14.11.2022, 9:45
Оқылды: 52

Қоныстойларын күтіп отыр

Биыл сәуір айында ауа температурасы көтеріліп, қар күрт еріген кезде Қаратөбе және Жәнібек аудандарындағы екі ауылда тұрғын үйлерді су басты. Сол үйлердің орнына салынатын баспаналардың құрылысы қараша айында толық аяқталады. 

4

Бұл туралы брифингте облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев баяндады. Екі ауылда үйлерді салуға «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорынан қаражат бөлінді. Соған сәйкес Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылындағы 7 үйдің құрылысы үшін 195,2 млн теңге жұмсалды. Оның үшеуі 2 пәтерлі және біреуі 1 пәтерлі баспаналар. Ал Қаратөбе ауданының Шалғын ауылындағы 23 үйдің құрылысының құны – 590,3 млн теңге.

– Мердігерлер мамыр-маусым айларында өздерінің қаражаты есебінен құрылыс-монтаждау жұмысын бастады. Алайда тапсырыс беруші басқарма мен мердігер арасындағы келісімшарт тек қыркүйек айында жасалды. Сол кезде мердігерлерге алғашқы төлем аударылды. Қаржыландыру ұзақ уақытқа созылса да, мердігер­лер құрылысты тоқтатқан жоқ, – деді Нұркен Едігеұлы.

Оның айтуынша, Шалғын ауылындағы 23 үйдің 17-сінің құрылысы аяқталған. Екі отбасы бүгін-ертең жаңа қонысқа орналасады. 15 үйдің иесі келесі аптада қоныстанады. Ал 6 үйдің құрылысы осы айдың соңында бітеді. Жақсыбай ауылындағы 7 үйдің дайындығы – 80 пайыз. Мұндағы құрылыс ауа райының қолайсыздығына байланысты кешеуілдеді. Жәнібек ауданының орталығынан Жақсыбай ауылына дейінгі 100 шақырымдай жолдың сапасы нашар. Қар аралас жаңбыр жауып, жол ми батпақ болғандықтан, құрылыс материалдарын таситын техника ауылға бара алмай қалыпты. Құрылыс заттарын жол талғамайтын көліктермен жеткізді. Бұл жеті үй қараша айының аяғында пайдалануға беріледі. Қос ауылдағы жаңа баспаналарды тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы қабылдайды. Келісімшартқа отырған компаниялар екі жылға дейін кепілдік береді. Осы аралықта үйлерде қандай да бір ақау пайда болса, қайта жөндеуге міндетті.

Ясипа Рахимқызы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале