16.01.2023, 13:49
Оқылды: 84

«ККС-Sicim»-дағы ахуал

Бүгін Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ газ өндіру және өңдеу кенішіндегі «ККС-Sicim» ЖШС-ның 500-ден астам жұмысшысы наразылық акциясын өткізіп, жұмысқа шығудан бас тартты. 

WhatsApp Image 2023-01-16 at 13.43.21

Айта кетсек, Бөрлі ауданының Пугачев ауылында орналасқан  «ККС-Sicim» ЖШС-да 3000-дай адам жұмыс істейді. Бөрлі аудан әкімі хабарлағандай, биылғы жылдың 13 қаңтарында әлеуметтік серіктестік және әлеуметті-еңбек қатынастарын реттеу туралы аудандық үшжақты комиссия отырысы өткен. Сол жиында «ККС-Sicim» ЖШС жұмысшыларының еңбекақысын биыл ақпан айынан бастап 20%-ға арттыру жоспарланған.  Аталған мәселе бойынша бүгін, яғни 16 қаңтар күні кешкі 20:00-де жұмысшылармен жиналыс өткізетіндігі туралы бұған дейін хабарланған. Жұмысшылардың еңбекақысы соңғы рет өткен жылдың ақпан айында 8,5 %-ға өсірілген.

Ауа райының күрт суытуына орай, компания басшылығы 9-10 қаңтарда жұмысты уақытша тоқтатуға шешім қабылдаған. Келісімшарт бойынша өндірісте жұмыс жүрмесе, қызметкерлердің жалақысының 50 %-ы ғана төленеді. Алайда өзге қалалардан келіп компания қалашығының аумағында тұратындар еңбекақыны 100 %-ді және еңбекақы төлеу разрядын өзгертуді, сондай-ақ жолақы төлеуді талап еткен. 10 қаңтар күні компания жұмысы тұралаған күндерге 9 сағат салуды және жолақыны 60 %-ға көтеруге шешім қабылдаған. Сонымен қатар, ақпан айында әр қызметкерге өз разрядын жоғарылатуға мүмкіндік беретін аттестация өткізу жоспарланған.

Наразылық акциясына шыққан қызметкерлермен Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары А. Сарқұлов, аудан прокурорының орынбасары Р.Жұматаев кездесті.

– Компания жұмысшыларына еңбек ақыны өсіру және де басқа мәселелер бойынша әлеуметтік серіктестік және әлеуметті-еңбек қатынастарын реттеу туралы аудандық үшжақты комиссия отырысында айтылған болатын. Алайда бүгін, 16 қаңтар күні еңбекақыны 50%-ға жоғарылатуды және разрядты көтеру емтиханын тапсыруға қарсы болғандар жұмысқа шығудан бас тартты,- деп түсіндірді Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов.

Сондай-ақ түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов, облыстық еңбек инспекциясының басшысы А. Досжанов және құқық қорғау құрылымдарының өкілдері кездесуге аттанды.

– Белгіленген заң бойынша жұмысшылар жергілікті билік өкілдерін митинг өткізетіндігі туралы 5 күн бұрын хабарлауы керек. Санкциаланбаған митингтерді, көтерілістерді, наразылық акцияларын ұйымдастырғандар жауапкершілікке тартылатындығын да айта кетейік. Бұл туралы жұмысшыларға да ескертілді. Жалпы өндірістік кешендегі жағдай тұрақты,- деді Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов.

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале