20.08.2021, 10:49
Оқылды: 425

Көбелекпен қалай күресеміз?

Тамыздың алғашқы аптасында Ақтөбе облысында шалғын көбелек қаптап кетіп, жергілікті жұрттың мазасын алған еді. Ал біздің облыста тамыздың 10-13-і аралығында аталмыш жәндік пайда болды. Ендеше, «Бұл жәндіктер қайдан келді, қаншалықты зиянды, олармен қалай күресу керек?» деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Шалғын көбелегі, ол қандай жәндік?

Облыс аумағын жаппай жайлап кетпегенімен, шалғын көбелегінің (Loxostege sticticalis) үшінші ұрпағы ұшып келген. Мамандардың сөзінше, аталмыш жәндіктің жұлдызқұрттары 2-4 аптаның ішінде 5 жас кезеңінен өтіп, өсіп-жетіледі. «Үшінші ұрпағы» деп отырғанымыз да сондықтан. ҚР АШМ АӨК МИК* «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ облыстық филиалының бас агрономы Мерболат Дәулетовтің сөзінше, жәндіктер біздің өңірге ауа ағысымен қоныс аударған болуы мүмкін. Яғни  өзге облыстардан желдің бағытымен ұшып келген болса керек.

Луговой_мотылекjpg_083ed

– Біздің мекеме ауыл шаруашылығы жерлерін зерттеумен, оларға мониторинг жүргізумен айналысады. Бүгінде облыста 20200 га жерде шалғын көбелегіне зерттеу жүргізілді. Мәселен,  көктем мезгілінде ұшып жүрген көбелектер байқалған жоқ. Қыстап шыққандары да көзге түспеді. Ең бастысы, жәндіктің ең қауіпті саналатын бірінші ұрпағы да анықталмады. 29 шілде мен 4 тамыз аралығында шалғын көбелегінің екінші ұрпағына зерттеу жүргізілді. Сол уақытта облыс бойынша  жәндіктердің 1720 га жерге қоныстанғаны анықталды. Оның ішінде 1520 гектардың 1 шаршы метр ауданында  үш, ал 200 гектар жердегі бір шаршы метрде 3-5 жұлдызқұртқа дейін қоныстанған. Бұл жәндіктер экономикалық зияндылық шегінен аспағандықтан, улау жұмысы жүргізілмейді. Айта кету керек, өсімдіктердің жас өскінінің  бір шаршы метрінде 5-10, 20 көбелектің жұлдызқұрты орналасқан болса, олар зиянды саналады. Яғни оларды улау қажет.  Көбелектердің Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Тасқала, Теректі аудандарында бар екені белгілі болды, - дейді Мерболат Хамитұлы.

Бас агрономның айтуынша, шалғын көбелегі мамыр айында жұмыртқа сала бастайды. Содан кейін 10 күннің ішінде аталмыш жәндіктің құрттары пайда болады. Жалпы, көбелектің аналықтары жұмыртқаларын арамшөптер мен мәдени өсімдіктердің жапырақтарының астыңғы жағына салады. Олардың құрттары көбінесе шырынды, жұмсақ жапырақты өсімдіктерге (бұршақ, жоңышқа, жүгері, картоп, көкөністер мен бақша өнімдері, жусан) көп зиян келтіреді. Бір көбелек 600 жұмыртқаға дейін салуы мүмкін. Шалғын көбелегі біздің аймақта екі ұрпақ береді екен. Ауа райы қолайлы болған жағдайда бір жазда шалғын көбелегі үш рет көбеюі кәдік. Жоғарыда айтып өткендей, ең қауіптісі – зиянкестің бірінші ұрпағы. Себебі олар ауыл шаруашылығы дақылдары енді ғана тамырланып, өсе бастағанда көбейеді. Осылайша  дақылдарға зиянын тигізеді деген сөз.

луговой МОТЫЛЕК111

– Бізге өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен көбелекке қатысты шағым немесе дабылдық хабарламалар түскен жоқ. Осы уақытқа дейін облыста бұл зиянкестің жаппай көбею арқылы экономикалық зияндылық шегінен асқаны тіркелмеді. Күзде қанша шаршы метрде көбелектің қуыршақтары бар екеніне зерттеу жүргізіледі. Келесі жылға болжам жасалады. Қазіргі таңда көбелектер ауа райының қолайсыз болуынан ұрпақсыз болып табылады. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы 2004 жылы ашылды. Мекеме құрылғаннан бері облыста шалғын көбелегі дәл бүгінгідей таралмаған, сәйкесінше улау да жүргізілмеген, - дейді бас агроном.

Қорғаныш киімін кию шарт!

Облыста аса қауіпті, өте зиянды ағзаларға қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру және фитосанитарлық іс-шаралардың жүргізілуін бақылаумен ҚР АШМ АӨК МИК Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекция бөлімі айналысады. Аса қауіпті зиянды ағзалардың қатарында  үйірлі шегірткелер, яғни біздің облысқа тән үйірлі шегірткелер (азиялық шегіртке және итальяндық прус), астық қоңызы, зиянды бақашық, қоңыр тат аурулары да бар. Аталмыш инспекцияның бөлім басшысы Ерлан Құрмашев та биыл облыста шалғын көбелегі таралғанын айтты.

– Шалғын көбелегіне қарсы химиялық өңдеу жүргізуге мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Себебі Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдың 19 наурызындағы №100 бұйрығымен жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын зиянды жәндіктердің тізбесіне өзгеріс енгізді. Со-
ған сәйкес шалғын көбелегі құртын міндетті улауға жататын зиянкестер қатарынан алынып тасталған. Сондықтан зиянкестің бұл түрін ауыл шаруашылығы құрылымдары өз қаражаты есебінен улауы керек. Ал мемлекет шалғын көбелекпен күрес үшін жұмсалған химиялық препараттарға (пестицидтер) кеткен шығынның 50 пайызын өтейді, яғни субсидия төлейді. Демеуқаржы алу үшін шаруалар тұрғылықты жеріндегі ауыл шаруашылығы  бөліміне өтінім беріп, тиісті құжаттарды тапсырады. Өтінім берген күннен бастап, 12 ай ішінде субсидия төленеді, - дейді Ерлан Асқарұлы.

Бір айтатын жайт, жәндіктерді улайтын пестицидтер Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген болуы керек. Ал пестицидтерді қолданғанда санитарлық мөлшерлер  (нормалар) мен ереже талаптарын естен шығармаған жөн. Мәселен, саябақтар мен гүлзарларды, көшелердегі жәндіктерді кешкі, түнгі және таңғы уақытта улайды. Алайда пестицидтерді аз мөлшерде қолдану керектігін естен шығармау қажет. Тұрғын үйлерден 50 метрден кем емес арақашықтық сақталуы керек екен. Пестицидтерді  шаруашылық ауыз су құбырлары көздерінің аймағында қолдануға болмайды. Жәндіктерді улаған кезде арнайы қорғаныш киімін киюді ұмытпаған жөн. Ал уланған жерлерге малды 20-25 күн өткеннен кейін ғана жіберуге болады. Қауіптілігі 1 және 2 сыныпты пестицидтерді пайдалануға тыйым салынған. Шалғын көбелегіне қарсы қолданатын қауіптілік класы төмен пестицидтер де бар екен. Мысалы, Дифлур, 48% с.к.(0,015-0,02 л/га) П-3, Децис Эксперт, к.э. (0,1-0,12 л/га)П-2, Борей Нео (0,01-0,2 л/га) П-3, Каратэ Зеон, с.к. (0,15 л/га) П -1, Каратэ 050 к.э. (0,15 л/га) П-1, Ахиллес, к.э. (0,1-0,3 л/га), Алиот, к.э. (0,6-1,5 л/га). Бұл инсектицидтерді облыстағы «Alem Agro Holding» ЖШС-дан алуға болады. Ал өңірде  химиялық  өңдеу жұмыстарымен «Фитосанитария» РМК және «Магтоксин» ЖШС айналысады. Бөлім басшысының айтуынша,  жеке тұрғындар бау-бақшасындағы зиянкестерді өздері улайды. Ал бау-бақша кооперативтеріндегілер жәндіктерге қарсы күресті  бірлесіп жүргізгендері тиімдірек болса керек.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сайтының жазуынша, биыл еліміздің Солтүстік, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында климаттық жағдайларға байланысты шалғын көбелегінің жаппай көбею қаупі күшейіп тұр. Министрлік тарапынан осы зиянды жәндіктің  нақты таралу ареалын анықтау үшін қажетті фитосанитариялық тексерулер жүргізілген. Бүгінгі таңда 306,59 мың га жер зерттелген болса, көбелектің жалпы таралу ауданы – 16,979 мың га. Биыл елде пестицидтерді субсидиялауға  32,3 млрд теңге бөлінген. Техникалық қайта жарақтандыру бойынша да инвестициялық субсидиялар беру қарастырылған. Шаруа және фермерлік қожалықтарға өздігінен жүретін бүрку техникасы құнының 50%-ына дейін демеуқаржы беріледі. Сондай-ақ тракторлардың құны да арзандатылады. Отандық өндіріс тракторлары құнының 30%-ына дейін, импорттық өндіріс үшін 25%-ына дейін субсидиялау көзделген.

 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

 

*ҚР АШМ АӨК МИК – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале