16.02.2022, 14:50
Оқылды: 140

Көктемде ауа райы қандай болады? Қазгидромет болжамы

"Қазгидромет" РМК Қазақстанда көктемде ауа температурасы әдеттегіден жоғары болады деп болжайды. Жауын-шашын мөлшері нормаға жақын, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

IMG-20220216-WA0008

Болжам бойынша, көктемде ауа температурасының оң аномалиясы бар күндер көбірек болады. Мәселен, наурызда ауаның орташа температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2°С жоғары.  Батыс Қазақстан облысында, Атырау облысының солтүстік-батысында нормаға жуық болады деп күтіледі.

Ал сәуірде еліміздің барлық аумағында ауа температурасы нормадан 1°С жоғары болмақ. Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығысында болса, норма шамасында.

"Алайда көктемде өтпелі маусымда синоптикалық процестер өте тұрақсыз. Осылайша, суық ауа массаларының ағындары кезінде, қарлы боран көбінесе солтүстік аймақтарда, ал арктикалық антициклондар әсерінен оңтүстік аймақтарда аяз болуы мүмкін", - делінген хабарламада.

Мамырда республиканың басым бөлігінде, ауаның орташа айлық температурасы көп жылдық нормаға жуық болады деп күтіледі. Алайда бірқатар облыстарда мамырда ауа температурасы климаттық нормадан 1°С төмен болады деп болжанған. Әсіресе, елдің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде. Бұл Сібірдің аудандарынан суық ауа массаларының ығысып келуіне байланысты болады деп болжанған.

Наурызда республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, ал Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігінде нормадан артық болады деп болжанады.

"Ал сәуірде жауын-шашын мөлшері, республиканың басым бөлігінде, еліміздің батысында, қиыр солтүстігінде, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы, тау бөктерлі аудандарында нормадан аз болмақ", - делінген хабарламада.

Мамырда болса, республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық, Қызылорда, Түркістан, Қостанай облыстарының басым бөлігінде, Қарағанды облысының батыс жартысында, Жамбыл облысының солтүстік-батыс жартысында, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында нормадан аз болады деп болжанады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале