126,5 млн тг — шілде қорытындысы бойынша айырбастау пункттерінің қолма-қол рубльді сатуы сатып алу көлемінен дәл осы сомаға асып түскен. Нетто-сатылым (сату көлемінен сатып алу көлемін шегергенде) үш ай қатарынан теріс мән көрсеткеннен кейін қайтадан оң көрсеткішке шықты. Салыстыра кетейік: бір ай бұрын бұл көрсеткіш -17,5 млрд теңге, ал бір жыл бұрын -53,2 млрд теңге болған.

Сурет: istockphoto.com
Соңғы уақытта қолма-қол рубльдің оң нетто-сатылымы сирек кездесетін құбылысқа айналды. Мысалы, 2026 жылдың ақпанына дейін бұл көрсеткіш 14 ай қатарынан нөлден төмен деңгейде болды. Ал нақты 2026 жылы теріс мәндер қаңтар, сәуір, мамыр және маусым айларында — жеті айдың төртеуінде байқалған. Сонымен қатар бұған дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда шілдедегі деңгейді төмен деп бағалауға болады: биылғы ақпан және наурыз айларындағы оң көрсеткіштер 1 млрд теңгеден асқан.
Айырбастау пункттері сатып алғаннан гөрі рубльді көбірек сатқан кезде, халық, керісінше, рубльді сатқаннан гөрі көбірек сатып алады. Сондықтан айырбастау пункттерінің нетто-сатылымының оң аймаққа өтуі халықтың қолма-қол рубль сатып алуға қызығушылығы қайта ояна бастағанын көрсетуі мүмкін (ал нетто-сатылым теріс болып тұрған кезде мұндай қызығушылық жоқ).
Шілдеде халықтың қолма-қол рубльге таза сұранысы оң мәнге ие болды. Бұл ұлттық валютаның Ресей рубліне қатысты нығаюы жалғасқан кезеңде орын алды — 1 шілдеден 1 тамызға дейін рубльдің ресми бағамы 3,3%-ға, 5,94 тг дейін төмендеді.
Ал басқа негізгі валюталарда жағдай қандай?
Шілдеде айырбастау пункттерінің қолма-қол доллар бойынша нетто-сатылымы 123 млрд тг құрады. Бұл бір ай бұрынғы және бір жыл бұрынғы көрсеткіштерден айтарлықтай ерекшеленбейді. Еуро бойынша шілдедегі нетто-сатылым көлемі 11,5 млрд тг тең болды, айдан айға -65%-ға және жылдан жылға +99%.
Дереккөз: DATA HUB