22.12.2022, 10:30
Оқылды: 66

Көргені көп, тағылымы мол жан еді

Соғыс және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Бисен Жұмағалиевтің туғанына – 100 жыл.

5

Бисақаң Орал облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып он жылдың үстінде қызмет істеді. 1970 жылы оны Көкшетау облысына осындай лауазымға ауыстырды. Бұл облыс республикадағы үшінші астықты өңірлердің бірі болатын. «Тың көтеру» кезінде мұнда көптеген басқа ұлт өкілі келді. Жергілікті халық облыс халқының 30 пайызын құрайтын. Әрине, мұндай жағдайда жергілікті халықтың, әсіресе қазақтың тілін, ділін, мәдениетін сақтап қалу өте күрделі мәселенің бірі болғаны анық. Оны Дінмұхамед Қонаев басқарған Қазақстан компартиясының орталық комитеті, Бәйкен Әшімов бастаған министрлер кеңесі, Саттар Имашев басқарған республиканың Жоғарғы кеңесі жақсы біліп, қазақ азаматтарын аудан, облыс көлеміндегі басшылық қызметтерге бағыттап, ұлттық дәстүрімізді сақтап қалуға күш салғаны белгілі. Кезінде мұндай жағдайға онша көп мән бере қойған жоқпыз, жай әншейін кадр алмастыру ғой деп ойладық. Шын мәнінде, бұл үлкен саясат екен, қазақ халқының болашағын ойлаған саясат екен!

1970 жылдың көктемі облыстық ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және оның сапасы жөніндегі жаңадан құрылған ин­спекцияға Есбол Абдушев­тің басшы болып келген кезі еді. Бірде ол мені шақырып:

«Нұрланжан, естідің бе, облысымыздың бел­гілі азаматы Бисен Жұмағалиевті Көкшетауға жолдап жатыр, қызметке бекітіліп келіпті. Көп жылдан бері сырлас, жақсы жолдас, арқасүйеріміз еді. Қазақтың дәстүріне сай жақсылап шығарып салу керек», – деді. Сөйтіп, әкемдей болған, қашанда сүйеу бола білген Есбол ағаның үйінде Бисақаңды қонақ етіп шығарып салып едік. Есбол Мамайұлы Бисақаңды өте жоғары бағалайтын, «Оның білмейтін саласы жоқ» деп айтатын. Көкшетауға көшкеннен кейін де ұдайы хабарласып, елдің жағдайын осы Есақаңнан біліп отыратын. Бисақаң Көкшетауда отыз жылға жуық тұрды. Жақсы адам қай жерде де жақсы ізін қалдырады ғой. Ол жақта да қимас дос, жолдас тапты, Көкшетаудың құрметті азаматы атанды. Демалысқа шыққаннан кейін де облыс деңгейіндегі көптеген қоғамдық жұмысқа белсене араласты. Соңғы жылдары туған өлкесіне келіп-кетіп жүргенінде, «Би-аға, елге қайтпайсыз ба?» дегенімізде, «Ол жер де қазақтың жері, кілең салсерілердің туып-өскен, ән салып жүрген жері» деп Ақан серінің, Мәдидің, Біржан салдың әндерін әуелетіп жіберетін. Қанша дегенмен туған жер – кіндігінің қаны тамған жер ғой, ағамыз 1998 жылдың күзінде елге оралды. 2001 жылдың басында үлкенді сыйлап, қадірлей білетін, кемел ойлы Қырымбек Көшербаев  оны өзінің бас кеңесшісі етіп қоғамдық негізде қызметке қабылдап, ағаға кабинет берді. Бас кеңесші деп отырғаным, ол кезде облыс әкімінің әр аудан бойынша да кеңесшісі болатын. Облыс әкімді-гіндегі Бисақаңның кабинеті бейне бір «штаб» сияқты, жиі-жиі келіп, әңгімелесіп, ақылдасып тұратынбыз. Бисақаңның келуі облыстың қоғам­дық өміріне де өз әсерін тигізді. Ол студенттермен кездесіп, жастардың елін қалай сүю керек екенін, патриотизмнің қалай қалыптасатынын өткен өмірінен мысал келтіре отырып айтып беретін. Оны осындай қызықты әңгімелеріне байланысты кездесуге жиі шақыратын. Бисақаң, әсіресе облыста құрылған Д. Қонаев қоғамдық қорының жұмысына белсене араласты. Дінмұхамед Қонаевты одан жақсы білетін адам болған жоқ. 1960-1985 жылдар аралығында обком хатшысы болған кезінде жиі араласқаны белгілі. Оны «Асқаралы алып тұлға», «Тау тұлғалы Димекең» атты мақалаларын оқығаннан-ақ аңғаруға болады. Бірде жоғары оқу орындарында студенттермен кездесу өткізгеннен кейін «Нұрлан, бұл істеп жатқан тіршілігіміз Димекеңді есте қалдыру бағытында, жаман емес, – деді Бисақаң. – Бірақ бұл жеткіліксіз. Қашанда кімнің кім екенін халық айтқан. Халық айтса, қалт айтпайды. Әрине, кемшіліксіз адам болмайды ғой. Дегенмен де ел басқарып, халқының риясыз көңілінде болған адамдар көп емес. Димекең Қазақстанды ұзақ жыл басқарды. 1955-1986 жылдар аралығындағы Қазақстанның жетістігі сол кісінің атымен тығыз байланысты. Ол кезде бұлай айтылмайтын, бірақ халық іштей түсінетін. Оны ешкім ешқашан жоққа шығара алмайды. Әзірге істелінген істен гөрі, істейтін іс көп. Тек кездесулермен, мақала жазумен ол кісіні есте қалдыра алмаймыз. Айтылған, естіген сөздер көп есте қала бермейді. Күнделікті еске түсіретін нәрселер: ескерткіш, көше-даңғыл, оқу орындарының атаулары, әсіресе музейдің алатын орны ерекше. Қалада Чапаевты көбі біледі, ал Қонаевты сұрасаң, көбі білмейді. Сондықтан ескерткіш қою мәселесін  қолға  алу  керек».

6

Өмірде көргені көп, түйгені мол Бисақаң Оралда Дінмұхамед Қонаевтың мүсінін орнатудың бастауында болып, оның нәтижелі аяқталуына үлкен көмегін тигізді. Димекеңнің қоладан кұйылған мүсінін көріп, ризашылық білдіргендердің қатарында Бисен Жұмағалиев, Қадыр Ғайсин, Мұхтар Әжіғұлов, Жайсаң Ақбай, Федор Скобычкин, Қалам Сүйіншәлиев, Бижан Иманғалиев, Хамза Сафин ағаларымыз бар еді. Сөйтіп, көзінің тірісінде халқының сүйіспеншілігіне ие болған қадірлі де қасиетті Димекеңнің мүсіні 2015 жылы қыркүйекте Орал қаласындағы Әбілқайыр хан даңғы­лының бойындағы саябаққа орнатылып, көне Оралымыздың көрнекті ескерткіштері қатарын толықтыра түсті. Бисақаңның біздің облыстағы айтуға тұрарлық еңбектерінің бірі – Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының ашылуына ұйытқы болуы. Республиканың батыс өңірінде аграрлық институт ашу мәселесі 1960 жылдан бері көтеріліп, қай қалада ашу туралы әртүрлі пікірталастар болған. Сол кездегі министрлер кеңесінің төрағасы Д. Қонаев Оралда ашу керек екенін дәлелдеп, тиісті шешімге қол қойған. Шешімді алғаннан кейін сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Ш. Қоспанов Бисақаңды шақырып алып, «Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының өркендеуіне, мәдениетінің гүлденуіне, жоғары білімді маман-интеллегенциясының қалыптасуына бұл жоғары оқу орны өте қажет. Оны іске асыру үшін облыстық комиссия құрылады, комиссияны өзің басқарған жөн болар деп отырмын», – деген болатын. Бисақаң бертін келе еске алғандай, ол кезде қалада ин­ститут ашу үшін қажет база жоқ еді. Оралдағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын Бөрлі ауылына көшіріп, соның орнына ауыл шаруашылығы институты ашылып, жұмысын бастады. 1964 жылдан бастап оқу орнына арнайы жер бөлініп, институт қалашығы салына бастады, ол артынан республикадағы жаңа типтік жобада салынған алдыңғы қатарлы оқу орындарының біріне айналды.  Әр кездесу, отырыс кезінде Бисен ағаның тағылымды әңгімелеріне куә болатынбыз. Ешқашан ешкімге жел болып тимейтін, ренжуді білмейтін, ақжарқын көңілмен айтатын әңгімелерінің өзінде үлкен тәрбиелік мәні болатын. Әзілдеп айтқан өлең-жырларының ұнағандарын қайта-қайта айтып, кабинетінен күліп шығатынбыз, Ұмытып калсақ, келесіде «Қайталаңызшы» деп сұрайтынбыз. Бисақаң 80 жасқа келгенде:

«Сүйенбеймін таяққа,

Сүйенемін аяққа.

Сексеніңе келдім ғой,

Тоқсаның енді қай жақта?», – деп әзілдеп еді.

Қадірлі ағамыздың 80 жасы облыс көлемінде тойланды,  республикалық, облыстық, аудандық газеттер тағылымдық-тәрбиелік мақалалар жариялады. Телеарналар да хабарламаларын жасады, облыстық мәдениет басқармасы үлкен концерт дайындады. 90 жылдығын тойлағаннан кейін сәлемдесуге барып, «Аға, 80-ге келгенде «90-ың енді қай жақта?» деп айтқан едіңіз. Бұған да жеттіңіз, енді қандай бағыт болмақ?» деп әзілдеп едім, ағамыз кішкене ойланып отырды да:

«Өмір деген  қымбат қой,

Жаның оны қалайды.

Алладан қуат боп жатса,

Көрерміз әлі талайды», – деп өмірдің қымбаттығын, жарық күннен күдер үзбеу керек екенін ескерткендей болды. Одан кейін ағамыз үш жылға жуық өмір сүрді. Сол баяғы әзіл әңгімесін, өлең-жырларын қосып айтып (ең соңғы әнін 8 наурызда айтты), емін-еркін, ақжарқын көңілмен ортамыздан кетті.

2015 жылғы 30 шілде, түс кезі болатын. Бисақаң ауруханада жатыр дегенді естіп, көңілін сұрауға бардым. Ағамыз кісіні танымайтын жағдайда екен. Екі қолын уқалап, маңдайынан сипап едім, ешқандай белгі берген жоқ. Сол күні кешке халқына қадірлі болған Бисен аға да бұл өмірмен қоштасып кете барды...

Бисақаң қолынан келгенше халқына, еліне қалтқысыз еңбек етті. Көргенбілгенін, өмірден түйгенін келер ұрпаққа ұлағат болатындай етіп жазып кетті.

Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындай қадірлі тұлға, ардақты ағаның жарқын бейнесі әрдайым  біздің  жадымызда.

 

Нұрлан Изтелеуов,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале