22.02.2021, 13:24
Оқылды: 303

Көрісу кезінде карантин талабы сақталуы керек

Қазақ халқы жыл сайын асыға күтетін Ұлыстың ұлы тойына тура бір ай уақыт бар. Еліміздің батыс аймағы наурыз айының белортасынан басталатын көрісу салтына айрықша ден қояды. Бірақ биылғы қауышу өзгеше болатын шығар. Себебі құзіретті мекемелер санитарлық талаптарды сақтауды ұсынып жатыр екен. Селекторлық режим арқылы өткен жиында облыс әкімі Ғали Есқалиевқа Наурыз айында ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын таныстырған мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов министрлік тарапынан пандемияға байланысты нақты нұсқау күтіп отырғандығын баса айтты.

 тот3

Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, Алғыс айту күніне арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес 25 ақпанда өтетін «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының флешмобы «Алғысым шексіз ұстазым!» челленджі мен «Ақ халатты абзал жандар» шарасымен жалғасады. 1 наурыз күні этнос өкілдері Мұнайшылар алаңында «Қазақ халқына мың алғыс» іс-шарасына қатысады. Достық үйінде қайырымдылық жобаларына өз үлесін қосқан өңір меценаттарының басын қосу жоспарланды. ҰОС мен тыл ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық» жастар акциясы мен «30 игі іс» республикалық акциясы аясында «Мейірімділік керуені» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады.

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония, жастар шығармашылық орталығы және облыстық камералық оркестрі облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасы ұжымымен бірлесіп концерт өткізеді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мәдениет мекемелерінде мерекелік шаралар өтеді. «30 игі іс» республикалық акциясы аясында облыс бойынша көпбалалы аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлеріне мерекелік азық-түлік себеттері табысталады.

– 14 наурыз – «Көрісу айт» мерекесіне орай әр мекемеде, оқу орындарында ұлттық нақыштағы киімдер киіп, санитарлық талаптарды сақтай отырып, іс-шараларды өткізуді ұсынамыз. Мәдениет және спорт министрлігі 14-23 наурыз күндері аралығында «Наурыз шуағы» мейрамын тойлауға арналған тұжырымдама дайындады. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиналыста бұл құжат қайта өнделуге жіберілді. Сол құжатқа сәйкес басқарма тарапынан дайындалған Наурыз мерекесінің іс-шаралар жоспарында өзгерістер болуы мүмкін. 21 наурыз күні облыс бойынша жалпыхалықтық сенбілік өткізуді ұсынамыз, - деді Сайран Дүйсенов.

 

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале