28.10.2020, 10:26
Оқылды: 739

Көңілдің төріндегі кемел ұстаз келбеті

Үлкен жауапкершілік жүкті абыроймен атқару да – арлы іс. Алдымен ұстаз, ғалым бола білген, онымен басшылықты да қатар тізгіндеген азамат ағаларымыздың келбеті, жақсылық шарапаты, ұстаздық ізгі ниеті қашанда көңіл төрінде орын алары сөзсіз. Сол ізгі жандардың бірі, әдебиетші ғалым, өнегелі ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Қабиұлының мерейлі 70 жылдығы қарсаңында ізгілік ниетпен жақсы сөз арнауды шәкірттік парыз санаймын.

20201028_102436

Ұстаздық та, ғалымдық та, азаматтық та, басшылық та – ардың ісі. Ол да бір жарық сәуледей бір өзіне қаншама бақыт, қуаныш, үміт, арман, ізгілік құндақтайды. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола білген ардақты адамды халқымыз асыл азаматқа бағалаған. Осындай сыйлы ұстаздарымыздың бірі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Бисенғали Зинол-Ғабден ағамыз.
«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп шығыс ғұламасы әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс.
Зинол-Ғабден Қабиұлымен таныстығыма 15 жылдан астам уақыт (2005 жылдан) болды. Оған дейін ғалым-ұстаздың еңбектерімен таныс едік. Осы уақыт аралығында байқағаным, оның жемісті жылдарының жеңісі мен жетістігі шәкірт тәрбиелеудегі еңбегімен аңғарылады. Өзім білім алған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аспирантурасына түскен кезім. Ұстазым, рухани әкем бола білген Серік Мақпырұлы тақырып таңдауға қатысты тапсырма берген болатын. Ұлттық кітапханада біраз отырып, түстен кейін әл-Фараби атындағы университетке келдім. Ұстазымның кеңесімен осындағы ғалым-ұстаздарды көріп, танысу мақсатымен кафедраға кірдім. Ағайымыз бастаған кафедрадағы ғалым аға-апалармен емен жарқын кездесіп, олардың жетекшілігімен орындалып жатқан тақырыптарымен танысып, қорғағалы жатқан шәкірттерімен де ой бөліскен жарқын сәттердің куәсі болдым.
Балалық оймен бе сол кездегі, ағайдың талапшылдығынан бөлек, қатаң адамдай көрінді маған. Өз ағайым да өте талапшыл жандардың қатарынан, оған үйренгенмін. Жоспар құрып, зерттеу жұмысымды тез жазып бітіруге кірістім. Аспирантура үш жыл екен деп, соза берудің қажеті жоқ екенін нықтап түсініп, жоспарлағандай уақытта жұмысымды аяқтап, кафедрада талқылаудан өттім. Сәл кейін ғалым ұстаздарымның ұсыныс-кеңестерімен жұмыстанып, толық аяқтап, қорғауға дайын жүрген кез. Осы уақытта Абай атындағы ҚазҰПУ-дегі қазақ әдебиеті бойынша қорғататын диссертациялық кеңес уақытша жабылған болатын. Ұстазым Серік ағайымның кеңесімен, күтіп уақытты өткізбей, сол кезеңде әлі де жұмыс жасап жатқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың диссертациялық кеңесіне құжаттарымды тапсырдым. Арнайы емтихан қайта тапсырып, кафедраға жұмысымды әкелдім. Бірнеше данасын шығарып, кафедра меңгерушісіне ұсындым. Аспирантураға алғаш түскен жылы арнайы келіп танысқан Зинол-Ғабден ағамызбен қайта көріскен күн болды. Ағайдың алдына келгенде, сол алғаш көрген кездегі қатаңдау үнін тағы естідім. Жұмысымды өзі қарап шығып, оқитын ғалымдарға бөліп, кафедрада бекіткен талқылау күнін айтты да, қысқа қайырды. Төрт жыл бойы білім алып, аспирантурамен жалғасқан оқуда көз алдында жүрген ұстаздардың қасында болу мен өзің танып үлгермеген, өзіңді де әлі біле қоймаған ғалым ұстаздардың ортасында болу бірдей бола бермейтінін түсіндім. Серік ағайымдай бәрі бірдей мейірімді бола бермейтіндей көрініп қайттым. Қорқыныш сезімі де пайда болды. Кафедрадағы талқылау күні кеп, жетекшім екеуміз ҚазҰУ-ге келдік. Бұл күн бұрынғы күндерден өзгерек болды... Жұмысымды қысқа да нұсқа баяндап, тұжырымдарымды айтып сөйлеуге уақыт берді. Зинол-Ғабден ағамыз сол байыпты үнмен жұмысты оқыған ғалымдарға сөз беріп, пікір айтуларын сұрады. «С. Мұқанов романдарындағы диалог қолданысы» деген тақырыппен танысып, «осы жұмыстың авторы сен екен ғой» деп мені ерекше қуантқан, жоғары бағасын берген, сол күннен бастап шәкірті болу құрметіне ие қылған, есімі алтын әріппен жазылар ғалым-ұстаз, нағыз академик ғалым Тұрсынбек Кәкішевтей ұстазға жақын қылған бұл күнді ешқашан ұмытқан емеспін. Тұрсынбек Кәкішұлы бастаған кафедраның ғалым ұстаздарына деген қашанда құрметім бөлек. Қорқыныш сезімі сейілгенмен, ғылым майданында бәрі оңайлықпен келмейтінін, еңбекпен тер төкпесең, табандылық танытпасаң, нәтижеге қол жетпейтіні айдан анық.
Талқылау өткен кафедра мәжілісінің хаттамасын алып, қол қойдыруға Зинол-Ғабден Қабиұлының алдына тағы келдім. Арнайы семинардан өтіп, ағайдың тапсырмасымен бір топқа сабаққа кірдім. Жоспар бойынша санаулы сағат. Өзім қызығып, тыңғылықты дайындықпен бірнеше сабаққа кірдім. ҚазҰУ-дың филология бөліміндегі студенттерге еркін сабақ беру аспирант үшін бұл да бір тәжірибе болды. Кейін түсіндім, Зинол-Ғабден ағайымыз ең мықты топқа жіберіп, әрі бір ғана емес, әр түрлі сабақтан дәріс өткіздіріп, дәріс соңында студенттердің сан түрлі сұрақтарына жауап бергізіп, тағы бір тәжірибе мектебінен өтуіме себепші болған екен. Сол кезде, мен ағайды әлі де қатаң образымен танып жүрдім.
2009 жылдың шілде айының екісіне қорғау күні белгіленді. Зинол-Ғабден ағай диссертациялық кеңестің хатшысы. Диссертациялық жұмысым мен құжаттарымды уақытында өткізіп, қорғауға келдік. Ағай сол байыпты үнмен «ертең де мықты бол» деп қысқа қайырды. Екі-үш сағатта нүктесі қойылып, межеге бір табан жақындатқан, өзім білім алған Абай атындағы университеттен еркелеп келген жасты ғылым жолындағы майданда тағы бір шынықтырып, жұлдыз ғып шығарған сол күн мен үшін ерекше естелік қана емес, тарихи сәттердің бірі боп қалары сөзсіз.
Шәкірт тәрбиелеп, ғылым кандидаттарын дайындап шығарған Зинол-Ғабден ұстазымызды «қатаң ағай» деп қана біліп қоймай, әріптестік ортада өзіндік таным мен терең білім, талапшылдық, ізгілік қасиеттерімен ерекшеленген тұлға ретінде айқын таныдым.
2011 жылы араға екі жыл салып, Алматыға жол түсті. Студенттерге жетекшілік жасап, олимпиадаға бардық. Бұл сапарда уақыт тауып, ағаймен жүздесудің сәті түсті. Емен-жарқын әңгімелесіп, қазақ әдебиетіндегі жаңа тақырыптар аясында сұхбаттастық. «Сен мықтысың ғой, тек жазуыңды тоқтатпа» деген тілегін естігенде бала көңілмен қатты қуандым. Осы сапарда ағай маған өз қолтаңбасымен екі кітабын сыйға тартты. «Сенің үлкен оқымысты болуыңа тілектеспін!» деген тілекпен «Қазақ прозасы (ХХ ғасыр басы: жаңа роман жолында)» атты монографиясы мен «Қазақ филологиясы: егіз негіз» деген атпан жарық көрген қос автордың еңбегін «шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр, сұлу өмір тілейміз» деген әдемі тілек қолтаңбасымен алып қайтқан едім.
Жұмысқа алғаш келген уақытта жас мамансың, барлық сабақты беріп шығасың талғамай. «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» деген пәнінен дәріс жүргізем. Сол кезде ағайдың «Қазақ прозасы» еңбегі нағыз көмекшім болды. ХХ ғасыр басындағы қоғамдық өмір: мәдениет пен әдебиет және қазақ романдарының басты сипаттамасы, қазақ романының бейнелеу ұстанымдары, көркемдік әдіс тәсілдері, қазақ қаламгерлерінің тақырыптық, көркемдік-идеялық ізденістерін қамтыған зерттеу еңбегі қазақ прозасының қалыптасу, даму тарихына арналады. Қазақ әдебиеті тарихындағы аса маңызды әрі қиын мәселелерді қозғайтын күрделі тақырыпты зерттеп, зерделеген автор жаңа қазақ прозасының даму тарихына әсер еткен көркемдік заңдылықтар мен қоғамдық эстетикалық құбылыстарға шолу жасай отырып, әдеби үдеріске белгілі дәрежеде әсер етіп, жаңа проза дәстүрін қалыптастыруға негіз болған мәнді, іргелі шығармаларға жан-жақты талдау жасай келе, көркем прозамыздың даму заңдылықтарын көрсеткен құнды зерттеулер қатарынан табылары айқын. Ғалым-ұстаз «ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы», «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы», «Казахский роман начала ХХ века», «Қазақ романы», «1940-60 жылдардағы қазақ әдебиеті» және т.б. монографиялар мен оқу құралдарының да авторы.
«Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Кісілік пен кішілік қасиетінің қатар жүретіні заңды. Зинол-Ғабден Бисенғалиев кісілік келбетін келістіріп, кішілікті де танытып келе жатқан ардақты ағалардың бірі бола білді. 2015 жылы монографиям түрік тілінде Түркия елінің астанасы Анкарадан басылып шығып, кітаптың тұсаукесері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түрксой кафедрасының ұйымдастыруымен Алматыда өткен болатын. Шетелдік және отандық ғалымдар, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен шарада ұстазым Зинол-Ғабден ағамыз да табылды. Ағайымыз кітабымның лентасын қиып, монография жөнінде пікірін айтып, «келесі кітабың ағылшын тілінде шығып, қазақ әдебиетінің әлемге танылуына үлес қосар шәкіртіміз бол» деген ұстаздық ақ тілегін де жеткізіп, тағы бір қуантқан еді.
Е. Букетов: «Парасаттылық, шарапаттылық, кеңдік, адалдық ғылымда қызмет істеген әрбір адамға лайық, халқымыздың мәпелеп, бетке ұстары – ғылым адамдары» десе, Зинол-Ғабден Қабиұлының бойынан осы ғылым адамына лайық абзал қасиеттердің барлығы табылары сөзсіз.
Өнегелі отбасы институты деген ұғым бар болса, ол Зинол-Ғабден ағай мен Жамал апайдың отбасы екендігі Жайық жұртына ғана емес, көпке мәлім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық мақалы да осының дәлеліндей. Зинол-Ғабден ағайымыз бен жолдасы Жамал апайымыздың жарасымды жұп бола білген жұбайлық өмірі біз үшін үлкен өнеге мектебіндей. Жамал апайымыздың дархан кеңдігі мен аппақ көңілі ағайдың шаңырағынан шыққан сәтте де сол жылылықты сездіріп тұратындай.
Әр адамның басты парызы еліне, ұлтына қызмет ету болса, Зинол-Ғабден Қабиұлындай өзі қызмет етіп келе жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филолог студенттері мен ғалым шәкірттеріне әдебиет дегеннің ардың ісі екендігін ұғындыру міндетін биік тұғырда орындап келе жатқан кемел ұстаздың келбеті, ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы мен үшін де әрқашан биік тұғырда тұрады.

Рита Сұлтанғалиева,
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале