22.02.2024, 10:15
Оқылды: 19

Кооперативтерге жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлінеді

 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттырып, екі қолға бір күрек табуына қолдау көрсетуді көздейді. Былтыр еліміздің барлық аумағында іске қосылған жоба оң нәтижесін де көрсете бастады. Осы бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы бірлестіктері құрылып, кәсіпкерлік саласы ілгеріледі. Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті брифингте ауыл шаруашылығы мамандары жоғарыда аталған бағдарламаның барысы төңірегінде айтып берді.

Ақша JP

Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасына арналған қаржы қомақты. Былтыр облысқа ел бюджетінен 6,4 миллиард теңге бөлінген. Бұл сома ауыл шаруашылығы кооперациясын ынталандыруға, яғни қосымша шаруашылықтардан өнімдерді сатып алу, қайта өңдеу, ауыл өнімін сатуды ұйымдастыру жұмыстарына бағытталды. Одан бөлек былтыр облысымызда сүтті бағыттағы сиыр өсіруге, өсімдік және құс шаруашылығын дамытуға басымдық берілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өңдеу, қайта өңдеу бағыттарын дамытуға ден қойған шаруаларға да басымдық берілді. Ол туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аян Халауедин мәлімдеді.

Брифинг барысында жауапты мамандар облыста тіркелген 394 ауыл шаруашылығы кооперативінің 270-сі нақты жұмыс істеп тұрғанын айтты. Кооперативке біріккендердің нобайы мал шаруашылығын дамытуды көздейді.

Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған 270 кооперативтің 204-і етті, 43-і сүтті бағыттағы мал өсірумен, 11-і өсімдік, бесеуі сервистік қызмет көрсетуді қолға алған. Сондай-ақ үш бау-бақша, үш ара өсіру кооперативтері бар. Сонымен қатар су шаруашылығына маманданған бір бірлестік бар. Облыстық ауыл  шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін пайдалану арқылы кооперацияларды қайта жандандыруға  болатынын айтты.

Ауылдар мен моноқала тұрғындарына шағын несиелер беру арқылы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді көздейтін «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері мол. Кәсіп ашып, іс қылам деген азаматтарға 5-тен 7 жылға дейінгі мерзіммен микрокредит беріледі. Тұрғындарға жекелей берілетін несие мөлшері 9 миллион теңгеден асса, ауыл шаруашылығы кооперативін дамытам дегендерге 29 миллион теңгеге дейінгі қаражат беріледі.

Ол ақпаратты брифингке келген «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Ержан Досмақов айтып берді.

Биыл да «Ауыл аманаты» бағдарламасы жалғасады. Несиелеу аудан не ауылдық округ үшін әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары тізбесіне орай бағытталады.

Мұндағы мақсат – әр ауылдың өзін әлеуметтік тауарлармен қамтуына мүмкіндік беру. Ол істі оңтайлы жүзеге асыру үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерінің маңызы зор болады. Кооперативтерге жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөлінеді.

Түгелбай Кенжеғалиұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале