17.10.2018, 11:02
Оқылды: 142

«Көңіл архивінде өлең қалдырған»

Осындай тақырыппен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, қарымды журналист, университет түлегі  Ғайсағали Сейтақтың 60 жылдық мерейтойына арналған таным мен тағылымға толы жыр кеші өтті.

фото Рафхата Халелова (70)

 

Қара шаңырақтың үзілмейтін дәстүрі ол өз түлектерімен байланысын ешқашан үзбейтіндігі. Университет ректоры Серғалиев Нұрлан Хабиболлаұлы кездесу алдында ақынға үлкен құрмет көрсетіп,  мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жауып, Махамбет университетінің мақтанышына айналған Ғайсағали Сейтақтай елдің азамат-тұлғалары университеттің мерейі мен мақтанышы екендігін жеткізді.

Жыр кешінде алғаш боп сөз алған «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,                   М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры, ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерейқызы ақын інісінің шығармашылығына тереңнен үңіліп, ұлттық бояуы қанық, мазмұны терең өлең жолдарына зерделі талдау жасап, көркемдік құпиясын ашқандай.

         «Шам тұрады жыр шақырып іргеде,

         Шамырқансам, берем ерік тілге де.

         Шабыт отын сөндірмеуім керек қой,

         Шындық болса шыр еткенім шілдеде» деп жырлаған Ғайсағали Самиғоллаұлы дүниеге келген Нарын жерінде найзасын намысқа қайраған батырлар, қабырғалы билер, қасиетті хандар мен ақындар да дүниеге келген. Ғайсағали Сейтақ өлеңдеріне үңілсек, бүлкілдеген әр тамырынан жан дүниесімен ұлтын сүйетін ақынды байқайтынымыз анық.

фото Рафхата Халелова (194)

1978 жылдан басталған шығармашылық жол «Маңдай», «Аман бол, Атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Айарудың алқасы» және жақында тұсауы кесілген «Қасиет қонған қара жер» жинақ кітаптарымен толыққан ақын шығармашылығы қазіргі таңда ғылыми айналымға еніп, түрлі монографиялар мен зерттеу жұмыстарының нысанына айналуда. «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс магистранты Амангелді Гүлжанат өз баяндамасында ақын шығармашылығына ғылыми негізде талдау жасап, ақын өлеңдеріндегі тарихи тұлға бейнесіне кеңінен тоқталды.

Кеш барысында сөз алғандар ақын шығармашылығына тоқталумен шектелмей, Ғайсағали Самиғоллаұлының өңір журналистикасына сіңірген еңбегін де бағамдап өтті. Кеш қонағы, тарих ғылымдарының кандидаты, Жақсығалиев Жаңабек Жанабайұлы ақынның көп қырлы талант иесі екендігін атап өтіп, ақын шығармаларындағы «тек пен тамыр» феномені жайында әдемі сөз қозғады.

«Уа, қонағым!

Естимісің бір үнді,

Сен ұғарсың, мүмкін, менің ділімді,

Көремісің кеңдігімді көсілген.

Сеземісің кеудемдегі дірілді?!» деп жырлаған ақынның

үнін де, ділін де ұға білген ақынның ұстазы болған Жолдықайырова Мерует Жолдықайырқызы да студентіне деген ерекше тілегін жеткізсе, студенттік кезеңнің естен кетпес, албырт көңілдің, сергелдең сезімнің ұмытылмас кезеңінде бірге оқыған, жастық жылдарының куәсі болған, студенттік досы, бүгінде ардагер ұстаз Таубаев Қуаныш Таубайұлы кешке арнайы келіп, ерекше естеліктерімен бөлісті. Дәстүрлі әнші Фархат Оразов орындаған «Нарын» әні кештің шырайын ашқандай.

Ақынның тарихи тақырыпқа жазылған, ұлттық рухтағы өлеңдерімен қоса, сыршыл да сезімге толы нәзік жырларын стденттеріміз ақын жанының ішкі иірімдеріне бойлағандай әсерде тебірене оқыды.

Ақын жаны нәзік келеді. Өмір мен өлең аражігінде өз шығармашылығын шыңдау, өмірім өлеңім деп өмір сүру ұрпақтан ұрпаққа талантпен жалғасатын киелі қасиет болса, ақынның өзі білім алған қара шаңырақта ізбасар ақын шәкірттері Қалижан Еркеназ бен Аманжолов Әнуар ақынға арнау өлеңдерін оқып, тыңдарман қауымды бір серпілткендей болды. Ақын өмірі мен шығармашылығы бағытында студенттердің көкейінде жүрген сауалдар да жауапсыз қалмай, әдемі, әсерлі әңгімеге жалғасты. Білім ордасындағы жыр кешінің шымылдығы жас әнші Наргиза Сүлейменованың орындауындағы ақын ағамыздың сөзі мен Қуандық Мәдірдің әніне жазылған «Жаңбырдан соң» әнімен жабылды.

Ақын – жүрегінде сәуле тұнған адам. Бір кеудеде азап пен ғажап сезімдерді тоғыстырған жан. Осындай қасиеттерді сөнбес жарық қылып, сезім теңізінен жыр ағытқан ақын сахна төрінде жырдан шашу шашып, өлеңдерін оқыды. Жыр әлемінде өз орны бар, Ақжайық өңірінің дара тұлғасы, Махамбет университетінің түлегі, біздің мақтанышымыз, ақын Ғайсағали Сейтақ ағамызға арналған тағылымды кеш жыр сүйер қауымның «көңіл архивінде өлең қалдырған» әсерімен  есте қалары айқын.

                                                 Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастырылған профессоры

zhaikpress.kz

фото Рафхата Халелова (57) фото Рафхата Халелова (209)

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале