта жұмыс істеп, жаңа туындылардың тұсауын кесіп, оқырмандарға таныстырып отырады. Осы ретте сөз кезегі жазушы-журналист, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Орал өңірі» облыстық газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Ғұбайдуллинге сөз берілді.

– Мен кітапханашыларға Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысында тұратын мүшелерінің атынан ризашылығымды білдіремін. Өйткені сіздер біздің шығармашылығымызды насихаттап қана қоймай, жас толқынның да туындыларын белсенді насихаттап келесіздер. Биылғы жазда Түркістан шаһарында өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Біз қайтадан кітапты қадірлейтін қоғамға, қайтадан кітап оқитын халыққа айналуға тиіспіз» деген көзқарасына екпін түсіріп айтты. Шынында да, біздің бәріміздің жібі түзу, парасатты қоғамда өмір сүргіміз келеді. Бірақ қазақстандықтар үшін мұндай қоғамды алысты-жақынды шетелдіктер немесе бөгде ғаламшарлықтар (инопланетиандар) орнатып бермейді. Біз өзімізге керек қоғамды өзіміз орнатуға тиістіміз. Жазушы ретінде мені бала тәрбиесінде балалар әдебиетін шетке ысырып қойғанымыз қынжылтады. Жалпы менің көзқарасымша, қоғамды ізгілендіру дегеніміз – әдеби шығармаларды жаппай оқу арқылы пайым-парасатқа ұмтылу. Біз қоғамды ізгілендіруді күні кешеге дейін, шынын айтқанда, әртүрлі қылмыс жасап, түрмеде заңды жазасын өтеп жатқан адамдардың амнистияға ілігуімен бағалап келдік. Ең бастысы, Президенттің әдебиетке, кітап оқуға қатысты жаңағыдай ой-пікірінен кейін жағдай өзгерді, сең бұзылды. Осы тұрғыда, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапхананың ұйытқы болуымен облыстың аумағында біраз шаруа атқарылуда. Жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығына қатысты соңғы соны жаңалықты айтып өтейін. Жақында ғана об­лыстық бюджет қаражаты есебінен 7-8 аутордың былтыр-биыл шыққан кітаптары аталмыш кітапхана арқылы Орал қаласындағы кітапханаларға қоса, аудан-ауылдардағы кітапханаларға таратылатын болды. Осы іске ұйытқы болғаны үшін Ақ Жайық ақын-жазушыларының атынан облыстық мәдениет, архив ісі және құжаттандыру басқармасының басшысы Сайран Темірғалиұлына дән ризашылығымды білдіремін. Бұны ресми биліктің кітапхана жүйесіне қоса, әдебиетті де нақты қолдауы деп санаймын. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам қылған – кітап, адамзат қоғамы етіп қалыптастырған – кітапхана» деген қанатты сөзін бәріңіз білесіздер. Ал XVIII ғасырдың өзінде француз философы Дени Дидро «Кітап оқудан қалған адам ойланудан қалады» деген екен. Қазір халықтың басым көпшілігі осындай қасаңдыққа ұрынған заманда өмір сүріп жатыр. Бірақ біз идеология майданында қоғамды ізгілендіру мақсатында кітапхана жүйесінің басшы-қосшысымен белсенді байланыс ұстап, жүйелі қызмет атқаруға әркез дайынбыз, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Облыста төрт ірі жоғары оқу орны кітапханашыларды даяр­лайды. Солардың бірі – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті. Аталмыш ЖОО-ның аға оқытушысы Санди Сатағалиева жоғары сапалы қызмет көрсететін мамандарды оқыту жөнінде жан-жақты баяндады. «Кітапханалық-ақпараттық кадрларды даярлайтын оқу орындарының кітапханалармен өзара ынтымақтастығы ерекше маңызға ие. Бұл – кәсіби ортаны құрудың қажетті шарты. 2017 жылға дейін кітапхана ісі мамандығы деп айтылып келген еді. Сол жылдан бастап «мамандық» сөзі БББ-ға, яғни «білім беру бағдарламасына» ауыстырылды. 6В03201 – «Кітапхана ісі» БББ Қазақстанның білім беру жүйесі үшін өте маңызды. БББ түлектері мемлекеттік мәдениет мекемелерінде жоғары сұранысқа ие. Түлектер 100% жұмысқа орналасуда. Бұл жерде айта кететін мәселе, соның өзінде биыл мектеп кітапханаларын кітапханашы мамандармен қамтамасыз ете алмадық. Осы оқу жылында №12, 40, 27, 41, 44, 25 қала мектептеріне және педагогикалық лицей мектебіне кітапханашы мамандар жетіспеді. Себебі кейінгі жылдары бұл мамандыққа грант аз бөлінуде. Сонымен қатар жасыратыны жоқ, гранттардың басым бөлігін Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттері алуда. Қазір жастар үлкен қалаларды, мегаполистерді таңдайды. Ал біздің университеттерге деген қызығушылық бәсеңдеді. Сондықтан осы мінберді пайдаланып, кітапхана ісі профессор-оқытушы құрамы атынан облыс әкімдігіне «Әкім гранттары да бөлінсе» деген ұсынысымызды жеткізгім келеді. Бұл ретте кітапханашылардың жалақысы да мәз емес екенін айта кеткен жөн», – деді Санди Сатағалиева.

Конференцияда, сондай-ақ мәдениет саласының ардагері Светлана Бектенова, ардагер-ұстаз, жұбантанушы, облыстық кітапхананың «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Үзілдік Елубайқызы сөз сөйледі. Іс-шара соңында кітапхана ісінің өркендеуіне үлес қосып жүрген бірнеше маман марапатталды. Мәселен, М. Есламғалиұлы атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айнұр Уәлиахметова мен Орал қалалық кітапханалар жүйе­сінің №13 филиал жетекшісі Күләш Қанатқалиева ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірнеше кітапханашы аталмыш ведомствоның Құрмет грамотасына және алғысхаттарына ие болды.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале