2.05.2023, 13:00
Оқылды: 72

«Қоғамымызда диплом емес, білім культке айналуы тиіс»

Өткен жұмада Орал қаласындағы «Атамекен» өнер орталығында Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының жалпы көшпелі жиналысы өтті. Аталған іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, еліміздегі бірқатар жеке жоғары оқу орнынан ғалымдар мен ректорлар қатысты.

«Қоғамымызда диплом емес, білім культке айналуы тиіс»

Жиналыста сөз алған өңір басшысы жоғары білімнің ел экономикасының дамуына инновацияларды енгізудің маңызды тетіктерінің бірі екендігін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған келелі  өзгеріс-жаңалықтардың отандық университеттердің алдына зор міндет-мақсаттарды қойып отырғанына айрықша тоқталды. «Олар бұрынғыдай академиялық білім ордасы ғана емес, жаңа білім мен инновацияларды қалыптастыру орталықтарына айналып, экономиканың басым секторларын біріктіріп, кадр ресурстарымен қамтамасыз етуге тиіс.  Президент: «Елімізге диплом тарататын мекемелер емес», бәсекеге қабілетті оқу орындары керек. Қоғамымызда диплом емес, білім культке айналуы тиіс», – деген болатын. Сондықтан да жоғары оқу орнының зияткерлік әлеуетінің деңгейіне талаптың күшейтілуі заңды құбылыс деп есептеймін. Өткен жылы Мемлекет басшысы  Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездесуде: «Біз бұл  өзгерістердің бәрін еліміздің келешегі  – бүгінгі және ертеңгі жастар үшін жасап отырмыз. Біз мемлекет пен қоғам дамуының жаңа бағыт-бағдарын тек бірге айқындай аламыз», – деп нақты айтты.  Осы орайда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеттері сынды жеке жоғары оқу орындарының аймақтық әлеуметін, экономикасын және өңір халқының рухани болмысын өркендетудегі өзіндік орны ерекше екенін атап өткім келеді. Бүгінде еліміз өркендеудің жаңа сатысына көтерілді, адами капитал стратегиялық маңызды ресурстардың бірі болып табылады. Қазіргі кезде өңіріміздің 4 жоғары оқу орнында жалпы саны 25 мыңнан астам адам қалаған мамандығы бойынша жоғары білім алуда. Білім ордаларынан түлеп ұшқан мамандар бүгінде тек облыстың ғана емес, тұтастай еліміздің экономикасына қызмет етіп жүр. Жеке оқу орындары кәсіпорындар қызметтерін ғылыммен қамтамасыз етіп, өндіріс тиімділігін арттыруға да ықпал етуде», –  деген Нариман Төреғалиұлы аталмыш қауымдастықтың көшпелі жиналысының жұмысына сәттілік тіледі.

– Елімізде жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған бірыңғай тұжырымдамасы қабылданды. Құжатқа Мемлекет басшысының алдағы 7 жылға арналған жоғары білім мен ғылым жүйесін дамыту жөніндегі барлық міндет-тапсырмасы енді, – деді Саясат Нұрбек жиында сөйлеген сөзінде. Одан әрі министр Мемлекет басшысының тапсырмалары мен министрліктің міндеттері аясындағы іске асырылатын мәселелерге тоқталды. Жоғары білім бойынша 8 негізгі бағыт белгіленген. Оның біріншісі – жоғары білімнің қолжетімділігі.  Бүгінде ресми статистикаға сәйкес Қазақстанда  жоғары демографиялық өсім байқалуда. Елімізде жылына 400 000-ға жуық бала дүниеге келеді. Ал Өзбекстанда жылына орта есеппен алғанда 1 млн, Үндістанда күніне 60 000 сәби туады. Сондықтан еліміздегі 2019 жылдан бастап 2022 жылға дейін бала туу қарқынын ескере отырып,    2040 жылға қарай 18 жастағы балалардың 2 есе өсуі күтілуде. Тиісінше бұл мемлекеттің бірінші мамандық алуға жұмсайтын шығыстарының өсу серпініне алып келеді. Өйткені елде мемлекеттік бюджет қаражаты білім беру жүйесін қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі болып табылады.  Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін «Келешек» бірыңғай ортақ білім беру жинақтау жүйесін енгізуді пысықтауда. Мұнда сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері біріктіріледі. Екінші бағыт –  кадрлық қамтамасыз ету. Бұл бағытта «Мамандығым – болашағым» жобасы жоғары оқу орындарының, әкімдіктердің және бизнес-құрылымдардың күш-жігерін стратегиялық шоғырландыруды көздейді. Өңірлердің кадрларға сұранысын форсайт-зерттеулер жүргізіліп, кәсіптердің өңірлік карталары әзірленеді. Жоба қазір 6 өңірде, оның ішінде Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Ақмола облыстарында, Астана қаласында жүзеге асырылуда. Жоба БҚО-да да басталады. Кәсіптердің өңірлік карталарын ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту жөніндегі жұмыс жалғастырылады. Жоба аясында оқушыларды кәсіптік бағдарлау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Үшінші бағыт – инфрақұрылымды дамыту. Білім ордаларының инфрақұрылымы ескірген. Оқу корпустарының құрылыстарына  соңғы рет мемлекет инвестицияларыткен ғасырдың 70-жылдарында бөлінді. ЖОО-лардың жатақханаларында студенттерге 55 мың орын жетіспейді. Соны ескеріп, 2029 жылға қарай 70 мың төсек-орындық жатақханалар іске қосу жоспарланған. Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы басқа қаладан келген студенттерге пәтерде тұру шығындарын субсидиялау және бағдарламалық мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетігін енгізу мәселелері қарастырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін жаңа кампустар құру жоспарлануда. Әл-фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ базасындағы ғылыми-зерттеу хабын, Қонаев қаласындағы академиялық қалашықты салу өзекті. Төртінші бағыт –интернационалдандыру. ҚР Президентінің тапсырмасын іске асыру үшін 2025 жылға қарай  жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 5 филиалы ашылады. Мақсат – Қазақстанды өңірлік академиялық ғылыми-зерттеу хабына айналдыру. Қазірдің өзінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің және С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалдары құрылды. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан және Аризона университеттері арасында стратегиялық әріптестік моделі жүзеге асуда. Орталық Азия білім беру хабын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Келесі бағыт – жоғары оқу орындарының цифрлық архитектурасын дамыту. ЖОО-лар цифрлық университеттерге айналуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша студенттердің әлемдік цифрлық кітапханаларға қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары басталды.

– Былтырғы  қыркүйек айының ортасында біз Coursera жетекші онлайн білім беру платформасымен меморандумға қол қойдық. Уағдаластықтар шеңберінде Қазақстанға Coursera for campus тарту, студенттерімізге әлемнің жетекші университеттерінің онлайн
курстарына қолжетімділікті ашу, отандық жоғары оқу орындарын осы платформада өз курстарын орналастыруға ынталандыру сияқты іс-шаралар пысықталуда,  –  деді министр.

Тағы бір бағыт – білім беру сапасын қамтамасыз ету. Сапаны қамтамасыз етудің ұлттық моделі қалыптастырылды. Бұл модель мемлекеттің жауапкершілігі, сапаны ішкі және сыртқы қамтамасыз ету жүйелерін қамтиды. Мемлекеттік бақылау саласында жұмыстар «таза парақтан» жаңа реттеу саясатына сәйкес жүргізілуде. 2023 жылдан бастап ЖОО-ларды тексеру кестелері мен тізімдері адамның қатысуынсыз қалыптастырылады.  Н. Саясаттың баяндауынша, 2023-2024 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға 88 университет «ақпараттық картаны» толтырып, өтінім берді. Биылдан бастап техникалық және ауыл шаруашылығы бағыттары бойынша өңірлік жоғары оқу орындарын квоталау мәселесі де қайта қаралуда. Биыл жалпы 88 093 грант бөлу қарастырылуда. Оның ішінде 73 061 орын бакалавриатқа, 13 114 – магистратураға, 1918 орынды докторантураға бөлу жоспарлануда. Министрлік тарапынан өңірлік университеттерді қолдау мақсатында арнайы квоталар бөлу қарастырылуда. Яғни «Педагогика» бағыты бойынша жоспарланған 12 560 гранттың 50%-ы педагог кадрларды даярлайтын университеттерге беру көзделген. Халық тығыз қоныстанған, жаңадан құрылған және батыс өңірлерден келген жастарға 5000 грант бөлінеді. «Серпін» бағдарламасы шеңберінде 3653 грант бөлінеді. Бұл бағдарламаға 16 университет қатысады. Алғаш рет өңірлік техникалық университеттерге қолдау көрсету мақсатында техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына 10 грант мөлшерінде 19 университетке арнайы квота орналастыру жоспарланды. Министр бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жеке ЖОО-ларды кадрларды сапалы даярлауға шақырды.

Көшпелі жиналыста өңірлік даму бағдарламаларын іске асыруда жеке жоғары оқу орындарының одан әрі интеграциялануының жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша тарих ғылымдарының  докторы, профессор, ҚР ҰҒА құрметті академигі, ҚР Жоғары мектебі ғылым академиясының академигі,  Батыс Қазақстан  инновациялық-технологиялық  университетінің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тұяқбай Рысбеков, Атырау инженерлік-гуманитарлық  институтының ректоры Әділбек Тұрдалиев, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеттерінің  ректорлары Бекболат Шакешов, Әліби Баяхов және басқалары ой бөлісті.

– Мамандарды даярлауда озық кадрлық үлгіге көшу бастамасын құптаймыз. Университет бұл бағытта жергілікті мемлекеттік құрылымдармен, бизнес-қауымдастықпен және басқа да білім беру ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Осыған орай министрліктен университетімізді өңірдегі сұранысқа ие мамандықтарды анықтау мақсатындағы Форсайт сессиясы, жаңа кәсіптер мен құзыреттердің аймақтық атласын әзірлеу бойынша тәжірибелік семинарларға, кадрлардың біліктілігін арттырудың өңірлік стандартын әзірлеу сияқты маңызды шараларға тартуды сұраймыз, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану  ғылымдары Академиясының академигі, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қазыбай Бозымов.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале