29.12.2022, 9:30
Оқылды: 72

Көлік бар, жүргізуші жоқ

Орал қаласында жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктерге 112 жүргізуші жетіспейді. Автобус тізгіндейтіндердің тапшылығын күнделікті жолаушылар да сезініп жүр. Себебі бұл күнделікті маршруттардың жұмысына кері әсер етуде. Жолаушылар көліктерді аялдамаларда 15-30 минут бойы күтеді, лық толы автобустарға мініп-түсудің өзі мұң. Бұл туралы, әсіресе, әлеуметтік желілерде жиі айтылып та, жазылып та келеді.    

IMG-20221229-WA0000

- Қазір қаладағы жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік компанияларында білікті кадрлар, атап айтқанда, «D» санатындағы көлікті басқару құқығы бар жүргізушілер жетіспейді. Аталмыш санаттағы көлікті жүргізу куәлігін алу үшін ережеге өзгеріс енгізілді. Енді «D» санатындағы көлікті бес жылдан астам уақыт жүргізуші болған, жиырма бес жасқа толған азаматтар жүргізе алады. Сондай-ақ олардың «D1» санатындағы (8-16 орындық көлік құралы) көлікті үш жылдан астам уақыт бойы жүргізген еңбек өтілі болуы керек. Міне, осы өзгерістер «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алуды қиындата түсті. Қазір қаладағы қоғамдық көліктерге 112 жүргізуші қажет. Коронавирус індеті белең алған кезде бұл салада да шектеулер енгізілді. Сол кезде жолаушылар ағыны күрт төмендеді.

Жеке автобусы бар азаматтар жолаушылар тасымалынан пайда таппаған соң, көліктерін сатып жіберді. Ал жүргізушілер вахталық әдіспен жұмыс істеуге кетті. Бұл да қаладағы қоғамдық көлік тасымалының қызметіне теріс әсер етті. Алайда тасымалдаушы кәсіпорындардың басшылары жүргізушілерді әлеуметтік желілер, жарнамалық агенттіктер арқылы жұмысқа шақыруда. Жалақының 250-300 мың теңге екенін, атқарған жұмыс сағаттарына сәйкес қосымша ақы төленетінін де айтып жүр, – деді Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев.

Өткен жазда Орал қаласында қоғамдық көліктерге дифференцияланған тариф енгізілді. Бөлім басшысына «Жаңа тариф жолаушы тасымалы қызмет сапасының төмендеуіне себеп болмады ма?» деген сауал қойдық.  «Жүргізушілер мен кондукторлар алғашында қоғамдық көліктерге электронды төлем жүйесінің енгізілуіне наразылық білдірді. Себебі күнделікті төлемақының біраз бөлігі жүргізушілер мен кондукторлардың қалталарына түсіп отырды. Ал бұл жолаушылар ағынының, яғни тасымалданған адамдардың санын нақтылауға мүмкіндік бермеді. Қазір қолмақол төлем үшін ғана тариф – 150 теңге. Бұл – жолаушылар арасында электронды төлемдердің тиімділігін арттыратын сараланған тариф. Еліміздің бірқатар қаласында осындай тариф енгізілді. Бұл – көлеңкелі экономиканы болдырмаудың жолы. Сондай-ақ бюджетке бұрынғыдан да көп қаражат түседі. Соның нәтижесінде жолаушылар тасымалын дамытып, жолаушы тасымалдаушыларға қалалық бюджеттен берілетін субсидияны азайтуға мүмкіндік береді» деп  жауап  берді Н.Дүйсенғалиев.

Бүгінде қоғамдық көліктердегі жолақы төлеуге арналған Avtobys және Kaspi QR қосымшалары бір QR-кодқа біріктірілді. Бұлай ету күнделікті төлемнің аутопарк кассасына уақтылы аударылып тұруы үшін қажет болған. Маманның айтуынша, Kaspi.kz қосымшасы бөлек болған кезде жолақы қаражаты аутопарк кассасына  апта сайын аударылып  отырыпты. Ал Avtobys қосымшасы арқылы төленген жолақы деректер базасына дәл төленген уақытта енгізіліп, қаражат та кассаға тікелей түскен.

Қалалық жолаушылар тасымалында 26 маршрут бойынша жүретін 250-ге жуық техника, саяжай бағытына 10 және қала маңына қатынайтын 6 маршрут бар. Қоғамдық көліктердің қозғалысаралықтары бекітілген кестеге сәйкес әртүрлі. Жүргізушілердің жеткіліксіздігінен маршруттардың қозғалысаралықтары ұлғайып ке-тіп жатыр. Жолаушылар, әсіресе, №2, 3, 6, 7, 12, 30Д, 35, 52 маршруттар аутобустарын ұзақ  күтеді.

«Ақжол – Авто» ЖШС-ның директоры Эльдар Вагаповтың айтуынша, аутопаркте техника жеткілікті. Бірақ 30 шақты жүргізуші жетіспейді. «Біз жақында жүргізушісіз қалатын шығармыз. Себебі «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алу тәртібі қиындады. Ол үшін жүргізушіде «D1» санаты болуы керек. «D1» санаты болса, «D» санатын жүргізу құқығын үш жылдан кейін алуға болады.

Сондықтан құзырлы мекемелер аталған көлік санатын алу тәртібіне қандай да бір өзгерістер енгізуі керек», – дейді ол.

Алдағы жылы автобус парктерін «ҚПО б.в.» компаниясы арқылы жаңарту мүмкіндіктері қарастырылуда екен.

Мәселен, Орал қаласында шығарылатын «FoxBus» маркілі орта класты аутобустарын сатып алу жоспарланған. Ал «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алуға өтініш білдірген жүргізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету мәселесі күн тәртібінде тұр.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале